​«Әйелінен ажырасып, сүйгеніне қосылды»: шымкенттік әйел жалғыз інісінің тағдырын айтып берді

0
9 454

«Мамамыз ұнатқан келін үйімізді тонап кетті»


​«Әйелінен ажырасып, сүйгеніне қосылды»: шымкенттік әйел жалғыз інісінің тағдырын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Әр ата-ана баласының жақсы болғанын қалайды. Бірақ кейбіреулері тым өбектеп, «балама не жақсы екенін мен білем» деп алдына түсіп, бала үшін шешім шығарып тастайды. Оның соңы жақсы болмайтынын өз бауырымның тағдырынан көрдім. Жар дегенде жалғыз інімнің кімге үйленетінін әке-шешеміз шешіп еді, соңында қателескенін түсінді», - дейді Бибінұр есімді шымкенттік оқырман.


Бибінұрдың айтуынша, ата-анасы балаларына досының қызық лайық көріп, екі жасты қинап қосыпты. Оның соңы немен аяқталғанын Бибінұр ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Сіңлім екеуміздің жалғыз ініміз бар. Кішкентайынан оны бәріміз ерекше жақсы көріп, бар жақсыны соған беріп өсірдік. Әсіресе әкем ерекше жақсы көретін, «менің ұрпағымды жалғастырушы» деп жанынан бір елі тастамай, жақсы тәрбие бере білді. Біздің де ініміз дегенде шығарға жанымыз бөлек болды. «Ертең осы бала сендердің балаларыңа нағашы боп, іздейтін болады» деп мамам бауырымыздың мәртебесін көтеріп қоятын.


Сол інімізге мамамыз мектеп кезінен қыз іздеді. Ауылда інімізбен тетелес қызы бар үйдің бәрін сыртынан сынап, қызын байқап, бақылап жүретін. «Пәленшенің қызы бізге келін болуға әбден лайық екен, Түгеншенің қызы болмайды» деген сиқты әңгімесін айтатын. Біз таңдауды ініміздің өз еркіне салу керек екенін айтып, күліп отыра беретінбіз. Әрине, ол кезде мамыздың таңдауы тым «серьезный» боп кететінін білмеппіз ғой.


Мен тұрмысқа шығып кеттім, сіңлім де өз теңін тауып, ұзатылды. Кезек жалғыз інімізде, мамамыз қыз іздеуге шындап кіріскенде інімнің мазасы кетті. Себебі ол басқа ұлттың бір қызымен көңіл жарастырып, кездесіп жүреді екен. «Әпке, енді қайттім, үйдегілерге Аняны қайтіп таныстырам?» деп інім ақыл сұрап келгенде «ештеңе етпейді, оларға өзім жеткізем» деп шіреніп отырғам. Бірақ менің сөзімді олар тыңдаған да жоқ.


«Егер ол қызды алып келетін болса, бізді ата-анамыз деп танымасын» деді. Ел-жұрттан ұят болатынын, олардың бетіне қарай алмай қалатындарын айтты. Әкем «ұрпағымыздың қаны таза болмайды» деп шырылдады. Мамамыздың қан қысымы көтеріліп, ауруханаға жатып қалды. Осылайша үйдегі тыныш өмірлерінің астан-кестеңі шықты.

«Аня біздің дінді қабылдаған, қазақшасы тап-таза, қазақтың қызынан артық болмаса кем емес» деп шырылдап еді, ұрысып тастады. Мамам «мен айтқан қызды алмасаң бетіңе қарамаймын» деп шорт кесті. Не керек, інім әке-шешеміздің айтқанына көніп, солар айтқан қызды үйге келін етіп әкелді. «Пәленшенің қызына жететін қыз жоқ» деген қыз енді біздің келін болды.


Дүркіретіп беташарын да, той да жасадық. Бірақ бауырым бақытсыз еді. Оның көзінен бәрі көрініп тұратын. Жар етіп алған қызы, кімнің қызы, не істейді, неше жаста екеніне еш қызықпады. Қыз да әке-шешесінің айтуымен тие салды ма, бәріне немқұрайды қарайтын. Үйдің тірлігіне тым салақ. Мамам байғұс баламның қабағына кірбің түспесін деп келіннің алдына түсіп шаба беретін. Соған әбден үйреніп алған ерке келініміз тал түске дейін ұйықтайды. Тұрғаннан телефонға телміріп отыра береді. Оны үйім жақын болғасын келіп-кетіп жүріп мен байқаймын. «Мама, мына келініңіз қандай өзі?» десем, «Ойбай, үндеме, балалы болғасын өзі үшін пысық боп кетеді» деп бір ауыз қарсы сөйлетпейтін.


Сол келін бір күні «Каспиден» миллион теңгеге «Айфон» сатып алыпты. Оны інімізге де айтпаған. Өзі жұмыс істемейді, қалай төлейтінін ойламаған. Су жаңа қымбат телефонды қолына алғанда інім сөйлеген ғой. «Менен неге рұқсат сұрамайсың?» деген шығар, әйтеуір соңы ұрысқа ұласқан. «Мен мынаның кредитін төлемеймін» деп сөйлеген күйі жұмысына кетіпті. Сөйтсе келініміз мамамыздың бүкіл алтынын, інімнің машина алам деп жинап жүрген ақшасын алып, төркініне кетіп қалыпты. Естігенде аң-таң болдық.


Мамам мен папам артынан іздеп барған екен, «Мен Заңғармен өмір сүре алмаймын. Ақшаны да қайтармаймын, ол мені бақытты ете алмады, бекерге күйеуге тиді деген атқа қалдым» деп бет бақтырмапты. Осылайша шығынға батып, ел-жұртқа өсек болдық.


Осылайша, арадан тағы 6 айдай уақыт өткен соң, біз тағы да тойға дайындалдық. Бұл жолы үлкен той емес, кішігірім ғана той жасадық. Інім «мен өз сүйгеніме қосылам, енді қарсы келер болсаңдар, онда мына үйден мен кетем» деп табандап тұрып алды. Аня қыз ініміз үйленген соң мүлдем сөйлеспей, көріспей кеткен екен. Бірақ ініміз ажырасқан соң, қазақи дәстүрге салып, оны алып қашқан. Алғашында ашуланғанымен соңынан ол да разы болды.


Түрі, ұлты басқа демесең қазақшасы бізден жақсы. Иіліп сәлемін салып, үйдің бар шаруасын дөңгелетіп әкетті. Екі ұл туып берді. Басында мамам қырын қарап, жақтырмай, сыртынан жамандап отыратын. Қазір әке-шешеміз үшін одан асқан келін жоқ. «Он қызға бергісіз келінім бар» деп мамам мақтанып қалады.


Айтайын дегенім, шынайы махаббат қана барлық қиындық, кедергіні жеңіп шығады екен. Сондықтан ұлыңыз немесе қызыңыз біреуді сүйіп тұрса, онда таңдауына құрметпен қарау керек. Бір кездері жасаған ағат шешімдері үшін ата-анамыз да өкінеді. Дегенмен, соңы жақсы аяқталды. Оған да шүкір...»