​«Абысынымның арсыздығынан шаршадым»: түркістандық келіншек күйеуі мен абысынынан күдіктеніп отыр

0
3 037

«Бар тірлігін менің күйеуім шешіп береді»


​«Абысынымның арсыздығынан шаршадым»: түркістандық келіншек күйеуі мен абысынынан күдіктеніп отыр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Абысын тату болса ас көп» дейтін қазақпыз ғой. Өз басым келін болып түскен жеріме әрдайым ізетті болуға тырысамын. Абысындарыммен де мүмкіндігінше сыйласып, той-жиында қолғабыс етісіп, келіндік міндетімді барында адал атқарып жүрген адаммын. Бірақ кейде сыйлағанды білмейтін, иілген сайын өзіне бағындырғысы келіп, басына түсетін жандар бар екен. Солардың бірі – абысыным».


ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан түркістандық Мақпал есімді келіншек әңгімесін осылай деп бастады. Айтуынша, таяуда ағайын абысыны екеуі бет көрместей ұрысып қалыпты.


«Атамыздың інісінің келіні болып келетін Гүлден негізі менен бір жасқа кіші. Бірақ жолы үлкен болған соң «жеңеше» деп әрдайым сыйлап, сәлемімді салып тұратынмын. Күні кеше сол абысыным екеуміз төбелесуге шақ қалдық. Осы уаққа дейін барлық тірлігіне көз жұма қарап келіп едім, бірақ шыдамның да шегі бар екен.
Демалыс күні еді, күйеуім екеуміз шырт ұйқыда жатқанбыз. Серіктің телефоны шырылдап, ұйқымды ашып жіберді. Тұтқаны алсам, әлгі абысыным екен. «Мақпал, телефонды Серікке берші» деді. Ұйықтап жатқанын айтып едім, «Тез киініп, машинасын оталдырсын да, біздің үйге келсін, мен киініп, дайын отырмын, төркініме апарып келсін» деді. Таң атпай ашуым келді. «Төркініңізге менің күйеуімнің қандай қатысы бар?! Барар болсаңыз такси көп емес пе? Бір емес, екі емес, менің күйеуімді меншіктен алғандй сөйлейсіз ғой, тегі!» деп ойымдағыны ақтарып салдым.


Сөйтсем абысыным да дайын отыр екен. «Неменеге әкіреңдеп тұрсың?! Саған емес, Серікке айтып отырмын. Менің немен, кіммен баратынымда шаруаң болмасын! Айтқанымды Серікке жеткіз!» деп тұтқаны қоя салды. Қаным басыма шапты. Дереу күйеуімді ұйқысынан оятып алдым да, қанша уақыттан бері ішімде жиналып қалған күдігімді, өкпе-ренішімнің бәрін күйеуіме айтып салдым.


Негізі абысынымның тірлігі жүйкеме тиіп жүрген. Жолдасым базарда сауда істейді. Абысыным базарға азық-түлік алуға барады да, қайтарда таксиге ақша шығарғысы келмей, менің күйеуімнің көлігіне үйіп-төгіп артып, есігінің алдына дейін түсіріп алады. Мұндай жағдай бір емес, бірнеше мәрте қайталанды. «Қайда жүрсің, кеш келдің ғой?» деп сұрасам болды, «Гүлден базардан мініп еді, жолай шай ішейік деп кафеге кіргізді, одан оны үйіне апарып тастадым» деп айтып жүретін.


Әлі есімнен кетпейді, енді ғана келін болып түскен кезім. Үйде ауызашар өткізейік деп бәріміз дайындалып жатырмыз. Әлгі абысынсымақ та біздің үйде қызмет етіп жүрген. Қонақ келерден бір сағат алдын «Серік, машинаңды оталдыр, біздің үйге барып, көйлегімді ауыстырып келейік» деді. Күйеуім де қызық, ләм-мим деместен көлігін айдап, жеңгесінің үйіне кете барды. Ол кезде жаспын ғой, десе де осы көрініс көкейімде сақталып қалған.


Осының бәрін күйеуімді отырғызып қойып, бетіне айтып салдым. «Гүлденмен арамызда ештеңе жоқ, жай ғана туысымыз болған соң, әрі базарда кездесіп қалған соң үйіне дейін апарып жүрдім» деп ақталғандай болды.


Ұятсыз абысыным күйеуім төркініне апарып тастамаған соң бар ашуын менен алмақ болып, «уатсаппен» сала-құлаш хат жазып жіберіпті. «Күйеуіңе иелік ететіндей сен кім едің?!» деп намысыма тиген ғой. Мен де оңдырмадым. «Ендігәрі маған немесе менің күйеуіме жақындағаныңды көрсем, ата-енеңе ескертіп, қайынағама «Мына әйеліңізге ие болыңыз! Қайда, кіммен жүргенін білмейтін қандай күйеусіз?!» деп бәрін ашып айтамын деп ескерту жасадым.


Негізі күйеуім малтабар, отбасы үшін жанын беретін адам. Бірақ маған келгенде өте қатал. Шектен тыс қызғаншақтығы бар. Оның рұқсатынсыз үйден қадам аттап шыға алмаймын. Ал өзіне келгенде менің алдымда есеп бермейді, қайда барғанынан, кімдермен қыдырғанынан бейхабар болып отырамын.


Осы жағдайларды ой елегінен өткізсем, күйеуім мен абысынымның арасында бірдеңе бар ма деген арам ойдың қылаң беретінін жасырмаймын. Әйтпесе бөтен еркекті меншіктеп, көлігімен қалаған жеріне, қалаған уақытында барып келе беретіндей не өткізіп қойды екен? Осы жағы менің жанымды жегідей жеп жүр. Мұның сырын қалай білсем болады?


Жалпы, әр адамның жеке шекарасы барын көп адам әлі түсінбей келеді. Туыстық қарым-қатынастың да жазылмаған ережесі бар. Менің інім, қайным деп оны қалаған уақытыңда көмекке шақырып, өз тірлігіңе жеге алмайсың. Осыны кейбіреулер қашан түсінер екен?..»