«Біздің медицина қалып қойған».
Қайбір кездері қазақ елінің мақтанышы, әнші Мейрамбек Беспаевтың денсаулығы сыр беріп, ел ішінде алуан түрлі қауесеттер гулеп еді. Бірі «Қатерлік ісікпен ауырады екен» десе, тағы бірі «Емделмейтін сырқат» деп сырттай тон пішкен-ді. Иә, өнер иесі сол бір кезеңде сахнадан да іргесін аулақ салып, «азып-тозып» кеткен болатын. Жүдегені соншалық, Мейрамбектей әншісін танымай қалды бұ халық. Сосын сәл уақыттан соң «Шетелге барып емделіп, тәуір болып келіпті» десіп тағы бір шуласты.
Мейрамбек Беспаевтың немен ауыратыны белгілі болды. Ол «Ережесіз әңгіме» бағдарламасында зоб ауруымен ауыратынын, жылына 2 рет шетелге барып қаралып тұратынын айтты. Шетел мен еліміздің медицинасын да салыстыра кетті. Айтуынша, екеуінің арасы жер мен көктей. Қазақстанның медицинасы әлемдік медицинадан әлдеқайда қалып қойған.
– Мен жылына 2 рет міндетті түрде қаралып тұрамын. Өйткені, зоб деген сондай ауру, қаралып тұру керек болады. Осы жолы да бір шаруалармен, сосын қаралып келейін деп шетелге бардым. Таяуда анализдерімнің қорытындысын алдым, Аллаға шүкір, бәрі жақсы екен. Уайымдайтын ештеңе жоқ. Бірақ, күтім қажет. Ол жақтың медицинасы бізден әлдеқайда дамып кеткен ғой. Кейде амал жоқ, сол жақтың дәрігерлеріне жүгінеміз. Бұл біздің дәрігерлерге сенбегендіктен емес. Біздегі ота жасау, адамды қарау тәсілі әлі ескі бағытта жүрміз. Әлем мүлде жаңа бағытта дамып кетті. Неге біздің палаталар әлі таза емес. Неге ескі кереуетте жатуымыз керек?
Жақында шешемді ауруханаға жатқызған кезде өз көзіммен көрдім. Масқара, ана жерден ауруыңа ауру қосып алуың мүмкін. Сондықтан шетелдің ауруханаларына жүгінеміз, - деді Мейрамбек Беспаев.