​«Апталап шомылмай жүре береді»: тараздық азамат әйелінің жанына жатудан жиіркенетінін айтты

0
7 407

«Әйелімде не «вкус», не «вид» жоқ»


​«Апталап шомылмай жүре береді»: тараздық азамат әйелінің жанына жатудан жиіркенетінін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Ешқашан болашағыңа қатысты уәдені бермеу керек екен. Себебі сені алда не күтіп тұрғанын білмейсің. Өзім уәдеге берік адаммын, айттым ба, орындаймын. Қолымнан келмейтін нәрсе болса адамды бекер үміттендірмеймін. Бірақ жас күнімде қызды-қыздымен келіншегіме «Мен үшін өзіңнен асқан сұлу жоқ, болмайды да. Сенен басқаға көз салсам, көзіңе шөп салсам еркек атым құрысын, уәдем – уәде» деп серт беріп қойып едім. Енді сол үшін пұшайман боп жүрмін» дейді Сейілбек есімді азамат.


Үйленгеніне 20 жыл болған азаматтың ішіне біраз нәрсе жиналып қалған екен. Жан сырын ERNUR.KZ тілшісіне ақтарып салды.


«Ол кезде біз албырт едік, жас едік» деп өлеңдеткендей, жастықтың буымен, қиялмен талай жерді шарлаушы едік қой. Жүріп жүрген қызымнан асқан сұлу, одан артық жан жоқтай көрінетін. «Болды, осыдан басқа қыз керек емес» деп үйдегілердің «әлі ерте» дегеніне қарамай үйленіп алдым. Ұсыныс жасарда жаңағыдай уәдені үйіп-төктім. Қайдан білейін, келіншегім өмір бойы сұлу қалпынан таймайтындай көрінді...


Биыл біздің үйленгенімізге жиырма жыл болады. Он жылын ата-анамыздың қолында өткіздік. Ең кіші інім үйленгенге дейін сол кісілердің қызметінде болдық. Үш балалы болғанда үй салып, бөлек кеттік. Қазір төрт баланың ата-анасымыз. Сырт көз бізді бақытты отбасы деп санайтын шығар. Бірақ мен бақытсызбын. Біреулер «еркек басымен осындай нәрсені жіпке тізіп...» деп сыртымнан сыбап тастауы мүмкін. Бірақ айтпасам болмайды, ішіме сыймай бара жатыр. Біреуге айтсаң артын ашып күлетіні анық. Сол себепті сіздермен сырласайын.


Келіншегім шаршап қалған. Баяғы сұлулықтан дым жоқ. Жүзін әжім торлап, бетінің бәрін безеу басып кеткен. Шашы да ағарып кетті. Баяғыдай фигура жоқ, азып, құр сүйегі қалған. Басында денсаулығында бір кінәраты бар шығар деп уайымдаушы едім. Сосын жаным ашып, «дәрігерлерге барып тексерілші, неге азып кеттің» деп қайта-қайта айттым. Содан әйелім толық тексеруден өтті. «Бәрі жақсы, өзіңіздің табиғатыңыз сондай» деп дәрумендер жазып беріп, қайтарыпты. Ақшадан аянып қалған жоқпын, жазып берген дәрумендерінің бәрін сатып әкеп, қолына ұстаттым. Бір-екі апта ішіп жүрді де, артынша әр жерде домалап қалды. Мен айтқан кезде ғана ұялғанынан «ұмытып кете берем» деп аузына салып қояды.


Бетіңді тексертейік, жақсы косметолог тапшы деп те айттым. Бір әйелге баратын боп, менен 40 мың теңге сұрады. Онысы бетін тазалап беріп, жағатын кремдерін сатыпты. Оны да дәл солай, бір аптадай үзбей жағып, бетіндегі безеулері кетіп, жап-жақсы боп келе жатыр еді. «Шаршап тұрмын, ерініп тұрмын» деп қоя салды. Енді сөреде шаң басып тұр. Бекерге мерзімі өтіп кетті.


Негізі әйел адам сұлу болу үшін жалқаулықты жеңу керек екен. Менің әйелім жалқау-ау, жуынуға ерінетін адамды естігенсіз бе?

Апталап басын жумай жүре береді. Бұрын жас кезімізде ауылда, ата-анамыздың қолында тұрдық қой. Әжетхана сыртта, монша аптасына бір жағылады. Ол кезде «жуынатын дайын ванна жоқ қой, қайтсін енді» деп түсіністікпен қарайтынмын. Қазір бар жағдайы жасалған үйде тұрамыз. Кранды бұрасаң ыстық су ағып тұр, соған түсуге ерінеді ғой. Бір апта үстіне су тимеген адамнан нендей иіс шығатынын өзіңіз елестете беріңіз. Жанында жатуға жиіркенем.


Әпкем де, қарындасым да бес бала тауып, ата-енелерімен бірге тұрады. Үйіне қыдырып бара қалсаң тап-тұйнақтай, үйінен әдемі иіс шығып тұрады. Әр заты өз орнында. Сөйтсе де үйлерінен қонақ үзілмейді, «проходной двор». Бәріне үлгеріп жатыр, өздеріне де күтім жасап, әр тойға әртүрлі көйлек киіп, құлпырып жүреді.


Ал біздікі... тізесі шығып кеткен ташкентский пижамамен жүреді. Олпы-солпы, үйдің бәрі ретсіз, бір затты іздесең жүйкең жұқарып, таппай қиналасың. «Кішкене жинақы болсайшы» деп сөйлесең бітті, «төрт баланың сабағы бар, тамағы бар, қайсыбіріне үлгерем» деп өзіме ұрысып тастайды.


Қазір интернетте «Әйел құпиясы», «Бақытты әйел болудың жолдары» дегендей небір курстар өткізіліп жатыр ғой. Сондайларға да қызығушылық танытпайды ғой, әйтпесе «ақшасын төлейін, білім ал, дамы» деп қанша айттым. «Ой, оның бәрін білем ғой, бекерге адамдарды ақымақ қылып ақша істеп жатыр» деп өзінше мойындамайды. Дамығысы келмейді, бір орында жиналып қалған су сияқты «сасып» жатыр. Қайтейін...


Жүрек құрғыр әйеліме онша тартпайды. Кейде әзілдеп «жас тоқал аламын» деп айтып қаламын. Сонда әйелім бұлқан-талқан болып ашуланады. Мені қызғанатынын, өзгемен бөліскісі келмейтінін түсінемін. Бірақ енді кішкене өз-өзіне қарап, заманның ағымына қарай дамуға әрекет етсе болады ғой.

Бұрын туған күніне ақша бере салатынмын. Осы күні сұлулық салонына, СПА-ға сертификат әкеп беретін болдым. Ондайда «бекерге ақша құртып, одан да мына үйдің пердесін жаңартып, кілемін ауыстырып алмадық па?» деп ашуланып шығады. «Маған кілем емес, сен маңыздысың, сұлу боп жүрші» деп ашық айттым да. Оған мән беретін, астарын түсінетін адам болса ғой, шіркін.


Табысым жақсы, төрт балам мен әйелімді асырауға жетеді. Басымызда кредит жоқ. Есі дұрыс әйел болса күйеуінің тапқанын оңды-солды жаратып, шырттай боп жүрер еді. Ал бізде не «вкус», не «вид» жоқ. Киімді де дұрыстап таңдай алмайды. Сол үшін базарда қасына еріп жүрем. Шыдамым қашанға дейін жетер екен?..


Еркек – көзімен сүйеді. «Күйеуім көзіме шөп салды», «тоқал алды» деп жыланатын әйелдер жайлы оқысам өз әйелім көз алдыма елестейді. Олпы-солпы, нас, салақ әйелден еркек кетпегенде қайтсін. Сондықтан кішкене өзгеруге қадам жасап, жинақы жүрген дұрыс. Осыны әйелдер қауымы ескерсе деймін».