​«Жан бағу үшін той жағалауға тура келді»: Бауыржан Исаев сахнадан алыстап кетуінің себебін жайып салды

0
1 688

«Олардың дәуірі ұрып тұрған кез еді»


​«Жан бағу үшін той жағалауға тура келді»: Бауыржан Исаев сахнадан алыстап кетуінің себебін жайып салды

Танымал әнші Бауыржан Исаев «Хабарlike» бағдарламасында бірнеше жыл бойы шығармашылықпен айналысуға тыйым салынғанын айтып берді. Бірақ өзін өнерден алыстатқан адамдардың атын атамауды жөн көрді.


«Бүгін алғаш рет айтайын деп отырмын. Бұл ақпаратты сіздерге жеткізгім келеді. Негізі 2000 жылдары менің шығармашылығыма ресми түрде шектеу қойылған болатын. Ол кісілердің атын атамай-ақ қояйын, бірнеше жыл бұрын дүниеден өтті. Ресми түрде «Бауыржан Исаевтың шығармашылығына шектеу қойылсын» деп бүкіл өңірге, облыс әкімдеріне хабарласып, бұйрық шығартқызған. Сондықтан мен концерттерге шықпадым, тіпті бүкіл теледидардан, радиодан менің әндерімді, бейнебаяндарымды алдырып тастады.


Сол кездерде әлгі кісілердің дәуірі ұрып тұрған кез еді ғой. Әнімді айта алмай қалдым. Тек қана Мәдениет үйлерін ғана емес, алаңдарды, стадиондарды толтырып жүрген әнші едім, «Аяулым» әнінің дүркіреп тұрған шағы. Бір айдың ішінде тоқтап қалдым да, қатты қиналдым. Жолкіреге ақша жоқ, оның үстіне өзім студентпін, пәтердің ақысы, тамақ бар... Сол кездерде мені жұрттар тойға шақыра бастады. «Гонорарың қанша?» деп сұрайды. «Білмеймін, бергендеріңізді ала берем» деп жан бағу үшін тойға да шықтым. Жайлап-жайлап аяққа тұрдық», - деді өнер иесі.


Бауыржан Исаевтың өнерге қайта келуіне марқұм сазгер Арман Дүйсеновтің көмегі тиіпті.


«Содан Түркістан қаласында жүрген кезде марқұм Арман Дүйсенов ағамды кездестірдім. Арман аға «Бауыржан, не болса да халқың сені жақсы көреді, сыйлайды, күтеді, сағынады. Сондықтан басқа әндеріңді айтпай-ақ қоя салшы, «Аяулымды» ғана қалдыр, ал мен 10-15 ән өзім-ақ жазып беремін» деп қолдау көрсеткен еді. 7-8 жыл бойы Арман ағамен тығыз шығармашылық байланыста болдық. Сонымен 2012-жылы ата-анама арналған менің екінші күйтабағым шықты. Сол күйтабақтағы 17 әннің 14-інің авторы - Арман Дүйсенов болды», - деді әнші.


Ол сондай-ақ әлі күнге дейін мемлекеттен атақ, марапат алмағанын жеткізді.


«2009-жылы Алматы қаласында тұрған кезде Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде ұстаздық етіп жүргенде марапатқа ұсынылдым. Ол кезде бермеді. Одан кейін Астанаға көштім. 2014-жылы тағы да ұсындық. Ол кезде де бермей қойды. Білмеймін енді, еңбегім сіңбеген шығар деп ойлаймын. «Маған атақ бермей қойды» деген өкпем, өкінішім жоқ. Сөздің ашығы – осы. Құдайға шүкір, әйтеуір халықтың көңілінен шықсам екен, әндерім жүрегіне жетсе екен деп тілеймін, болды», - деді Бауыржан Исаев.