«Әпкемнің мінезінен қатты шаршадым»: шымкенттік әйел жанайқайын жеткізді

0
1 994

«Тойананы аз әкеледі» деп менсінбейді»


«Әпкемнің мінезінен қатты шаршадым»: шымкенттік әйел жанайқайын жеткізді
иллюстрациялық фото ашық дереккөзден алынды


«Кейбіреулердің бауырларына қарап қатты қызығамын. «Мынау менің бауырым» деп жер-көкке сыйғызбай мақтап, бауырының мерейін өсіріп отырады ғой. Ал менің бауырларымның бойында ондай сезім жоқ сияқты. Бір-бірімізге деген мейірім-махаббат күн өткен сайын жойылып барады», - деп күйінеді Ұлбосын есімді әйел.


Айтуынша, үлкен әпкесінің әр сөзі жүрегіне қанжардай қадалып жүр екен. Мәселенің мән-жайын ERNUR.KZ тілшісіне Ұлбосын ханымның өзі айтып берді.


«Біз бір атадан бес қыз, екі ұлмыз. Кей құрбыларым «әпкелерің көп, неткен бақыттысың» деп қызығып отырады. Аллаға шүкір, бауырлардың бары жақсы. Бірақ солардың ішінде ең үлкен әпкемнің кейбір іс-әрекеттері маған жақпай жүр. Тіпті соңғы кездері арамыз суып кетті десем де болады.


Үлкен әпкем менен он бес жас үлкен. Мен енді бойжетіп келе жатқан шақта ол кісі тұрмысқа шығып кеткен. Одан кейінгі үш әпкем де артынша теңін тауып кетті. Үйде екі інім, ата-анамызбен қалғанбыз. Анамның созылмалы сырқаты бар еді, мен мектеп бірер жылы көз жұмды. Әкемізге бұл жағдай ауыр тиді. Десе де сыр білдірген жоқ. Біздерді аяққа тұрғызу үшін барын салды. Бақуат, малды кісі еді. «Кенже қызымның талабы жақсы, оқытамын, мұғалім болады» деп мені ғана институтқа түсірген. Оқу орнын бітірер жылы мені өзім сүйген жігіт алып қашты да, бір әулетке келін болып түстім.


Обалы не керек, әкем артымнан бар жасауымды үйіп-төгіп апарды. «Шешесі жоқ демесін» деп жөн-жоралғылардың бәрін ел қатарлы жасады, құдаларын шақырып күтті. Бірақ артынша өзі де сырқаттанып, төсек тартып қалды. Сонда әкем үлкен әпкемді шақырып алып «Мына ақшаны Ұлбосын босанса, бесігіне, керек-жарағына жаратарсың» деп беріп кеткен. Оны кезінде «Олай-бұлай боп кетсем бар дүниені әпкеңе тапсырып кеттім. Уайымдама, отбасыңа еге бол» деп айтып кеткен. Көп ұзамай әкем де дүние салды. Алланың ісіне амал жоқ, бәріміз көндігіп, қала бердік.


Әкем өмірден өткенде аяғым ауыр еді. Көп ұзамай ұлды болдым, әпкелерім бесігімді апарып, жоралғылардың бәрін жасады. Бірақ тағдырға не шара, балам әкелген бесіктің рақатын көрмеді, шетінеп кетті. Кейінгі туған балам да тұрмады, ауырмай-сырқамай кете барды. Сосын бірнеше жыл емделіп, жер аударып, дем салдырып жүріп екі қыз босанып алдым.


Айтайын дегенім, қазір бәріміз қартайып, қыз ұзатып, келін алып, біршама жасқа келдік қой. Әпкем қазір жетпістен асты. Жетпіс жылдық мерейтойын жасаған. Алтын тағатын жөнім еді, бірақ дәл сол кезде денсаулығым болмай, қаражаттан қысылып отырған шағым еді. Жиырма мың теңгені конвертке салып, апарғанмын. Сол нәрсе басыма сор болып тиді. Апарған тойынамды азсынғаны белгілі. Енді отырған жерінде «бауырларымның бәрін өзім өсіріп, адам еткенмін. Әсіресе мына кіші сіңліме бейнетім әбен сіңген. Жетім демесін деп анасы ретінде бесік апарып бергенмін. Жас отбасы ғой деп етімді еттей, майымды майдай тасығанмын. Сонда да рахметті білмейді» деп көпшіліктің көзінше масқарамды шығарады.


Әкелген бесігінде балаларым өсіп-өніп, бәрі жетіліп тұрса мейлі ғой, рахметімді жаудырар едім. «Бесік апарғам» деп міндетсінген сайын жүрегім тілінгендей күй кешемін. Обалы не керек, әпкемді қатты сыйлаймын. Бар шаруаны сол кісімен ақылдасып шешемін. Қонақ күтсем алдымен соны шақырып, төрімнен орын беремін. Сонда да жақпай-ақ қойдым.


Қыз күнімде оқыған мамандығым қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі еді, кейін бастауышты бітіріп алғым келді. Оқуға түстім. Бір жолы оқу ақысын төлеуге ақшам жетпей, әпкемнен қарыз сұрағанмын. Берді. Бірақ кейін күйеуім тауып берді де, дер кезінде құтылғанмын. Соны да қоймай айта береді. «Кезінде оқуына ақша таппай жүргенде мен төлеп, дипломын алған» деп жарияға жар салып отырады.


Енді сондай-сондайда көмектессе, бауырым ғой, әр тірлігін жіпке тізе берсе, онда бауырлығы қайда қалды? Осы кейбіреулердің бауыры бір-біріне машина мінгізіп, шетелге қыдыртып жатады. Үлкен әпкем сондай жақсылық жасаса төбемді оятын шығар.


Менің жағдайым жақсы, байлығым асып-тасып тұрса, әпкеме де еселеп берер едім. Бірақ тапқанымыз өзімізден артылмайды ғой, қайтеміз. Соңғы кездері әпкем балаларының қуанышына мені шақырмайтын болған. Басқа әпкелеріме «Қойшы, шақырмаймын, жарытып әкелмейді» деп сыртымнан жамандапты. Оны естіген соң әпкеме деген көңілім су сепкендей басылып қалды.


Осы жағдайдың бәрін өзіне айтар болсам, онда арамыз мүлдем суып, бет көріспей кететін түріміз бар. Не істерімді білмеймін. Сіздер қандай кеңес бересіздер?»


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Осының бәріне әйелім кінәлі»: түркістандық азамат екі оттың ортасында қалғанын айтады


«Ұмыта алмай жүрмін»: қызылордалық 70 жастағы қария алғашқы әйелінен кешірім сұрағысы келеді