Еркектің сезімі басқаға ауғанда ғана әйелімен бір төсекке жатқысы келмей қалады деп ойласаңыз – қателесесіз.
«Серіктестік босану» туралы естігеніңізді білеміз, ал серік ретінде босану залына кіргенсіз бе? Ал сіз қасыңызға кімді серік етер едіңіз?
Пандемия басталғалы босанатын әйелдің қасына бірге кіретін серікке тыйым салынған болатын. Жақында қайтадан рұқсат етілді. Бұл жаңалықтан соң жүкті келіншектің бірі анасын, екіншісі күйеуін, тағы бірі медициналық білімі бар құрбысын, әпкесін ертіп кіруді жоспарлап отырғаны анық-ақ.
Күйеу демекші, еркектің босану процесіне қатысқаны дұрыс па? Шымкенттік Нұрлан есімді азамат серіктестік босануға емес, серік ретінде ер адамның кіруіне үзілді-кесілді қарсы.
«Анасы, енесі, әпкесі, жеңгесі, мейлі құрбысы кірсін. Өйткені олар бала туып көрген, толғақ кезінде не істеу керектігін, қалай тыныс алу қажеттігін біледі. Серік босануға көмектесу керек, ал толғақтың не екенін білмейтін ер-азамат қалай жәрдемдеседі?», - дейді Нұрлан ашуланып.
Ол үш жыл бұрын босанған әйелінің бала туу сәтіндегі жағдайын, сол кездегі көріністі әлі ұмыта алмай жүр екен. Нұрлан өзін әлі де стрестік күйдемін дейді.
Ол бұл туралы кеңірек ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді:
«Әйеліммен 23 жасымда отбасы құрғанмын. Күйеу деген атқа қатарымнан қалмай ие болғаныммен, әке болуды ұзақ күттім.
Он жыл біз үшін үлкен сынақ болды. Талай рет ажырасып кетпекші болдым. Бірақ қимадым. Аиданы қатты жақсы көрем. Сондықтан да оның «Аңсап күткен тұңғышымыздың өмірге келген алғашқы минуттарына сенің де куә болғаныңды қалаймын» деген сөзіне қарсы келе алмадым.
Әрине бастапқыда достарым естісе күледі ғой деп, іштей сылтау іздеп жүргенмін. Бір күні кинодан әйелдің босанған соң талып қалғанын, ал қызылшақа нәрестені акушер басқа біреуге беріп, анасына «өлі туылды» дегенін көріп ойланып қалдым. Серіктестік босануды да шетелден көріп енгізген қазақ дәрігерлері шетел фильмдерінен көргенін істемей ме деген қара ой санамды жаулап алды.
Оның үстіне әйелім де «Менің қан қысымым қалыпсыз. Босану кезінде қайтыс болсам, соңғы сәтте қасымда болғаныңды қалаймын» деді ме-ау, әйтеуір серік ретінде кіруге көндірді ғой. Қазір сол бір келісіміме өкінем.
Әрине барлық нәрсенің екі жағы болады. Адамнан адамның қалай шығатынын өз көзіммен көргенімнің пайдалы жағы да бар. Әйелдерге, анама деген құрметім мен мейірімім артты. Олардың өмірдегі миссиясының өте қиын екенін, неліктен «Жәннат аналардың аяғының астында» екенін түсіндім.
Анамның мені де дәл солай қиындықпен, бір өліп, бір тіріліп жатып туғанын елестеттім. Серік боп кіргеннен соң анама қарсы сөз айтпайтын болдым, ауыра қалса жанынан табылам.
Бұрын «Әйелдерге рақат, үйде жылы жерде уайымсыз-қамсыз балаға қарап отырады, ал еркектер отбасын қалай асыраймын деп, өмір бойы жұмыс істейді» деп қынжылатынмын. Әйеліммен салғаласып, артық ақша сұраса ашуланып шыға келетінмін. Ал әйелімнің бала туғандағы қиналысын көргеннен кейін еркек боп өмірге келгеніме қуандым. Толғату, бала туумен салыстырғанда табыс табу әлдеқайда оңай екен. Сол жағдайдан соң еңбектенуден жалықпайтын болдым.
Менің ойымды, мінезімді жақсы жаққа өзгерткеніне таласпаймын. Бірақ психологиялық тұрғыдан кері әсері де болмай қоймады. Баламның басы жатырдан шығуда қиналып жатқанда, дәрігер қайшымен қынап аузын тіліп жіберді. Дәрігердің ұра жаздадым. Әйеліммен қосылып жыламасам да, жаным ауырды.
Міне, содан бері әйелімнің тәнін ауыртып алардай қорқып, оған жақындай алмай қалдым. Құшақтағаннан әріге бара алмаймын. Кейде амал жоқ оның қалауымен міндетімді орындаймын. Содан кейін екі аптадай өзімді айыпты адамдай жазғырып жүрем... Бұл күйімді тәптіштеп түсіндіре аламймын, бірақ өте қиын, айтуға ауыр...»
Нұрлан осылай дейді. Ол басқа еркектердің де бұндай психологиялық күйге түскенін қаламайды. Сондықтан да ол еркектің серік болуына қарсы. Сіз ше, оқырман, күйеудің босану залына кіргені дұрыс деп ойлайсыз ба?
Ұқсас оқиғалар:
«Тіс көрсем біреу қайтыс болады»: ақтаулық бойжеткен өзінің түсінен қорқатынын айтты
«Қазір базарда жүрмес едім»: шымкенттік келіншек ағасына жол бергеніне өкінеді