Нұрлан Әлімжан жақында депутаттық қызметке тағайындалған болатын.
фото: Н.Әлімжанның желідегі парақшасынан
Тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлының рөлін сомдаған белгілі актер, әнші Нұрлан Әлімжан жақында ғана мәжіліс депутаты атанған болатын. Жаңа қызметіне сәйкес актер, Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-кеңесіне қатысқан болатын. Кеңес отырысында елімізге шала қазақшасымен танымал болған ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарағұсовамен суретке түсіп, парақшасына қалдырған жазбасы үшін көпшілік Нұрлан Әлімжанды сынға алған.
"Ал менің қасымдағы ханымды таныған боларсыздар. Халықтың көзайымына айналған білікті де білімді, өз ісінің шебері ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Гүлжан Жанпейісқызы Қарағұсова әріптесіммен қазақтың қара сөзінен қамшы өріп отырған кезіміз" - деп жазған актер парақшасында.
"Қазақтың қара сөзінен, қамшы өре алмайды бұл кісі. Орыстың сөзінен әдемілеп өреді", "Бір депутат жақсы, екі депутат ол да-деп отырған сияқтысыздар...", "Шынымен қазақша сөйлесіп отырсыздар ма?", "Қамшыларың мықты болған шығар, апаң қазақтың қара сөзін орысша түсіндірді ме?", "Сол депутат ата-апаларымызға қазақша білмейтін босқа жүрмей қазақша үйрете жүріңіз енді, нәтижесін көрсін халық!", "Халықтың көзайымы дейсіз бе? Сіз жақсы, қасыңыздағы өкінішке орай..." десіп жарыса жазады оқырмандары.
Арасында депутат әрі актерды жаңа қызметімен құттықтап, биіктен көрінуіне тілек білдірген оқырмандар да жетерлік.