Шатаспас үшін шариғат бойынша балаға қандай ат қоюға болмайтынын біліп алу қажет екен.
Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз «Балаға ат қоюда мұқият болыңдар, көркем есім беріңдер» деген екен. Дінтанушы ғалымдар да адам есімі неғұрлым көркем болса, өзі де, өмірі де көрікті болатынын айтады. Сіз бұған сенесіз бе?
Тағдырдың адам есіміне байланысты өрілетініне түркістандық Ғұрман ақсақал да қатты сенеді. Ол бұған мынандай екі оқиғаны мысал етіп, ERNUR.KZ тілшісіне көпке ой салатын әңгімесін айтып берді.
«Балаға ат қою өмірде бір-ақ рет болатын рәсім. Сондықтан да ең әдемі есім іздеп тапқан дұрыс. Өйткені балаға қойылған есім оның тағдырына, болашағына әсер етпей қоймайды.
Мысалы, менің Ысқақ есімді көршім бар. Жастайынан оқуға зерек, алғыр еді. Мектепте жақсы оқыды. Бірақ мектептен соң жоғары оқуға түсе алмады да, ауылда қалып қойды. Үйленді.
Жұмыстың жоқтығы адамды аздырады ғой. Ысқақ ауылдағы жұмыссыз еркектерді жинап алып, қақпасының алдында карта ойнап отыратын. Ешкімге зияны жоқ, бірақ жастар аға буынға қарап бой түзейтінін ойласаң дұрыс емес. Одан да шахмат ойнасын.
Бір күні осы ойымды көршіме айттым. Құрдаспыз ғой, сөзіміз айтысқа ұласып кетті. Сонда мен оған «Өміріңде, диплом ала алмағаныңда шаруам жоқ. Тек пайғамбардың аты қойылған соң, соған лайықты болсайшы дегенім ғой» дедім. Ол «Пайғамбарымыз – Мұхаммед қой, шатаспа. Егер Мұхаммед деген есім қойылғанда мен ондай ұлы есімге кір келтірмес едім әрине» деді.
Көршіме Мұхаммедтің соңғы пайғамбар екенін, оған дейін көп пайғамбар болғанын айтқаныммен, досым сене қоймады. «Сенбесең, Құранның қазақша нұсқасын оқып шықшы. Бір ғана «Әнғам» сүресінде 18 пайғамбардың аты аталған. Сенің есіміңді Ысқақ пайғамбардың құрметіне қойған, ата-анаңнан сұра» дедім.
Одан кейін мен облыстық ауруханада өтіме операция жасатып, екі айдай қаладағы қызымның үйінде күтініп жаттым. Ауылға келгенде сөзталастырғыш Ысқақ қақпасының алдынан көрінбеді. Азық-түлік дүкеніне барған сайын оның үй жағына қараймын. Бұрын қақпа алдында қарқылдап күліп, карта ойнап отыратындар да жоқ.
Кешке құрдасымды жолда кездестіріп қалдым. Ол «Расында да Ысқақ деген пайғамбар болған екен ғой. Әке-шешемнен сұрасам, олар «Білмейміз, атаң қойған сенің есіміңді» деді. Сосын мешіттен Құран кітапты үш аптаға сұрап алып, оқып шықтым. Ибрахим, Дәуіт, Сүлеймен, Жүсіп, Мұса, Иса, Иляс, Жүніс, Салих, Ыдырыс, Ысқақ – бұның бәрі де пайғамбарлардың есімі екен. Мен пайғамбардың есімін арқалап жүргенімді білмеппін. Киелі есімнің обалы тиіп кете ме деп қорқып, карта ойнауды тастадым» деді.
Фото: grantcardonetv.com
Ысқақ көршімнің содан бері карта ойнағанын көрген емеспін. Өзін-өзі тәрбиелеп, бірер жылда-ақ оның сөзі, жүріс-тұрысы кәдімгідей өзгерді. Бұрын карта ойнап уақытын қалай өткізерін білмей отыратын Ысқақ енді ауылдағы кітапханадан шықпайтын болды. Қақпасының алдында бірге карта ойнайтын жұмыссыз еркектердің біразының кітапқа деген махаббатын ашты. Көршімнің есімі оның өзінің ғана емес, айналасындағы адамдардың да да өміріне әсер етіп, жақсы жаққа өзгертті. Осыдан кейін есім адамның мінез-құлқына, өміріне әсер етпейді дегенге қалай сенбейін.
Соңғы кезде мағынасы түсініксіз есімдерді көп кездестіріп жүрмін. Мәселен, бір жиен немеремнің келіншегінің есімі Ая екен. Естіп таң қалдым. Қазір жастар шетел сериалдарынан көріп алып, кез келген атты қоя салатын болған. Ал ол қандай мағына береді ойланып жатпайды. Қай елдің есімін қойса да оның мағынасын сөздікпен аударып біліп алған жөн ғой.
Мысалы, жұмыс істеп жүрген жылдары бір әріптесім кенже қызының есімін «Зина» деп атағанын айтқанда қынжылып қалған едім. «Зинақор», «зина жасау – үлкен күнәлардың бірі» дегенді білгеннен соң өз басым бұл есімді құптамаймын. Бұл есім орыс тілінде жақсы мағына беретін шығар дерсіз. Зина, Зинаида есімдері ежелгі грек тілінен енген кірме сөз, ол грек мифологиясындағы Зевс құдайының есімімен байланысты пайда болған. Бұл ат бала үшін өте ауыр.
Әлгі әріптесімнің қызы студент кезінде деканынан жүкті боп қалып, әйелі ауылға кеп әжептеуір жанжал болғаны есімде. Кейін жекжат ағайындарының бірінің ұлына тұрмысқа шықты. Екі айдан соң күйеуі «Көзіме шөп салды» деп, әкеп тастағанда да, ол ауылда біраз уақыт тақырып болған еді. Еркек басыммен оны тәптіштеп айтқаным жараспас. Қысқаша ғана айтайын, мен ол қыздың теріс жолға түскеніне «Зина» деген есімі әсер етті деп ойлаймын. Басқа Зиналардың тағдыры қандай болғанын білмеймін. Мен танитын Зинаның тура жолда емес екенін жақсы білем.
Жалпы, Құран Кәрімнің қазақша нұсқасын оқып шығуға көп уақыт кетпейді. Әр сүреге күнде бір сағат уақыт табуға болады. 114 сүрені бір рет оқып, пайғамбарлардың есімін, тозақтың аттарын, Аллаһтың көркем есімдерін біліп алу соншалықты қиын емес қой. Бұларды білген адам балаға мағыналы, дұрыс есім қоярда адаспайды.
Осы орайда айта кетейін, шариғат бойынша Алла Тағалаға ғана тән көркем есімдерді қоюға болмайды. Аллаһтың 99 көркем есімі бар. Алланың есімдерінің алдына «Абд» сөзін жалғап қоюға ғана рұқсат етіледі. Мысалы, Абдрахман, Абдразақ, Абдмәлік, Абдғаффар т.б. Мұндағы «абд» сөзі қазақша «құл» деген мағынаны білдіреді, ал одан кейінгі сөздер Алланың есімдері. Сонда Абдразақ деген есім – «Алланың құлы» деген мағынаны білдіреді.
Ал сүре аттары мен пайғамбарлар есімін балаға қоюға болады. Меніңше, арабша, түрікше білмегендіктен, өзіміздің қазақ есімдерін қойған дұрыс. Қазақта небір мағыналы, әдемі есім көп қой»
Ғұрман ата осылай деп ақылын айтты. Расында да, мағынасы ұғынықты қазақша есім қойғанға не жетсін?!
Ұқсас оқиғалар:
«Кетіп қалғым келеді»: Жалқау күйеуінен шаршаған әйел күйзеліске түскен
«Жас келіннің қолтығынан бала тумаған әйел ұстамайды»: Елордалық келіншек сыры мен ренішін жайып салды