Көктемгі күйзеліс пен енжарлықтан ОҚУШЫНЫ қалай құтқарамыз?

0
526

Оқушылар шаршаған, сабақта баяу, белсенділік төмен, ұйқылары келіп отырады. Өзіміз де солаймыз. Бірақ, жазға дейін білім сапасын түсіріп алмау керек...


Көктемгі күйзеліс пен енжарлықтан ОҚУШЫНЫ қалай құтқарамыз?

көрнекілік: mel сайтынан

Көктем дегенде — бәріміздің көз алдымызға күн шуағы, көк шыққан жер, құстардың дауысы елестейді. Бірақ мектепке кірсең... басқаша көрініс. Оқушылар шаршаған, сабақта баяу, белсенділік төмен, ұйқылары келіп отырады. Өзіміз де солаймыз. Қолымызда журнал, басымызда мың ой. Бұл – таныс жағдай шығар, иә? Көктем — бір жағынан жаңару уақыты, бірақ екінші жағынан ағза да, сана да шаршайтын уақыт. Балалар да, мұғалімдер де қыс бойы тынбай еңбек етеді. Сосын жазды аңсайды. Ал 4-тоқсан – өте қысқа, әрі ең жауапты кез. Осы кезде енжарлық, күйзеліс, "ештеңе істегім келмейді" деген көңіл-күй жиі кездеседі.


Бұндай кезде оқушыларға қандай қолдау көрсету керек?


Сабақты қызықтырақ етіңіз

Иә, күн жылынып, балалардың ойы – терезенің ар жағында. Осындай кезде дәстүрлі «аш кітапты – жаз, жатта» стилі жүрмей қалуы мүмкін. Сондықтан сабақты сәл «дәмдеп» беріп көріңіз.

Мысалы:

  • Бір тақырыпты шағын сахналық көрініспен беріңіз.
  • Оқушыларға топпен шағын постер жасатсаңыз – өзі талқылайды, өзі ойлайды, өзі салады.
  • «Топпен жарыс», «Сен білесің бе?» сияқты ойын элементтері балалардың бойын сергітеді.
  • Мүмкіндік болса, бір сабақты далада, мектеп ауласында өткізіп көріңіз. Балалар үшін бұл – нағыз жаңалық. Ал жаңалық – мотивация!

Қысқасы, бала сабаққа емес, оқиғаға келгендей сезінуі керек.


Баланың көңіл-күйіне назар аударыңыз

Бала сабақта үндемей отырса – ол міндетті түрде бірдеңе ойлап отыр. Қуаныш емес, көбіне шаршау, мазасыздық. Осындай сәттерде кішігірім диалогтың өзі үлкен өзгеріс әкеледі.

– Қалың қалай?
– Бүгін көңіл-күйің қандай?
– Бір ауызбен айтшы: шаршап тұрсың ба?

Осындай сұрақтармен балаға «Мен сені көріп тұрмын. Сен мен үшін жай баға емес, тірі адамсың» дегенді білдіресіз. Бала бұны іштей сезеді. Әр сабақтың басында көңіл-күй шкаласын пайдалансаңыз болады.

Көңіл бөлінген оқушы – сабаққа да, өмірге де белсендірек болады.

көңіл-күй шкаласы


Жазға дейін мақсат қойғызыңыз

Көктемде оқушының ойы «Жаз қашан келедіге» толы. Сол ойды пайдаланып, оны мотивацияға айналдырып көрейік. Мысалы:

– Жазға дейін не үйренгің келеді?
– Қай пәннен жетістікке жеткің келеді?
– Өзіңе қандай мақсат қойғың келеді?

Бұны тек сұрап қоймай, жаздырып алып, сынып бұрышына іліп қойыңыз. Бала күнде көріп, іштей есіне салып тұрады. «Міне, менің мақсатым тұр. Соған ұмтылуым керек» деп ойлайды.

Мақсат – баланың ішкі моторы. Оны іске қосу – біздің қолымызда.


Өзіңізге де көңіл бөліңіз!

Бәріміз адамбыз. Көктемде мұғалім де шаршайды, мұғалім де күйзеліске түседі. Оны мойындау – әлсіздік емес, керісінше – ақылдылық.

Сондықтан өзіңізге кішкене тыныш сәт сыйлаңыз:

  • Кешке телефонды шетке қойып, жай ғана бір шай ішіп, терезеге қарап отырыңыз.
  • Музыка қосып, ештеңе ойламай отырыңыз.
  • Аптасына бір рет өзіңізге «демалыс кешін» жасап көріңіз.

Шаршаған мұғалім – шабыт бере алмайды. Ал күш жинаған ұстаз – нағыз көшбасшы!


Көктемгі енжарлық – бұл қалыпты құбылыс. Бастысы – біз, мұғалімдер, оны түсініп, оқушымен бірге жеңе білсек болғаны. Баланың шабытын ояту – өзімізден басталады. Ендеше, жылы сөзден, жайдарлы жүзден, аздап шығармашылықтан бастайық. Жазға дейін аз қалды, шыдап, шабыттанып шығайық!