​«Әкем секілді пышақтап тастай ма деп қорамын»: шымкенттік келіншек тұрмысқа шықпай жүргендердің жанын жараламауға шақырды

0
1 597

«Шешемнің жалғыз пальтосын бір шөлмек араққа айырбастап жіберген»


​«Әкем секілді пышақтап тастай ма деп қорамын»: шымкенттік келіншек тұрмысқа шықпай жүргендердің жанын жараламауға шақырды

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қазақ ақыл айтуға, кеңес беруге шебер ғой. Адамның жүрегіне терең бойламай жатып, ол сұрамаған ақылды қарша боратамыз. Күйеуге тимей жүрген қызды көрсек «Қартайып барасың! Қашан тұрмысқа шығасың?» деп жанын жаралаймыз. Тумаған әйелді көрсек «көтердің бе, қашан енді...» деп тағы тықақтаймыз. Яғни адамның жеке шекарасына өтіп, жарасына тұз сеуіп жатқанымызды түсінбейміз. Мен де күні кешеге дейін сондай едім, жасырмаймын. Бірақ құрбымның бір әңгімесі мені түбегейлі өзгертті. Енді қазір ешкімге жеке өміріне қатысты сұрақ қоймаймын, сұрамаса ақыл айтпаймын», - дейді Жаннұр есімді келіншек.


Жаннұр ERNUR.KZ тілшісіне жасы жиырма жетіге келсе де тұрмысқа шықпай жүрген құрбысының басынан өткен оқиғаны баяндап берді.


«Мен де таяуда Марал деген құрбыммен алғаш рет ашылып сырластым. Бұрын оны күйеуімнің достарымен, басқа да жігіттермен таныстырушы едім. Бірақ құрбым екінші мәрте ол жігіттермен кездесуге шықпайтын. «Ұнамады» деп те айтпайды, «ұнаттым, жақсы екен» демейді. «Қойшы, тұрмысқа шығуға дайын емеспін...» деп бұл тақырыпты жылы жауып қоя салатын. Оның сырын жақында білдім.


Марал інісімен, анасымен бірге тұратын. Екеуміз университетте бірге оқып, айырылмастай дос болсақ та оның әкесі жайлы айтқанын, оны сағынған кезін білмеппін. «Олар мен кішкентай кезде ажырасып кеткен» деп бір сөзбен жауап бере салатын. Жақында күйеуім іссапармен Алматыға кетті де, кішкентай баламмен жер үйде жалғыз қалуға қорқып, Маралды шақырып алдым. Мен тұрмысқа шыққалы жиі кездеспей кетіп едік, таңға дейін әңгімеміз таусылмай, әбден шер тарқаттық.


«Менің анам мен әкем теңге ауысып, елдің бәрі айлығын ала алмай, жеуге нан таппай қалған тұста үйленген, - деді құрбым.

- «Қалаға барып жұмыс істейміз» деп анамды ертіп, ауылдан кеткен. Қалада дайын үй бар ма, орыстың жаман пәтерін жалдап тұрады. Сол аралықта мен, артынша інім дүниеге келген. Есімді білгелі екеуінің арпалысын көрдім. Бізді туғанға дейін бақытты өмір сүргеніне де күмәнім бар. Бәленің бәрі жоқшылықтың кесірінен басталды-ау. Әкем құрылыста істейтін, ол кезде еңбек келісім-шарты деген жоқ, бір ай терлеп-тепшіп тапқан табысын ай соңында басшылары бермей қоятын. Содан араққа сылқия тойып келеді. Келген күні отырып алып жылайтын. Жылап отырып «бәленің бәрі сенің кесіріңнен, сен менің басыма бақ емес сор боп келдің» деп дым кінәсі жоқ анамды төмпештей бастайды.


Басында бір-екі шапалақтан кейін жатып ұйықтап қалатын. Бірақ уақыт өте әкем күн құрғатпай ішетін болды. Жұмыс жайына қалған, ол табыс таппағасын анам үйден мәнті пісіріп, вокзалға апарып сататын. Інім екеуміз көтерісіп, қолымыздан келгенше көмектесеміз. Одан үйге келсек «бар, арақ тауып кел» деп әкем зіркілдеп, бізді далаға қуады. Кіп-кішкентай басымызбен дүкендегі сатушы апайға жалынып, анамның атына жаздырып әкеп береміз. Ішіп алып бұтына жіберіп, үйдің ішін былғап жатушы еді.


Бір кездері анам белінен шойырылып, мәнті сатуға жарамай қалды. Бір апта төсектен тұра алмай, інім екеумізді әбден уайымдатқаны бар. Сонда әкем әйеліне болысып, үйге екі нан тауып келейін деп ойламады. Керісінше, үйде сатуға жарамды не бар, соны жымқырып, араққа айырбастап жіберетін. Анам байғұстың артынан келген лама пальтосы бар еді. Онысы өзіне тарлау, жауырыны жібермей тұрса да, қыстан сомен амалдап шығушы еді. Басқа киімі жоқ. Көзі қарайған әкем соны ұрлап әкетіп, бір шөлмекке айырбастап жібергенде пәленбай жыл үндемей жүрген анамның шыдамы таусылды. «Атауыңды ішкір!» деп алғаш рет күйеуіне қарсы сөйледі.


Сол күнгі қырғынды айта алмайм, әкем «сенің тілің шығайын депті» деп дәу пышақты алып, анамды «өлтірем» деп қуалады. 5-6 жасармын ғой, әлгі көрініс санама сіңіп қалған. Інім екеуміздің араша түскеніміз, бізді жолдан ысырып тастайм деп інімді пышақпен жарақаттағаны, көрші орыс апаның көмекке келіп, анамды сақтап қалғаны... әлі күнге дейін ұмытылмайды. «Мама, кетейікші мына үйден, әкемді қуып шығайықшы» деп жыладым. «Ол жоқшылықтың кесірінен өстіп жүр, әлі-ақ бәрі жақсы болады, ит те болса әкелерің ғой» деп анам үндемей шыдады.


Бірақ оның шыдағанын әкем жуастыққа балап, қит етсе пышақ ала жүгіретін болды. Бір күні үйдің іші астаң-кестең боп, әкем қолына пышақ ұстап екі бөлмелі пәтерде жын ұрғандай жүгіріп жүргенде ауылдан нағашы атам мен әжем келіп қалды. Атам марқұмның қолы қуатты, денелі кісі еді, тоз-тозы шыққан әкемді бір ұрып құлатты да, полицияға ұстатып жіберді. Әжем «Бір күні болмаса бір күні бата тимей, қате тиіп кетіп, өлтіріп түрмеге түсіп, балалар қараусыз қалар күнді күтіп отыра алмаймыз. Болды, ажырасасыңдар!» деп, сол күні біз нағашыларымыздың ауылына көшіп кеттік.


Сол күннен кейін біздің өміріміз жақсы жаққа өзгерді. Атам бізге үй әперіп, анамды жұмысқа тұрғызды. Бізді де өсіруге, оқытуға көп жәрдем берді. Бірақ санамның түкпірінде күйеуге, еркекке деген сенімсіздік, күмән қалып қойған. Ертеңгі күні күйеуім мені пышақпен қуалап ұратын сияқты көрінеді де тұрады. Тіпті сыра ішкен, арақ ішкен еркекті көрсем, оған ендігәрі жоламауға тырысам. Бар жағдайымызды жасап, көмектессе де атамның өзі кейде арақ ішіп, анда-санда әжемнің берекесін алатын. Сондықтан менде ер-азаматтарға деген сенім жоқ. Тұрмысқа шықпай жүруімнің себебі де осыда».


Маралдың сырына қаныққаннан кейін «тұрмысқа шықсайшы» деп айтқан сайын оның жанды жеріне тұз сепкендей болғанымды түсіндім. Жалпы, өсіп келе жатқан бала психологиясы сыртқы әлемді қабылдауы үш жаста, бес жаста, жеті жаста қалып­та­сады екен. Міне, осы жасқа келген тұста ажырасқан отбасындағы қыздың пси­хи­касында жарақат қалады. Ал кей әйелдер мұны түсінбей «балаларым әкесіз өспесін» деп күнделікті қырғынға, дау-жанжалға шыдап, көніп жүре береді.


Бұл оқиғадан көңілге түйгенім, әйел отбасындағы зорлық-зомбылыққа шыдап жүре берсе, ол өсіп келе жатқан баланың психологиясына кері әсерін береді екен. Ұрыс-керістің ортасында өскен баланың түзу адам боп өсуі некен-саяқ, көбіне ашушаң, сабырсыз, ұрда-жық мінезді боп шығады. Қазір баяғы заман емес, алқаш, жатыпішер, әйеліне қол көтеретін еркектен ертерек құтылу керек. Бұл – менің пікірім».