​«Ағамның ажырасып кеткен әйеліне үйленгім келеді»: алматылық азамат экс-жеңгесіне ұсыныс жасағанын айтты

0
10 870

«Ағам үйіне кіргізбей қоятынын да білемін...»


​«Ағамның ажырасып кеткен әйеліне үйленгім келеді»: алматылық азамат экс-жеңгесіне ұсыныс жасағанын айтты

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Махаббат, сезім, жүрек қалауы, тағдыр...

Қазақтың салтында ертеректе болған «әмеңгерлік» деген бар. Ері қайтқан жесірді қайнысына некелеп қосып, балаларына қамқор болуды, бөтеннің қолына қаратпауды көздейтін салт. Әрине, бүгіннің заманы бөлек, көзқарас басқа.

Дегенмен, өзінің жеңгесіне үйленгісі келетінін айтқан алматылық азамат бұл ойын отбасына қалай айтуды білмей жүрген көрінеді. ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген әңгімесінде ол әу бастан-ақ жеңгесіне ғашық болғанын да жасырған жоқ.


«Өзімен де сөйлестім... Кетәрі емес, «ойланайын» деп отыр. Екі баласы да бөтенім емес, өз ағамның балалары. Мені көке деп атайды, барсам қуанып кетеді. Өз балаларым сияқты, жақсы көремін. Енді ағам мен әке-шешем не дер екен, соны қалай шешсем деп жүрмін», - деген ол жеңгесіне қатысты оқиғаның бәрін жайып салды.


- Басында ол менің көздеп жүрген қызым болатын. Ауылға жиі келетін жиен қыз еді. 7-8 сыныптарды біздің ауылда оқыған, сол кезден ғашық болдым. Бірақ балалық махаббатымды ол бойжеткенде де айта алмадым. Сырттай оның қай жерде оқитынын, қайда тұратынын бәрін біліп жүрдім. Мереке кезінде 3-4 рет өзімді құпияда ұстап сыйлық пен гүл беріп жіберген кездерім де болды. Оны күттім. Мені көргенде жылы қарауының өзіне сенімді едім.

Оқуын бітіріп алсын, оның үстіне әскерден келген ағам үйленсін деп өз жолымның ашылғанын да күткенмін. Бірақ әскери борышын өтеп келе салысымен менің ғашығымды алып қашып келеді деп ойламадым. Өзі құдай да сездіреді екен ғой, содан бір апта бұрын ағаммен ренжісіп қалдық та, мен Алматыға кеттім. Анам телефон соғып, ағамның келін әкелгенін айтты. Құтты болсын деп жұмысқа тұрғанымды айтып тойына бір-ақ баратын болдым.


Кешке ауылдағы досым хабарласып жеңгемнің кім екенін айтқанда жүрегім тоқтап қалғандай болды. Өзімнің ұнатып, ғашық боп жүрген Айсәулем екен.


Ауылға қарай құстай ұшқым келсе де олардың тойына да бармадым. Тұңғыш ұлы болған соң әке-шешем дүркіретіп той жасады. Той болатын уақытта мені батыс өңірге іссапарға жібергендіктен жүрегімді ауыртатын ағамның қуанышына да қатыса алған жоқпын. Бір жағынан іссапарға аттанғаныма да қуанышты едім. Жеңгемді тек сол жыдң жаңа жыл мерекесінде ғана көріп таныстым.


Онда да аяғы ауыр, бір көзі көгерген Айсәуленің бақытсыз жүзін көргенде ағамның жағасынан ала кеткім келді. Бір апталық демалысымда ағамның ішіп келетінін, жеңгемнің таяқ жейтінін, анамның ол екеуінің қабағына қарап ұйықтай алмайтынын, әкемнің күнде таңертең ұлына ұрсатынына куә болып үлгердім. Отбасымызда өте бір жайсыз жағдайлар орын алып жатыр екен. Менен кейінгі інім мектеп тұзықтық жасап, оның да уайымын көріп отырған әке-шешемді аядым.


Ал таяқ жесе де үндемей жүрген Айсәуленің жағдайына іштей жылап қайттым. Содан кейін ауылға тағы бір жыл келе алмай тек жұмысқа салындым. Екінші жылды өткізіп келгенімде ағамның ажырасқанын, екі ұлымен Айсәуленің кетіп қалғанын білдім. Анам жылап, әкем күрсінді. Бірақ ол үшін ағам қиналып жүрмепті, араға ай салып тағы бір келінді жетектеп келді үйге.


Шынымды айтсам, ағамның ажырасқанына, шаңырағының шайқалғанына қуанған мен ғана шығар...


Қазір Айсәуле де Алматыда тұрады. Онымен хабарласып, кездесіп тұрамын. Бірі 4, екіншісі 2 жастағы ұлдары да жақсы таниды, бірге қыдырамыз кейде. Ажырасқалы бері бұрынғысынан да әдемі болып кеткен, қызметке тұрған. Анасымен бірге пәтер жалдап тұрады. Кейде ақшалай да көмектесіп тұрамын.

Жақында оған үйленгім келетінін айттым. Қарсы болған жоқ, ойланатынын айтты. Тек әке-шешемнің қалай қабылдайтынын білмеймін әлі. Оларды да қиынға тап қылғым келмейді, бірақ өмір менікі ғой. Ағамның ол үшін үйге жолатпайтынын да білемін. Біраө өз өмірімді, тағдырымды өзім таңдап отырмын. Айсәуленің де бақытты болуға құығы бар, менің де өз жүрек қалауыма үйленуге хақым бар шығар?!


Осылай деген алматылық жігіт жеңгесіне үйленуге бекініп отыр. Әрине, бұл әмеңгерлік емес...


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Әйеліме қарауға қорқамын»: ақтаулық азамат әйелінің түрінен шошынып жүргенін айтты


"Телефонын алып қойыңдар!" деді: Алып-қашудың құрбаны болған қыз өз сүйгеніне қалай қосылғанын айтып берді