​«Әке-шешеме зейнетақысын бермейді»: түркістандық әйел ата-анасының аянышты жағдайын айтты

0
3 862

«Әпкем ақыл айтып еді, бәрімізді үйден қуып шықты...»


​«Әке-шешеме зейнетақысын бермейді»: түркістандық әйел ата-анасының аянышты жағдайын айтты

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Келін мен ененің, қайынсіңлі мен жеңгенің арасындағы тұрмыстық мәселелер жиі талқыланып жатады. Оқырмандырымыздың бірі түркістандық келіншек өзінің жеңгесінің отбасында орнатқан ережесеіне көндіге алмай жүргенін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Әке-шешем өз зейнетақыларын жарата алмайтындай тым кәрі де емес. Әкем 72-де, ал анам 69-ға енді толды. Бұл деген әлі жап-жас қой?! Өздері де базарлай алады, ақыл-естері, денсаулығы да дұрыс. Бірақ үйдегі жалғыз келіндеріне қол жайып отыр», - деп ашуланған ол төркініндегі бар жағдайды айтып берді.


- Бәрі сол «жалғыз ұл, жалғыз келінім» дегеннен шықты. Бес қыздың арасында құдайдан тілеп алған жалғыз ұлының келіншегі не десе де көнеді әке-шешем. Көздерінде мұң барын сеземіз, ағайынға күлкі мен таба болғысы келмейді, сол үшін жандары ауырса да бәрін іштерінде сақтайтынын білеміз.

Төрт қыздан соң туған ұлы, яғни менің ағам аз тентектік жасаған жоқ. Ең соңында өзінен үш жас үлкен, бұрын тұрмыста болған осы жеңгемізді жетектеп келді. Мейлі, тұрмысқа шыққан болсын, кім болса да екінші рет бағын табуға құқылы ғой. Бірақ саналы болып, әке-шешені сыйлауды білсе ренжімес едім. Ол кезде мен мектепті енді бітіріп жатқанмын.

Үйге келін түссе де шаруаның барлығы анам екеуміздің мойнымызда болды. Өзім тұрмысқа шыққанша үйімнің бар шаруасын істеп кеттім. Үй әктеу, жөндеу жұмыстары болса төрт әпкемді шақырып бәрін жасап тастайтынбыз. Ол кезде жеңгем не босанып жатады, не ауырып қалады. Басында оның мұндай қылықтарына сеніп жүрдік. Кейін мән берсек, өтірік істейді екен. Қонақ күткенде де солай, несіне ренжиік?! Өйткені, бұрын әкем жұмсаса ағам да солай өтірік ауырып қалушы еді.


Бірде аузы батыл екінші әпкем айтып тастап еді, айқайлап жылап, бүкіл ауылға масқара етіп, араға ағам түсіп бәрімізді үйден қуып шыққан. «Менің келіншегіме сөйлеуші болмаңдар, барыңдар үйлеріңе! Сендердікім шақырды?» деп сөмкемізге дейін далаға лақтырғанда екінші келместей болғанбыз. Қашанғы жүрейік, әке-шешем тұрғанда... Бірақ бұрынғыдай жиі келуді, үйдің шаруасына көмек беруді доғардық. Тек бір жиын болса ғана келеміз.


Жақында денсаулығыма байланысты төркініме барып бір ай жатып сонда емделуіме тура келді. Үш ұлы бар жеңгемнің әке-шешеме қалай қарайтынын сонда көрдім. Мен келген күні-ақ қабағы қарс жабылған. Кетіп қалғым кеп тұрды да, анамның сөзін де, өзін де қимадым. Оның үстіне іштей ерегістім, «неге мен төркініме, туған үйымде жатпауым керек, осы үйге менен артық еңбегі сіңген ешкім жоқ шығар?!» деп қонақ бөлмеге жайғасып алдым.

Әкем мен шешем сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығады екен. «Қоя берші, әбден қыбырлап қалғанбыз, түк істемей жатып қалсақ ауырамыз» деді менің «неге демалып жатпайсыңдар?» дегеніме. Келгеніме бір апта өткенде нағашымның, анамның туған інісі келін түсірген тойына бармақ болды әке-шешем. Киімін дайындамақ болып шифоньерді аштым. Сенесіз бе, соңғы рет мен тұрмысқа шыққанда тойыма киген көйлегі тұр, әкемнің де сонда алған костюмі. Ал оған 8 жыл болған. Бір жаңа киім таппадым. Қарап тұрып жылап жібердім.


Ал кешкісін анамның асүйде күбірлеп келінінен тойға ақша сұрап жатқанын естіп қалдым.

«10 мың теңге не болады, туған інім ғой. Сендердің тойыңа бір жылқы әкелген» деп күбіжіктеген оған «енді соны қайтару керек пе, біз бармаймыз, жетеді осы!» деген діңкілген даусын естіп қалдым. Менің ашумен кіргенімді көрген анам «қоя берші, жүр шай ішейік» деп алып кетпек болды. «Сен кім едің менің анама діңкілдейтін?» деген бір сұрағыма баяғы әдетіне салды. Не керек, маған айтпағаны қалмады.


Сонда білдім әкем мен анамның зейнетақы алатын карточкалары соның қолында екенін. «Неге бересіздер, өздеріңіз есеп білмейсіздер ме? Әлде осылай қол жайған ұнай ма?» деп жылап тұрып ұрсып та алдым анама. Терең күрсінген оның ішінде де талай реніш, өкпе жатқанын сездім. «Е, Алла! Алатын болсаң осылардың алдында алшы...» деп күрсінгенде ішімді от қарыды.


Келінге күні қарап, ең ақыры зейнетақыларына бір жаңа көйлек ала алмаса, қыдырып еркін жүре алмаса, үйдегі шаруадан шықпаса, естігені сөз болса осылай тілемегенде қайтсін?! Болмыстарынан момын еді, келіні одан сайын жүнжітіп жіберді...


Кешкісін ағам келгенде жылап тұрып айтқаныммен естіген сөзім «сенің шаруаң болмасын» болды. «Осы үйде бірге тұрған соң барлық ақша да бір қолда болуы керек» деген оның сөзді түсінбейтініне көзім жетті...

Қазір ойланым жүрмін, ата-анамды ол үйден алып кетсем деймін. Өз зейнетақылары өздеріне жетеді, ешкімге масыл болатын жағдайда емес. Құсадан, реніштен денсаулықтары да кейін кетіп бара жатыр. Қайтсам екен?!, - дейді ол...


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Үйлену тойы мен бесіктойын бірге жасап жатыр»: шымкенттік әйел той жасайтындарға ренжіді


«Бүкіл байлығымнан бір жылда айырылдым»: алматылық азамат құмар ойынға қалай «кіріп» кеткенін айтты