«Қандай жұмысқа жегілетінін әкімдік анықтайды»
Атышулы әнші Төреғали Төреәлінің биыл маусым айында жылдамдықты асыра көлік айдап, тәртіп сақшыларына бағынбағаны үшін 20 тәулікке қамалғаны елдің есінде болар. «Есірткіге мас күйде көлік басқарып, тәртіпке бағынбады» деген айыппен 7 жылға дейін көлік айдау құқығынан айырылған еді.
Бұл іске әлі нүкте қойылған жоқ. Таяуда Төреғалиға тағы бір сот Үкімі шықты. Алматыдағы Түрксіб аудандық сотында полицияға қарсы шығып, билік өкілдерін қорлау фактісі бойынша іс қаралып, Төреғали Төреәлі 40 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылды. Алайда әнші Үкіммен келіспейтін көрінеді. Оны адвокаты Тілеужан Кішкенбаев «Nege.kz» сайтына берген сұхбатында айтып берді.
«Қандай жұмыс екенін әкімдік анықтайды. Әзірге не істейтінін білмейміз. Бірақ апелляциялық шағым бар, әлі соттасамыз. «Қырық сағат жұмысқа жегілсін» деген жазамен келіспейміз. Себебі, ол жазықсыз айыпталып отыр. Кінәсі жоқ. Егер кінәсі дәлелденсе, қандай жұмыс берсе де орындауға дайын. Бірақ кінәсі дәлелденген жоқ қой. Сондықтан істі қайта қарауға береміз», - деді адвокат Т.Кішкенбаев.
Адвокаттың айтуынша, Төреғалиді «есірткіге мас күйінде көлікке отырды» деп айыптау да шындыққа жанаспайды екен.
«Тәуелсіз сараптама жасалып, нәтижесінде қан құрамынан ештеңе табылмады. Яғни есірткі тұтынбаған. Сондықтан жазықсыз 20 күнге қамалғаны бойынша да қайта дауласамыз», - деді әншінің қорғаушысы.