«Сендер менің күйеуіме кәрілік қыласыңдар» деп қойып қалды»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Бір ғана сөз, бір ғана бұрыс қадам кейде адамның тағдырын түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан мына өмірде алды-артыңды бағамдап, асықпай, анық басу керек», - дейді Мұсабек есімді азамат.
Бүгінде бір серіктестікті басқарып отырған оқырманымыз осыдан алты жыл бұрын болған оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Қай салада қызмет ететінім құпия боп қалсын. Бір айтарым, біздің ұжымда ерлерден гөрі қыздар көп болған. Жігіттерге қарағанда қыздардың жауапкершілігі жоғары. Кейбір жігіттер секілді уәдені беріп, ертеңіне ішіп, жұмыстан қалып қоя салу жоқ. Сол себепті мекемеме мейлінше қыздарды, онда да балалары өсіп, үй, памперс сияқты проблемадан арылған адамдарды алуға тырыстым.
Бір күні менің алдыма отызға толса да тұрмысқа шықпаған Динара есімді қыз келді. Пәлендей сымбатты болмағанымен, бір қарағанда сүйкімділігі бар қыз. «Бір ай сынақ мерзімімен қабылдаймын» деп ескертіп, жұмысқа алғам. Осы бір айдың ішінде Динара өзін жақсы жағынан көрсете білді. Бірақ тым батыл, кейбір кемшіліктерді бет-жүзіңе қарамай былш еткізе салатыны бар-тұғын. Ұжымға сонысымен жақпады.
Берілген тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындайды. Бойында өжеттік бар. Қызға тән сыпайылық, инабаттылық байқала бермейді. Жүрісі де тарс-тұрс. Онша жақтырмасам да іссапарларға алып жүрдім. Арамызда ештеңе жоқ, екі күнде екі қаланы аралап, кәсібімізге қатысты біраз мәселені шешіп кеп жүрдік. Сөйтсем оны Динара дұрыс түсінбей, мені ұнатып қалыпты.
Кезекті бір іссапарда баяғы арсың-гүрсің Динараның мүләйімсіп қалғанын байқадым. Бірдеңе айтсам көзін төмен салып, қызарақтап қалады. Бұрын байқалмайтын қызға тән қасиет қылаң бере бастады. Бірдеңе тапсырсаң көзін жерден алмай тыңдайды да, үнсіз шығып кетеді. «Жігіт пайда болған-ау, мінезі өзгеріп қалыпты» деп ішімнен тон пішіп қойғам. Сөйтсем Динара маған ғашық боп қалыпты.
Онысын жұмысқа келгесін жанындағы бір қызға айтыпты. «Бастық маған ұнап қалды, іссапарда мінезі жайлы, басқаша боп кетеді екен» деп мақтаған. Ол менің есепшім әрі бір-екі мәрте көңілім түскен Лаураның құлағына жеткен. Екеуі қырық пышақ боп керісіпті. Тіпті жұлысуға дейін барған. Бірақ ешбірі болған оқиғаны маған айтуға бата алмаған.
Екі күн өткенде кабинетіме қол қойдыруға Лаура кіріп келді. Баяғыдай емес, менімен сөйлеспейді. Отырғызып қойып әңгімеге тарттым. «Анау томардай Динарадан не таптыңыз? Бәсе, соңғы кезде қайта-қайта ертіп кететініңіз жаман еді. Ол оңбаған бүкіл ұжымға сізге ғашық екенін айтып, жарияға жар салып жүр. Екеуіңіз қол ұстасып қыдырыпсыздар» деп бұртияды. Естігенде естен тана жаздадым.
Дереу Динараны кабинетіме шақырттым. Сызыла кірген қызымыз «Ағай, сіз маған ұнайсыз. Шын айтам, мұндай күйді бұрын бастан кешпегем. Білем, сіз отбасылы адамсыз. Бірақ мына Лаураның неменеге қыстырылып, сізді қызғанып жүргенін түсіне алмадым» деп жылап жіберсін.
«Ей, сен кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білесің бе? Мен Мұсекеңнің оң қолымын бұл жерде! Мен не айтсам, сол болады» деп Лаура да өршеленіп кетті. Мен бір жақта қалып кеттім, екеуі салғыласып, маған таласып отыр. Айтарын айтып болсын деп күтіп отырғам, бір кезде есік ашылды да, ішке әйелім кіріп келді.
Қабылдау бөлмесінде біраз уақыт отырып, әңгімені әбден тыңдап алған екен. Кірген бойда Лаура мен Динараға қарап «Қыздар, таласпаңдар, біздің Мұсекеңе сендер кәрілік қыласыңдар! Мен оған он сегіз жасар тоқал әперем!» деді де, теріс бұрылып шығып кетті.
Одан гөрі айқайлап, жылап, сол жерде жер-жебіріме жетіп кеткені дұрыс еді. Әйелім мені мақтамен бауыздап тастағандай күй кештім. Екі қызметкерімнің айқайына миығымнан күліп отыр ем, енді екеуін жын көргендей қуып шықтым. Жұмыстан босатып жібердім.
Үйге келсем әйелім жылап отыр. «Ажырасам» деп тас-түйін бекініп алған. Бойжетіп қалған қыздарымызға да қарайтын түрі жоқ. Ақталдым, кешірім сұрадым, жағдайды түсіндіріп бердім. Бірақ әйелім оңайлықпен қайта қоймады. Бір аптадай бөлек жатып, бір-бірімізбен сөйлеспей қойдық. Әйелдің ренжігені жаман болады екен, ақылымнан адаса жаздадым.
«Менімен ары қарай бірге өмір сүргің келсе, жұмысыңдағы бүкіл әйелді қызметінен кетір де, орнына еркектерді аласың! Менің сіңлім ғана сенің есепшің болады» деп шарт қойды. Бұл маған сөз боп па, құлағымның тыныштығы үшін бәріне дайын едім, екі күнде бәрімен есептесіп, еңбек келісім-шартын бұздық.
Содан бері кіл еркектен құралған мекемені басқарып отырмын. Балдызым да Астанаға көшіп кеткен. «Аузы күйге үрлеп ішеді» демекші, қазір қыдырсақ да алды-артымызға қарап, әйеліміздің аңдысын бағып жүретін болдық».