​«Әкем екеуміз жаназада жолықтық»: түркістандық келіншек төркініндегі жағдайды баяндап берді

0
4 352

«Соңғы демі шыққанша мені ойлап кетіпті...»


​«Әкем екеуміз жаназада жолықтық»: түркістандық келіншек төркініндегі жағдайды баяндап берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бір аптадан бері ішімді бір өкініш кернеп, күйдіріп-жандырып барады. Ешкімге айта алмаймын, бірақ бөліспесем жарылып кетердей боп отырмын. Сол үшін сіздерге қалам алып, хат жазып отырмын», - депті ERNUR.KZ сайтына өз оқиғасын жолдаған Гүлсая есімді оқырман.


Әкесі мен анасы ажырасып кетіп, анасының жанында өскен келіншектің айтары көп екен.


«Тағдырдың жазуы солай болған шығар, екеуі мен мектепке барған жылы айырылысты. Мамам жастықты құшақтап көп жылайтын. «Ұрысып, бет жыртысып, бір-бірімізге жаман сөз сөйлесек мейлі ғой, ләм-мим демей кетіп қалғаны жаныма батады» деп келгендерге айтып отыратын. Әкем кетсе де біз ауылдан көшпедік. Мамам басқалар сияқты «төркініме кетем» деп айтпады. Ата-енесімен бір ауылда тұра берді. Осылай біз тоғыз жылды артқа тастадық. Әкем бір әйелдің арбауына түсіп қалған екен, сонымен басқа қалаға қоныс аударып кетті де, туған-туыс, ағайынмен де араласуды қойды. «Бір шіріген жұмыртқа болды» деп апам марқұм көзінің жасын сығып-сығып алатын. Сөйтіп ағайын-жұрттың бәрі өз бауырымен емес, бізбен жақын араласты. Тек бір қарындасы ғана ағасының сөзін сөйлеп, бізбен мүлдем қарым-қатынасты үзді.


Әкесіз өміріміз оныншы жылға аяқ басқанда біз қалаға көшіп кеттік. «Қызым енді мектеп бітіреді, қалада жалғыз жүргізіп қоя алмаймын, маған рұқсат беріңіздер» деп үлкендердің ақ батасын алып, әулеттің басын қосып ас беріп, біз қалаға қоныс аудардық. Солай менің апаммен, аға-бауырларыммен қарым-қатынасым біраз жылға үзіліп қалды. «Өздері іздеп келер, біз не деп барамыз, кеттік қой олардан» деп мамам ыңғай білдірмеген соң мен де «сағындым» деп айта алмадым. Көңіліне қарадым.


Тек тағдырдың жазуымен бойжетіп, университет бітірген соң ауылдың жігітімен көңіл жарастырып, дәл апамның үйінен сәл ары көшеге келін боп түстім. Бұған менің төркінім қатты қуанды, «айналайын, ақылыңнан сол» деп апам марқұм балаша қуанғаны есімде. Солай әкемнің туыстары тойымда тік тұрып қызмет көрсетіп, арамыздағы үзіліп қалған байланыс қайта жалғанды. Еншімізді алып, қалаға кеттік. Бірақ ауылға барған сайын апама сәлем беру үшін бір соғып кететінмін. Ол кісі балаша мәз боп қуанып қалушы еді...


Бірақ арада біраз жыл өткенде баяғы бір әйелмен кетіп қалған әкем қайта оралды. Қартайған шағында бауыр, ағайын-туыс керек болған шығар, ара-тұра ауылға келіп, анасының халін біліп тұрады екен. Ол кісі де бауыр еті баласынан бас тарта алмайды ғой, бірін маған айтып, бірін айтпай араласып тұрды.


Әкем оралыпты дегенде кәдімгідей қобалжыдым. Бір күні көргісі келіп, іздейтін шығар деген үміт болды. Бірақ оның оған батылы жетпеді, әйелінен аса алмай, сол күйі біз араласпай кеттік. Екеуміздің арамыздағы салқындық туған-туысқа да оңай тимеді. Ағаларым той істесе не мені, не әкемді шақырарын білмей, өзара әжептеуір мәселе қылып талқылайтынын естіп жүрдім. Біраз тойға түсіністікпен, шақырмағасын бармай қойдық та.


Дегенмен осыдан екі жыл бұрын мен той жасадым. Ұлымызға сүндет той бердік. Үш жыл тірнектеп ақша жинап, үлкен үй тұрғызғанбыз, соған кірдік. Төркінім қоғадай жапырылып, үйімізге «құтты болсын» айтып келді. Тек апам «шамам жоқ, бара алмаймын» деп сәлемдемесін айтып, үйге де, тойға да келмеді. Бір жыл бұрын отаға түсіп, содан аздап әлсіреп қалғаны бар еді. «Жасы келген, үлкен кісі ғой, денсаулығы болмаса болмаған шығар» деп үндемедім. Тойдан кейін жабуымды алып, арнайы сатып алған алтын жүзігімді алып, өзім іздеп, тағып кеттім. «Тойымның төрінде отырғаныңызды осынша қалап едім» деп көзіме жас алғанымды жасырмаймын. Кейін қалаға, қызының үйіне келгенде де «апа, менің үйімде де бір апта жатыңызшы, өзім қараймын» деп қанша айттым. Келмеді. «Әуре болма, жұмысыңды істей бер» деді.


Бірақ біздің тойдан кейін екі ағам той жасады. Сөйткенде «ауырып отырған» апам әлгі тойға барып, бастан-аяқ қатысқанын туыстар жіберген суреттерден көріп отырдым. Сол кезде қатты ренжідім. «Апа, менің тойыма келмеп едіңіз, өз туған балаларыңыз жасаған тойда да, құдалықта да отырсыз ғой. Сонда менің қуанышым сіз үшін маңызды емес пе?» деп телефонда жылап, өкпемді айтып алдым. Шынымды айтсам, сол жағдайдан кейін төркініммен сирек араласатын болдым. Бәрі мені бөлектеп жатқандай көріне берді.


Апам жарықтық телефоныма звондап, жағдайымды сұраса әңгімені қысқа қайырып, тұтқаны қоюға асығатын едім. Балалықпен ақымақтық жасағаныма қазір ішім ашиды. Ата-енем де «келіп, апаңның жағдайын сұрап кетсейші, кішкене мазасы болмай қалыпты» деп айтқанда да көңілге алмай, елемей жүре бердім. Сөйтіп жүргенде апам бір аптадай төсек тартып, ана дүниеге аттанып кете бардық. Әбден әлсіреп, тілден қалып, жаны қиналып жатқанда ғана ағаларым хабарласып, хабар берді. Мен жетем дегенше ол кісі үзіліп кете барды...


Жаназада ішімдегі өкінішті көз жасыммен шығардым. Қайтемін, күйігімді қалай басарымды білмедім. Өмірінің соңғы сәттерінде жанынан табылмағаныма, ішімдегі сырымды айтып, ол кісіні тыңдап үлгермегеніме қатты өкінемін. Баяғы бізбен араласпай кеткен әкемнің қарындасы мені құшақтап «Апаң өмірден өткенше сені аузынан тастамады. «Шеттетпеңдер, ол менің қызым, қуанышынан қалмай барыңдар» деп маған аманаттап кетті дегенде іштегі күйігім одан сайын күшейіп кетті. Айтарға сөз таппай қалдым, «Апау, кешіріңізші» деп күбірлегеннен басқа амалым жоқ енді.


Әкем екеуміздің басымызды қосуға қорқатын туыстарымыз бұл жолы ештеңе істейалмады. Жаназада жолықтық. Бірақ мен оны, ол мені танымағандай кейіп танытты. Осының өзі қаншалықты ауыр екенін білсеңіз ғой... Мен оған не жаздым?! Не кінәм бар менің?! Анаммен жараспаса да менен неге бас тартты?! Сұрақ көп, жауап жоқ.


Жақын адамыңызға ауыр сөз айтудан, болмашы нәрсеге өкпелеп, тоң-теріс жүруден аулақ болайықшы. Адам деген бүгін – бар, ертең – жоқ. Күні біткен күнде кетіп жатыр. Сондықтан жақсы көрген жандарға айтатын жақсы сөзімізді ертеңді күтпей айтайық, барында бағалайық дегім келеді».