"Халықты ақымақ етуге шықты" - Көлігін ұтысқа қойған Ерке Есмаханды көпшілік сынға алды

0
4 222

Өзінің қымбат көлігін лотореялық ұтысқа тігіп, елмен ойын ойнағаннан Ерке не ұтады? Көлігін ойындағыдай бағаға сата алмады ма, әлде шынымен қарапайым халықтың қымбат көлікке отырғанын қалады ма?


фото: ғаламтордағы ашық дереккөзден

Танымал әнші Ерке Есмахан өзінің Lexus570 автокөлігін бәйгеге тігіп, халық арасында лотерея ойнатамын деп шешіпті. Ол бұл туралы өзінің инстаграм парақшасында жариялады, деп жазады ERNUR.KZ тілшісі.

Бұған дейін де бірнеше рет аукцион арқылы көйлегін сатып, мұқтаж жандарға қол ұшын беріп жүрген әншінің бұл жолғы көздеген мақсаты да осы. Көлікті бір адамға сатып жібергеннен, көлік армандап жүрген немесе тұрмысы орташа, көпбалалы аналардың бірі мінсе екен дейді. Адал еңбегімен ақша жинап алған көлігінен еш жамандық көрмегенін айтып, керісінше бұл көлікке отырғалы оның өмірінде көп өзгерістер мен қуаныштардың болғанын жеткізді.

Ерке қыздың темір тұлпарын тізгіндегісі келген әр адам берілген арнайы есепшотқа 10 мың теңге салу қажет екен. Одан өзге сахналық көйлектер, Айнұр Асанбердінің ақша шақыратын әмияндары мен ақшалай сыйлықтар да ойнатылатын көрінеді.

Еркенің бұл жасап отырған әрекетін құптамайтындардың қарасы қалың. Жәй ғана халықты алдау, қалтасын қанау деп білетін көпшіліктің бірі "Әлі де ойланыңыз, Ерке ханым, бұл жасап отырғаныңыз заңсыз әрекет", "Әртістер де халықты алдауға шықты" десе, енді бірі "Мешіттегі имам ағаларыңмен ақылдасқаныңыз дұрыс еді, шариғатта мұндай ойындарға мұсылмандарға тиым салынған", деп қарсы екендіктерін білдіріп жатыр. Десе де, "Қуаныштымыз", "Ешкімнің сөзіне мән бермеңіз", деп қолдау білдіргендер де кездесті. Ал пікірлердің көбісі, лотерея бағасы мен қатысатын адам санын тізбектеп, Еркенің көліктің арқасында қалтасын қаншалықты қалыңдататынын есептеп жатыр.

Кім не десе о десін, алған бетімнен тайынбаймын деген эстраданың жарық жұлдызы жаңалықты көпшілікке жариялағаннан күннен бастап, көлікті нақты ақшасына сатып алушылар санының артқанын айтады. Тіпті, өз бағасынан көп ақы ұсынғандар да болған.

"Лотерея өткізу оңай шаруа емес екен. Алғашқы түннен аман-есен шықтық. Бұл бір "ғажайып" түн болды. Ниеті қисық, оңай олжа тапқысы келегндер парақшаны бұзып алуға әрекет жасап жатыр. Фэйк парақшалар да ашылған. Біраз адам, ұтыс жасамай-ақ қой одан да маған сат, машинаның бағасынан да қымбатырақ аламын дегендер көбейді. Жоқ дедім. Бұл көлікті менің оқырманым ұтып алу керек", деп жазды әнші.