​«Әйелім 10 жылдан бері қасыма жатпайды»: елу жастағы азамат не үшін ажыраспай жүргенін айтып берді

0
11 063

"Киімімді жуады, асымды дайындайды, бала-шағама қарайды. Тек мені қасына жолатпайды"


​«Әйелім 10 жылдан бері қасыма жатпайды»: елу жастағы азамат не үшін ажыраспай жүргенін айтып берді

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды

«Көбіне әйелдер айтып жатады ғой, «күйеуім ішеді, ұрады, теріс жүріске салынды, бала үшін шыдап жүрмін» деп... Ондай жағдай еркектердің де басында бар екенін біле ме екен сол әйелдер?! Еркектердің де арасында бала үшін әйелінен ажыраспай шыдап жүргендері көп. Соның бірі менмін...»

Осылай деген азамат ERNUR.KZ тілшісіге басынан өткен оқиғасын баяндап берді.


Айтуынша, елуді еңсерген Нұрланның 6 баласы бар. 23 жасында үйленіп, 35 жасында көпбалалы әке атанып үлгерген.

- Келіншегім екеуміз бір топта оқыдық. Бірге жүріп, бірге тұрып студенттік өмірдің бар қиындығын бірге көрдік. Анау айтқан лапылдаған сезім, жұрт қызығатындай махаббат болды деп айта алмаймын. Біз үйленгенде жұрттың бәрі сенбей қалған. Ол кезде аяғы ауыр болатын... Солай отбасылық өмірді бастап кеттік те, жыл аралата өмірге кеп жатқан сәби, баспана алу, оларды асырап бағудың қызығымен-ақ қалайша қамал алатын жасқа кеп қалғанымды байқамаппын.

Ең кенжем туылғанда 35 жаста едік. Алты баланың жайын жасаймыз деп, кең баспана соғамыз деп істемегеніміз қалмады. Әйтеуір, амалдап алты бөлмелі үй салыппыз, көлік алыппыз. Елдің қатарына ілініппіз. Тағы бес жылдай өзімізді ретке келтіріп, денсаулыққа қарап айналамызға қарай бастадық.


Ел арасында «қырыққа келгенде қылық ашу» деген бар емес пе?! Бала-шағадан мойнымыз босады ма, әлде өзімізді ұмытып кеткен өмірден шаршадық па, қыдырысымыз көбейді. Ұрыс-керісіміз де жиі бола бастады. Мен жігіттермен қыдырып кетсем, әйелім де қалыспайтын. Ол да өзіне орта тапты. Былай қарағанда екеуміз де бір-бірімізге еркіндік беріп жібердік пе? Әлде бір-бірімізден шаршадық па?

Несін жасырамын, әйеліммен жиі ұрысып қала берген соң алысқа жұмысқа кеттім. Маған ол тек ақша табатын адам ретінде ғана қарайтын секілді көрінді. Өзге әйелдер де болды менде... Бірақ «ат айналып қазығын табады» дегенмен ержеткен емеспіз бе, қайда барайын?! Ал әйелім мені кешірмеді. Көзбен көріп, қолмен ұстап алмаса да сырттан естіген әңгімелерден кейін-ақ мені жанына жолатпады.


Мен жұмыстан келгенде төсекті қонақ бөлмеге салып, өзі кенжеммен бірге жатын бөлмеде ұйықтайтын. Балалардың көзінше сыр білдірмеуге тырысады, бірақ жанына жолатпады. Өзі күннен күнге құлпырып сұлуланған сайын менің де ішіме қызғаныштың шоғы түсе бастады. Ешбір себепсіз үйге гүлмен келетін болды. Кейде жұмысынан қалып құрбы келіншектермен қыдыратынды шығарды.

Ол үшін ұрысып, үйде отыруын талап етсем, «ұнамаса, ажырас» деп отыра беретін. Қол жұмсау әдетімде жоқ, өзімнің де кінәм бар. Бірақ мен де әйелімді өзгемен ұсап алғаным жоқ. Жұмысымды тұрғылықты жеріме ауыстырдым. Жалақысы аз болған соң көлігіммен қосымша жолаушы тасып, такси болып табыс табуға кірістім. Ал бұл уақытта әйелімнің қызметі өсіп, үйден көлікпен алып кетіп, кешке жеткізіп тастайтын болды.


Ең ауыры, әйелімнің мен жаққа көз салмауы еді. Киімімді жуады, асымды дайындайды, бала-шағама қарайды. Тек мені қасына жолатпайды. Қысқаша айтқанда, менің есерлікпен саунада жігіттер болып қыздармен көңіл көтергенімді кешірмеді. Одан бері мен де етегіме намаз оқыған жоқпын... Ерегіскен кезде ішімдіктің арқасында талай рет болды ғой.

Сырттан талай әңгіме есіттім, «әйелінің басқа біреуі бар» деп көршілер мен туыстар да сыбырлайтынын білемін. Өзімнің ішім сезетіндей... Бірақ ажырасып кетуге ешбір дәлел де, негіз де жоқ. Балалар ержетіп, алды тұрмыс құрайын деп жатқанда ажырасу ойға қонымсыз. Оның үстіне елуге келгенде мен қайда барамын? Ендігі жерде екінші отбасын құруда мән бар ма? Алты баламнан ажырап тыныш өмір сүре алмайтыным тағы белгілі. Өзімнің де кінәм барын мойындаймын.


Осының барлығын ойлаймын да, өзімді үнсіз басамын, амалсыз көнемін. Құдай көзбен көрсетіп, қолмен ұстатпасын деп тілеймін осы күні. Соңғы кездері ғана маған жылы қабақ танытатын болып жүр. Бірақ әлі де бірге жатпаймыз. Ашығын айтсам, батылым жетпей жүр...


Сөзін осылай аяқтаған ол отбасында кінәнің бір жақтан ғана болмайтынын, оған еркектер де, әйелдер де жол беретінін алға тартты.

«Әйелімді жамандамаймын, бәлкім соған жеткізген өзім шығар... Бірақ балаларымның анасы ретінде оның да күнәсі болса кешірмеймін. Өмір бойы енді екеуміз тек балалар үшін ғана бірге тұратынымыз белгілі екенін білемін... Қартайғанда әйеліңмен тату тұру да жақсы екен ғой?!», - дейді ол.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Атам үйде ішкиіммен жүреді»: Жас келін қандай ыңғайсыз жағдайға қалғанын айтты


«Қызымды ұзатсам түк бермеймін»: Шымкенттік әйел қызына жасау апармауға бекініп отыр