​«Атам үйге күнде бір әйел әкеледі»: жесір келіншек қайынатасының қылығынан қорқатынын айтады

0
1 681

«Үйленейік, маған әйел бол» деп бөлмеме кіріп келіпті»


​«Атам үйге күнде бір әйел әкеледі»: жесір келіншек қайынатасының қылығынан қорқатынын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Дәл қазір ойым онға, санам санға бөлініп, кімге сырымды айтарымды білмей жүрмін. Сырласатын анам да, әпкем де жоқ. Жеңгелеріме айтсам жұртқа жайып, ағаларыма әсірелеп жеткізе ме деп қорқамын. Осындайда ананың, бауырдың орны қатты білінеді екен», - дейді Қаракөз есімді түркістандық келіншек.


Қаракөз осыдан екі жыл бұрын, айналдырған бір айдың ішінде күйеуінен де, енесінен де айырылып қалыпты. Қазір екі баласымен, қайынатасымен бірге тұрып жатыр екен. Күйеусіз өткен екі жылын ERNUR.KZ тілшісіне жасырмай, айтып берді.


«Бүкіл елді сандалтып, талай адамды ажал құштырған ковид біздің үйді де қара жамылдырды. Алдымен вахтада істейтін күйеуім ауырып келді. Енем қант диабетімен ауыратын, иммунитеті әлсіз болды ма, әлде баласының ауырып қалғанын қатты уайымдады ма, артынша қызуы көтеріліп, бүк түсіп жатып қалды. Не істерімді білмей, жанталасып кеттім. Дәрі-дәрмектерін уақтылы беріп, бір аптадай үйде қарағанымызбен тәуір бола қоймады. Содан екеуін де ауруханаға жатқыздық. Басында екеуі де телефонмен сөйлесіп тұрды. Күйеуім «аурухананың іші қапырық екен, ауа жетпей жатыр» деген. Ертеңіне бір мейірбике «күйеуіңіз жан сақтау бөліміне түсті, ол жақта телфонмен сөйлестірмейді» деп хабарлады. Бақытжанды содан қайтып көрмедік. Дәргерлер «өкпесінің 72 пайызы қабынған екен, аман алып қалу мүмкін болмады» деді. Артынша енемнің қан қысымы қатты көтеріліп, жүректе тромб пайда болып, ол кісі де артынша бақилық болды. Екі қайынәпкемді де, мені де бұл жағдай есеңгіретіп тастады.


Айналдырған бір айдың ішінде аяулы екі адамнан айырылып, түс көргендей боп қалдым. Әйтеуір балаларыма жұқпай, аман қалғанына шүкір еттім. Дәрігерлер күйеуім мен енемнің денесін ашып, қоштасуға да мүмкіндік бермеді, тіпті мәйітті үйге кіргізбей, сырттағы асханадан шығардық. Ол күнді есіме алсам әлі күнге жылай беремін.


Қазір үйде қайынатам, екі баламмен бірге тұрамын. О бастан төркінге кету туралы ойламадым. Себебі барғанда маңдайымнан сипап кіргізе салатын әке-шешем жоқ. Әкем бала күнімізде қайтыс боп кеткен. Анам мен тұрмысқа шыққан жылы ауырып, өмірден өтті. Екі ағам, жеңгелерім бар. Бірақ олар мені құшақ жая қарсы алар деймісіз? Одан да екі баламды атасынан ажыратпайын деп ойладым. Қайынәпкелерім де «Үйді тастап кетпеші, әкеміз қараусыз қалып кетеді. Анау екі балаң жат болып кетпесін» деп қайта-қайта өтінген. Сонымен қарашаңырақта тұрып жатырмыз. Ұлымның үлкені мектепке барады, екіншісі бақшада. Өзім байланыс саласында оператор болып жұмыс істеймін. Атамыз – зейнеткер, бірақ бір мекемеде күзетші болып істейді. Бір күн барса, екі күн үйде.


Соңғы бір жылдан бері атамның мінез-құлқы, бейәдеп тірліктері жүйкеме тиіп жүр. Жұмыстан келсем атам әртүрлі әйелмен шай ішіп отырады. Тыңғылықты бір адаммен көңіл жарастырып, дос болса мейлі ғой, күнде біреуін сүйреп келеді. Істейтін тірліктерін күндіз тындырып алатын шығар, мен келгенде кетіп бара жатады. Әлгілердің жеңіл жүрісті екенін киген киімінен, шеккен темекілерінен аңғарылып тұрады. Атам бұл тірлігі үшін ұялмайды да.


Жақында жұмыстан келсем, үйде бөтен әйел жүр. Үстіне менің халатымды киіп алған, ваннадан шығып келеді. Ашуым келді. Үстіндегіні сыпырып алдым да, үйден қуып шықтым. Ол кеткесін атама «Мына тірлігіңіз ұят қой, үйде кішкентай балалар бар, не тәрбие беріп жүрсіз?» деп айтып салдым. Бірақ ол кісіге сөз өтпейді екен. «Жап-жас болып сен етегіңе намаз оқып жүрсің бе? Мұны табиғаттың заңы дейді. Мен тірлікті немерелерімнің көзінше істеппін бе?! Әрі-беріден кейін бұл менің үйім, не істесем де өзім білем!» деп ашуланып, шығып кетті.


Сол күні үйге сылқия тойып келген. Балаларды ұйықтатып, телефон шұқылап жатқанмын. Баса-көктеп бөлмеме кіріп келіпті. «Мені қызғанып жүрсің бе? Басқа қатынды қайтем, жесір қалып сен тұрғанда. Саған да күйеу керек, екеуміз қосылайық» деп адам жиіркенетін нәрселерді айтып тұр. «Шығыңыз бөлмемнен! Дәл қазір полиция шақырып, екі қызыңызға бәрін айтып берем» деп айқайлап жібердім. Екі қызынан тайсалды-ау, «Ойлан!» деп кетіп қалды.


Содан кейін оған сөйлемей қойдым. Таңертең тұрмай жатып балаларды аламын да жұмысқа кетіп қаламын. Кешкісін тез-тез тамағымызды ішіп, бөлмені іштен кілттеп алатын болдық. Ол кісімен бір дастархан басында отырып, ас ішуге қорқамын. Әлгіндей тірліктерін көргесін бір тиындық қадірі қалмады.


Болған жағдайды қыздарына айтып, мәселе ушығып кетпей тұрғанда шешіп алғаным дұрыс па, әлде үндемей, бәрін құпия сақтайын ба. Берекеміз кетті. Үйде бұрынғыдай емен-жарқын әңгіме, отбасылық көңілді отырыс жоқ. Кетіп қалудың да ретін таппай отырмын...»