"Микрофонмен ойнама!"
Осыдан бір апта бұрын жас әнші Әлімжан Кеңес "Менің өмірім" бағдарламасында қазіргі эстраданың жай-күйін жыларман боп айтқан болатын. Сонда өзі қатарлас жас әншілердің үлкен концерттер мен бағдарламаларға шыға алмай жүргенін, Мейрамбек Беспаев, Саят Медеуов, Сәкен Майғазиев, Нұрболат Абдуллин, т.б. алдыңғы толқын ағаларының қолдау көрсетпейтінін, қазақ эстрадасында тың жаңалық болуы үшін өзі сияқты жастарға орын берсін деген пікірін білдіріп еді.
Жас әншінің бұл назына өнердегі өзі атаған ағалары үн қатты. Бірінші болып белгілі әнші Саят Медеуов: "Бізде екі-ақ микрафон қалған ба не? Өткенде концерттен кейін қалдырып кетіп едім ғой. Мейрамбек Беспаев екеуін де алып кетпесе" деп астарлы әзілмен жауабын берді.
Ал Мейрамбек Беспаев болса: "Айттым саған "Бере салайық" деп", - деді әріптесінің сөзін қолпаштай.
Тағы бір танымал эстрада әншісі Досымжан Таңатаров та Саят Медеуовтің сөзін құптай кетті.
"Сәкеңмен ойнамасын, бір-ақ ауыз сөзбен жерге кіргізіп, не көкке ұшырап жібереді ғой", - деді ол.
Сонымен қатар өнердегі апалары Жанар Айжанова "Саят, айттым мен саған микрофонмен ойнама деп" деп тілімен орағытты.
Оңал Азаматова атты қордайлық әнші: "Қазақтың жері де, сахнасы да кең ғой. Жастар қай жерге барып айтамын десе де. Қартайғанша сахнадан түспеңдер" деп жазды.
Ғани мен Бота дуэтіндегі Бота Бейсенова да үнсіз қалмапты.
"Жастар онсыз да қаптап жүр. Айта алатыны бар, екі нота қоса алмайтыны бар. Кім шектеу қойыпты!? Керісінше көркемдік кеңес жоқ, уім көрінген киелі сахнаға шығып кетті! Туды қорлап, ішіп, шегіп, боғауыз айтып!" деп тікесін айтты.