«Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасы менің бағым болды»
Кезінде «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасын жүргізіп, көрерменнің көзайымына айналған жүргізуші Ескендір Сергебаев араға бірнеше жыл салып «Уақыт көрсетеді» бағдарламасына сұхбат берді. Ол тележүргізушіліктен кейін Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары боп еңбек еткен.
«Миллион кімге бұйырады?» - менің бағым. Бағы жанған деп сол жұмыстан байып, көтеріліп кеткен жерді айтады. Ал менің мемлекеттік қызметтен байымадым. Қапшағайда әкімнің орынбасары боп, ары қарай өрлеп, Астанаға ауыспадым.
Жалпы, мемлекеттік қызмет адамның сағын сындырады екен. Айналаңдағы адамдардың саған деген қарым-қатынасы мүлдем өзгеріп кетеді, алдау, өтірік мақтау көбейеді. Содан мінезің өзгеріп кетеді. Араласатын ортаң өзгерсе, мінезің де құбылады екен. Сол мінезімнің өзгергенінен шығар, әйелім екеуміз ажырастық. Қызым 17-ге келді, ұлым 14-те, әйелім сол күйі тұрмысқа шықпады. Өзім де үйленбедім. Қайта қосылу ойда жоқ, екеуміз ге де осы жүрісіміз ыңғайлы сияқты.Омар Хайям «Не болса соны жегенше, аш отырғаның дұрыс, кім болса сонымен жүргенше, жалғыз қалғаның артық» деп айтқан ғой. Кім болса сонымен отау құра салатын ниет жоқ» деді бұрынғы тележүргізуші.
Ол сондай-ақ, кезінде «Музарт» тобының әншілерімен, Мұқасан Шахзадаевпен, Нұрлан және Мұратпен жақын дос болғанын жасырмады.
«Адамда әртүрлі дос болады. Менің қарапайым және крутой достарым бар. Қарапайымдары достыққа берік боп шықты. Бір нанын бөліп беруге дайын тұрады олар. Ал крутой достарым үш нанынан бір тістетуге қиналады. Қазір оларға менің сәлемім түзу, мен тараптан ештеңе өзгерген жоқ. Ал енді олардың қарым-қатынасына ештеңе айта алмаймын» деді Ескендір Сергебаев.
Бұрынғы тележүргізуші Қапшағай қаласында әкімнің орынбасары боп тұрған тұста құмар ойындарына құмартқанын да айтып берген.
«Біраз казиноны тоздырдық. Қазір де барсақ есігінен кіргізеді. Соңғы рет бір ай бұрын барған шығармын. Ол жерге адамдар міндетті түрде ойнау үшін бармайды ғой, өтіп бара жатып шай ішуге, өткенді еске түсіруге соғасың. Бас-аяғы қанша ақша ұтылғанымды кім санапты?.. Мен сол казиноның қонақүйінде біраз уақыт тұрған адаммын. Себебі Қапшағайға қызметке барғанда тұратын үй болмады.
Бір жолы бір досым қасқырдың жатырын тауып әкеп берді. «Осыны қалтаңа салып алып барсаң, қолың жүреді» деді. Сосын оны бір емшіге апарып оқыттық. Қалтаға салып алып жүрдік. Бірақ байып кеткен түгіміз жоқ. Оның иісі жаман болады екен, біраз уақыттан кейін лақтырып жібердім» деді Ескендір Сергебаев.