Енесінің айтуы бойынша баласын алдырып тастаған ол содан кейін перзент сүйе алмай қалған.
Сәби сүю, сүйген жарына перзент сыйлау, ұрпағын жалғастыру – әрбір әйелдің арманы болса керек. Бірақ ондай мүмкіндігінен айырылған әйелден қасіретті жан жоқ шығар.
Тап осындай қайғыға ұшыраған жан редакцияға хабарласып, ERNUR.KZ тілшісіне өзінің мұңымен бөлісті.
Өзін Алма деп таныстырған 39 жастағы келіншек бала сүйе алмауына енесінің кінәлі екенін айтады.
Мен тұрмысқа шыққанда енем келін ретінде қабылдай алмады. Оған менің енеме ұнамайтын айймақтан болғаным себеп болды. Үнемі менің туған жерім туралы теріс пікір айтып отыратын. Не дейін, келіндік қызметімді атқарып жүре бердім. Оның үстіне күйеуім ата-енемнің жалғыз ұлы болғандықтан, шағым айтып араларына түскім келмеді.
Көп өтпей аяғым ауырлады. Сол кезде қайын атам ауырып жүрген. Күйеуімнен басқа ешкімге айтпадым. Бірақ, менің жүрегім айнып, тамақ іше алмай жүргенімді енем байқады. Қуанбағанын көзінен-ақ білдім.
Аяқастынан қайынатам ауруханаға түскенде енем маған тосын өтініш жасады. Дәл сол кезде жағдайымыздың қиын екенін, әлі-ақ балалы болуға үлгеретінімізді айтып, құрсағыма біткен тұңғышымды алдырып тастауды өтінді.
Расында күйеуім тұрақты жұмыс таппай, бар ақша атамыздың дәрісі мен күтіміне жұмсалып жүрген. Менің де аз ғана жалақым не болсын?! Әйтеуір, төртеуміз амалдап жан бағып жүр едік. Басында енемнің айтқанынан шошысам да, күн сайын қайталай берген соң сол дұрыс сияқты көрінді. Оның үстіне енем де асықтырып, тағы біраз жүрсек кеш болатынын айта берген соң келістім. «Бала көтере алмай қаламын деп қорықпа, қазір жақсы мамандар көп, өзім апарамын» деген соң расында ана болуға әлі ерте болар деп ойладым.
Күйеуіме де, басқа ешкімге айтпадық. Ол атаммен бірге ауруханада болған кезде жасанды түсік жасаттық. Үйге келген соң ең қымбатымнан айырылғанымды сезгендей ішім қуыстанып сала берді. Сол қуыстың өмір бойы қалатынын кім білген?! Ал күйеуіме ол жоқта баланың түсіп қалғанын айттым енемнің үйреткені бойынша. Оның көңілі қатты түсіп кетті. «Немересі болатынын білсе, әкем тез сауығар ма еді?!» дегені әлі күнге есімнен кетпейді.
Көп өтпей атамыз да аурудан айықпай мәңгілікке аттанды. Сол күні күйеуім тағы да әкесінің немере көрмей кеткенін еске салғанда жүрегім шаншып кетті. Ең алғаш сонда өкінгенмін. Бірақ өмір бойы өкініп қалатынымды қайдан білейін?!
Алма содан қайтып жүкті бола алмаған. Қанша рет дәрігерге көрініп, ем қабылдаса да сәби үйе алмапты. Ең алғаш жүктілігін өз қолымен жасанды түсік жасатып тоқтатқанына қазір он жеті жыл болған көрінеді.
Бірақ күйеуім «маған бала туып бермедің» деген емес. «Жаратушының жазғаны болар, болмайтын бала басқа әйел алсам да болмас еді» дегенде өзегім өртеніп кетеді. Сол кезде енемнің айтқанына көнбей құрсағыма біткен шаранамды алдырмасам, ең болмағанда күйеуіме айтқанымда мұндай бақытсыздыққа ұшырамас па едік?!, - деп өкінеді ол.
Алманың қатты ренжитіні, енесінің көп жыл өткенде немерелі бола алмауының себебін келініне жауып отырғаны.
Егер енем маған осындай кезде қолдау білдіріп, жанымның жарасын тырнамай, өзінің де кінәсін білсе бұлай ренжімес едім. Бірақ оны түсініп отырған ол жоқ. Керісінше, оңашада қателігімді өзімнен көретінін тұспалдап айтып кетеді. «Менің айтқанымның бәрін орындайтындай, соны істемей-ақ қоймадың ба? Онсыз да мені тыңдап жүрген жоқсың ғой?!», «Бір ғана рет жүкті болуға шамаң жететінін қайдан білейін?!», «Құдай саған бала беріп жарытпаспын деген шығар» деген сияқты сөздерімен жүрегімді тырнайды.
Шыдамның да шегі бар, бір күні жүйкем жұқарып ашумен ауыр сөз айтып қоямын ба деп қорқамын. Ол кезде анасының не істегенін білсе, күйеуімнің жігері құм боп, екеумізді де жек көріп кете ме деп жүрегім ұшады. Бір жағынан енемнің де қалағаны сол ма деп ойлаймын. Бар кінәні маған жауып, құтылғысы кеп отырған болса ше? Қазір ештеңені дәлелдей де алмаймын ғой.
Өз анасынан бас тартпас-ау, осынша уақыт отандасқан күйеуім ажырасам десе мен оны көтере аламын ба? Содан қорқамын. Жанымды емдер деп бала асырап алмақ та болдым. Бірақ күйеуім басқаның баласын бауырына басқысы келмейді. Іштей уайымдайды, армандайды, оны сеземін. Бірақ мені аяп ештеңе демей жүрген тәрізді.
Ал енем соны біледі. Маған әлі жылы қабақ танытқан емес. Мен содан да қорқамын, - деп аяқтады Алма әңгімесін.
Тағдырдың тосын сыйы аз емес. Алма да көпшілікке осынау қателікті қайталамауға кеңес беріп, орны толмас өкінішке ұрындырар қадамға бармау керектігін айтады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
Бұрын бала туғанын КҮЙЕУІНЕН жасырған: Жамбылдық келіншек азабын айтты
Бес баламен тастап кеткен күйеуі 20 жылдан соң қайтып келген