"Шаңырағы шайқалғандар көбейіп барады": Психологтар желіде ақыл айтатындардың зардабы туралы дабыл қақты

0
1 671

Мимен жұмыс істеуді үйретіп жүрген ханымдардың көбінде психологиялық мамандықты бітірді деген дипломы да жоқ.


фотоколлаж ERNUR.KZ

ERNUR.KZ. «Өміріңді өзгерт», «Басқаша ойла», «Табысты болудың құпиясы», «Бұл тренингке қатыссаң сен ешқашан бұрынғыдай болмайсың». Қазір Қазақстанда дәл осылай ұрандатқан коучинг дәрістер көбейіп барады. Психология, менеджмент, философия ғылымдарының кейбір негіздеріне сүйенген мұндай дәрістер адамның жетістікке жету мүмкіндігін арттыруға, жол көрсетіп, жөн сілтеуге бағытталады. Былай қарасаңыз коучингпен кәсіби мамандар ғана айналысуы керек секілді. Ал шын мәнінде қалай?! Біздің қоғамды кімдер тәрбиелеп жүр? Бұл туралы 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасы хабарлайды.

Психологтар дабыл қағуда. Коучерлердің жүрегіңді тыңда дегеніне сеніп, шаңырағы шайқалып жатқандар, өзің сүйетін іспен қана айналыс дегенге иланып, жап-жақсы жұмыстан шығып кеткендер де жетерлік.

"Адамның жаратылысы әртүрлі. Егер сіздің психикаңыз сезімтал болып көрінсе және сіз кез-келген ақпаратты әсермен ққабылдасаңңыз, мұндай жағдайда жаппай жаттығудың зияны келуі мүмкін. Яғни тренингтерге бармас бұрын достарыңызбен, әріптестеріңізбен ақылдасып барып, он рет ойланған жөн. Басшылықтың қысымымен коучтерге барудың қажеті шамалы. Ондайлар да бар. Осындай жаттығулардан кейін бірнеше ай бойы қатысқандардың мазасыздық, депрессияға түскендер менің тәжірибемде болған", - дейді психотерапевт.

Коучинг психологияға жатпағанымен, әлеуметтік желіде миллиондаған армиясы бар танымал әйелдер дәл осы психологиямен байланысты кеңес бергенді жақсы көреді. Тіпті мимен жұмыс істеуді үйретіп жүрген ханымдардың көбінде психологиялық мамандықты бітірді деген дипломы да жоқ.

"Мен психологияны бітірген жоқпын. Бірақ менде осы саладағы 40-қа жуық сертификат бар. Біліктілікті көтеру деп атайды ғой, дәл сондай. Мен Мәскеуде, Киевте және басқа да шет елдерінде көп оқығанмын", - дейді Құралай ханым.

Ал сертификат алу аса қиын емес. Халықаралық коучингтер секілді ондаған ұйымға ақысын төлеп, айтқанын істесеңіз рұқсат қағазын бере береді. Адамның түпсанасына дейін түгел өзгертуге тырысып жүргендер коучинг пен психологияның айырмашылығын ажырата алмай жүрген секілді.


"Егер адамға өзінің істеп жүрген ісіне жай ғана қолдау қажет болса, онда оған коучингке бару жеткілікті. Ал егер адам бір іске күмәнданып, эмоционалды күйзеліске түссе, бұл жағдайда оның психологқа барғаны жөн", - дейді Жібек Жолдасова.

Рухани салада дәріс беретін коучерлер ара-тұра баюдың да жолын үйретеді. Тіпті, тез баюдың да құпиясын тек солар ғана білетіндей. Ал белгілі кәсіпкер Дулат Тастекеев нағыз бизнесмендер коучпен емес, кәсіппен айналысады деген пікірде.

"Кәсібі өркендеп тұрған азаматтың тренингпен айналысуға уақыт жоқ. Тек уақыты бар адам ғана онымен айналысады. Себебі бизнесінің тасы өрге домалап тұрған азаматтың бірнеше мың адамды жинап алып, оларға ақыл айтып отыруға уақыты жоқ. Ол алдына тек бар бизнесті дамыту керек деген мақсат қояды", - дейді кәсіпкер.

Қазақстанда ашық сағаттар мен коучингтерге мемлекет тарапынан қажетті бақылау жүргізіліп жатқан жоқ. Халықтың денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесінің кодекс бойынша психологиялық кеңес берушінің тым болмағанда медициналық лицензиясы болуы керек.