ТӘРБИЕШІ мен АТА-АНА: қалай ТІЛ ТАБЫСУ керек?

0
138

Ата-аналар тым талапшыл, тәрбиешіге шектен тыс жауапкершілік жүктеп қоя ма?


ТӘРБИЕШІ мен АТА-АНА: қалай ТІЛ ТАБЫСУ керек?


Бүгінгі күні бала тәрбиесімен айналысу – үлкен жауапкершілік қана емес, нағыз өнер деуге болады. Қазіргі ата-аналар көбіне жұмысбасты, уақыты тапшы, жүйкесі шаршаңқы. Көпшілігі күнделікті күйбең тірліктен баласының балабақшадағы өміріне терең үңіле алмай жатады. Екінші жағынан, кейбір ата-аналар тым талапшыл, тәрбиешіге шектен тыс жауапкершілік жүктеп қояды. Мұндай жағдайда тәрбиеші не істей алады? Қалай ашық, сенімді, әрі нәтижелі серіктестік орнатуға болады?

Осы сұрақ – бүгінгі тәрбиешінің басты мәселелерінің бірі. Себебі баланың балабақшадағы дамуы мен үйдегі тәрбиесі қатар жүрмесе, жетістікке жету қиын. Сондықтан тәрбиеші мен ата-ана арасында дұрыс қарым-қатынас құру – баланың жарқын болашағы үшін атқарылатын ортақ жұмыс екені сөзсіз.


Сол себепті де мамандар мынадай кеңес ұсынады:

  • Балабақшада ата-аналар клубын ашып, айына бір рет кездесу ұйымдастыру;
  • «Аптаның белсенді ата-анасы» марапатын енгізу;
  • «Ата-анаға ашық есік» күнін жүйелі түрде өткізу;
  • Әр топтың WhatsApp тобына апталық фото/видео жіберу арқылы байланыс нығайту;
  • Педагог-психологпен бірлесіп, ата-аналарға арналған шағын вебинарлар ұйымдастыру.


Ата-ана мен тәрбиешінің серіктестігі дегеніміз – тек ата-ананы мерекеге шақырып, жиналыс өткізу емес. Бұл – бір-бірін түсінетін, сыйлайтын, ашық сөйлесе алатын, қиындықты бірге шешетін байланыс. Мұндай серіктестікте тәрбиеші де, ата-ана да өз рөлін жақсы білуі керек. Тәрбиеші – балабақшадағы бағыттаушы тұлға, ал ата-ана – үйдегі тәрбие мен қолдаудың қайнар көзі.

Тиімді серіктестік құру үшін ең алдымен, екеуінің арасында сенім болуы шарт. Ата-ана тәрбиешіге өз баласын сеніп тапсыруы керек, ал тәрбиеші ата-ананы серіктес ретінде қабылдай білуі қажет. Бұл – екіжақты процесс. Кейде ата-ана баласының балабақшадағы мінез-құлқын білмейді, тәрбиеші үйдегі тәртібінен хабарсыз. Осындай ақпарат алмасу болмаса, бала екі түрлі әлемде өмір сүріп жүргендей болады.

Серіктестіктің нақты бағыттары бар. Біріншісі – ақпараттық байланыс. Яғни, ата-ананы балабақшадағы болып жатқан жағдайлармен таныстырып отыру. Бұрын тек күнделік арқылы жұмыс істейтін болсақ, қазір WhatsApp топтары, Instagram парақшалары, тіпті онлайн платформалар арқылы фото-видео жіберу – үлкен көмек. Ата-ана баласының немен айналысып жатқанын көрсе, қызығушылығы да артады.

Екіншісі – ашық қарым-қатынас. Кейбір ата-аналар балабақшаға келсе де, тәрбиешімен ашық сөйлесе алмайды. Ал кейбір тәрбиешілер «уақытым жоқ» деп ата-анамен шынайы сөйлесуден қашады. Мұндайда сенім болмайды. Сол үшін ата-анамен жеке кездесулер ұйымдастырып, баланың жетістігі мен қиындықтарын сабырмен, сыпайы жеткізе білу маңызды.

Үшіншісі – бірлескен шаралар. Ашық сабақтар, мерекелік кештер, қолөнер көрмелері, ұлттық мерекелер – бәрі ата-ананы бала өміріне жақындатады. Мысалы, Наурыз мерекесін бірге өткізу, «Әкеммен бірге бақшаға» күні сияқты креативті идеялар ата-аналарды белсенді етеді.

Қазіргі таңда технологиялар да көмекке келуде. Мысалы, Zoom арқылы онлайн ата-ана жиналысы өткізу – уақыт үнемдеудің тиімді тәсілі. Немесе Instagram-да аптасына бір рет «апта жаңалығы» айдарын жүргізіп, фото немесе шағын видеомен балабақша жаңалықтарын көрсетіп отыру – ата-ананы қызықтырады әрі сенім тудырады.

Әрине, бұл процесте кедергілер де кездеседі. Бір ата-ана уақытының жоқтығын алға тартса, енді бірі баласының мәселесін тек тәрбиешіден көреді. Кейде түсініспеушілік орын алуы мүмкін. Мұндай кезде сабыр сақтап, эмоцияға берілмей, ашық сөйлесу – тәрбиешінің кәсібилігін көрсетеді. Қажет болса, психологтың көмегіне жүгініп, ата-анамен жеке жұмыс жүргізуге болады.


Ата-ана мен тәрбиеші арасындағы серіктестік – жай байланыс емес, бұл – баланың жарқын болашағына бастайтын көпір. Сол көпірді мықты етіп салу – тәрбиешінің де, ата-ананың да ортақ міндеті. Баланы жақсы көру, оған қамқор болу, оның дамуына жағдай жасау – бәріміздің ортақ мақсатымыз. Сондықтан тәрбиеші ата-анамен сенімге негізделген қарым-қатынас орната білсе, бала өзін екі жақтан да қорғалған, қолдаулы сезінеді.