«Балаларым әкесінен безіп отыр»: күйеуінен қорлық көрген әйел қызғаншақ жігітке жоламауға кеңес берді

0
3 164

«Таңға дейін бұрышқа тұрғызып қояды»


«Балаларым әкесінен безіп отыр»: күйеуінен қорлық көрген әйел қызғаншақ жігітке жоламауға кеңес берді

иллюстрациялық фото ашық дереккөзден алынды


«Ер адам үшін де, қыз баласы үшін де өмірлік серігін адаспай табудың өзі үлкен бақыт екен. Алғаның адал болмаса, «күйеуім» деп сенген адамыңның мінезі шәлкес, отбасына дұрыс қорған бола алмайтын адам болып шықса, соңы не болмақ?»


ERNUR.KZ редакциясына Тараз қаласынан хабарласқан Рабиға есімді келіншек әңгімесін осылай деп бастады.


«Мен өзім шешеден ерте айырылып, жетімдіктің тауқыметін тартқан қыз едім. Біраз жыл бауырларыма шеше орнына шеше болып, әкеме қарайластым. Кейін әкем өзге әйелге үйленді ғой. Ол кісі былайша жаман емес, бірақ бәрібір бізді шеттетіп, бөтендігін сездіретін. Әйтеуір артымнан ерген бауырларымның киімі таза, тамағы тоқ болса, әкемнің көңілі көтеріңкі болса, болды деп көп нәрсеге көз жұма қарадым.


Мектеп бітірген соң өз күшіммен армандаған оқу орнына түстім. Ол кезде апта сайын ауылға қайтушы едік қой, күніне бір мәрте автобус қатынайды, соған ауданда тұратын барлық адам мініп үлгеруге тырысатын. Күндердің бір күнінде мен сол автобуста болашақ күйеуімді кездестірдім. Жасы менен үлкендеу көрінгенімен, түр-басы, сөйлеген сөзі тым жақсы еді. Бір кездескеннен-ақ өзіне баурап алды. Екеуміз бірнеше ай кездестік. Қызғаншақтығын жүріп жүрген кезде-ақ байқағанмын. Бірақ онысын «мені шын сүйеді, сосын қызғанады» деп түсінген екенмін. Сөйтсем оның қызғаншақтығы аурудың бір түрі екен ғой.


Ол мені алып қашты. Қазақтың салтында «есік ашу» деген бар, бірнеше аптадан соң төркінім қонаққа шақырды. Менің тұрмысқа шыққанымды естіген сыныптастарым да үйге қонаққа келген екен. Әкем барынша тырысып, дастарханды жайнатып қойыпты. Бәріміз ішіп-жеп, тілек айтып, жап-жақсы отырғанбыз. Бір уақытта сыныптас жігіт «Рабиға, кел, соғыстырып қояйық» деп стаканын жақындатты. Ойымда дым жоқ, қолымдағы шырын толы стаканды создым. Сол-сол екен, күйеуімнің түрі өзгеріп, ешкіммен сөйлеспей, тырысып қалды.


Үйге келген соң айқай-шудың көкесі болды. «Анауың кім, неге басқаларға емес саған стаканын созды. Сенің алғашқы махаббатың ба? Маған дейін жүргенің көп болған сияқты ғой» деп бас салды. Ақталып әлекпін. «Оның дым арам ойы болған жоқ, мен қайдан білейін. Қойшы, болмашы нәрсені сөз етпеші» деп жалындым. Ол одан сайын құтырды, тіпті қол көтеріп, «Егер маған адал болсаң, онда таңға дейін бұрышта тұрасың, солай дәлелде» деп шарт қойды. Үйде үлкен абысынымыз бар еді. «Қайным, қой енді, ұят болады мұның» деп арамызға түспекші болды. Күйеуім оны елеген де жоқ. «Өз әйелімді өзім тәрбиелеймін, сіз араласпаңыз» деп бөлмеден шығарып жіберді де, есікті кілттеп алды. Не керек, мен сол күні төрт сағат бұрышта тікемнен тік тұрдым.


«Таң атсын, төркініме кетемін» деп іштей жоспар құрдым. Бірақ кейін «төркінге барғанда жарылқай қоятын кімім бар? Өзім сүйіп қосылған адамым ғой. Жастықтың буымен қызғанып отырған шығар, кейін балалы болсақ ондай әдетін қояр» деп өзімді сабырға шақырдым. Әрі «таяқ жеп, таңға дейін бұрышта тұрдым, сол үшін ажырасып кеттім» дегеніме естіген жұрт күлмей ме? Осындай оймен әрі абысынымның басуымен мен күйеуімді кешірдім. Соным бекер болған екен.


Күйеуімнің «концерті» жиырма жылдан бері тоқтаған жоқ. Отырсам опақ, тұрсам сопақ етеді. Құдай бір ұл, бір қыз берді. Солар үшін шыдап келемін. Жұртқа сырын блдірмейді, бәріне керемет болып көрінеді. Өз ортасында сыйлы. Сөзге шешендігінің арқасында отырысты қыздырып жібереді. Әлгі өнерін үйге келгенде бастайды. Балаларды да мезі етті. Бірдеңе істейтін болса, мысалы жарықтың лампасын ауыстыратын болса алдымен өзі жоғарыға шығып алады да, баласына «Бұрағыш әкел» деп ақырады. Балам байғұс сасқалақтап, бұрағышты іздеп сәл жүріп қалса, жер-жебіріне жеткізіп боқтап, бақырып, бәрімізді жеті атамызға дейін сыбап, тіпті жылатып алады. Сөзбен. Сосын бәрі біткен соң өзі түк болмағандай сөйлеп кете береді. Ал біз оның әлгі сөздерін ұмыта алмай күйзеліп қаламыз.


Талай мәрте баласына қол жұмсаған. Балам орайы келсе қашып кеткісі бар. «Баяғыда, біз кішкентай кезде ажырасып кетпедіңіз бе, неге қалдыңыз?» деп сұрағанда, жүрегім тілім-тілім болады. Мен байғұс балаларым әкесіз өспесін деп ойлаған едім. Ал олар туған әкесінен безіп отыр. Университетті бітірсем, Нұр-Сұлтанға жұмысқа тұрамын, сосын сізді қолыма алып кетемін» деп қояды.


Күйеуің табысты болып тұрса да онша-мұнша тірлігіне көз жұма қарайсың ғой. Ал ол әр жұмыстың басын бір шалып жүр. Кіреді, екі-үш ай істейді де, жанындағы адамдармен сыйыспай, шығып кетеді. Қазір өзім мектеп асханасында аспаз болып істеймін. Өмірім үйге тамақ тасумен өтіп жатыр. Екі иығым үзіліп кетердей болып сөмке көтеріп келемін. Ол соны жеп жатады...


Ит өмірден шаршадым. Жарқырап киіне алмаймын, бір жерге емін-еркін қыдыра алмаймын. Елдің әйелдері секілді жиынға қатысу, студент, сыныптас қыздармен кездесу деген жоқ. Төркінге де тек той-жиынға жібереді.


Қызым өсіп, құда түсушілердің қатары көбейіп жатыр. Ертең бір елмен құда болып отырсақ, күйеуім көпшіліктің көзінше маған бірдеңе деп, бар сырымыз ашылып қала ма деп қорқамын.


Мен өз өмірімді баяндай отырып, енді тұрмысқа шыққалы жатқан қыздарға кеңес берсем деймін. Айналайын сіңлілерім, жігіттің тым қызғаншақтығынан сақтаныңдар, оның түбі жақсылықпен аяқталмайды екен. Сырын біліп, танып алғанша оның босағасынан аттамаған дұрыс дер едім...»


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Төсекті қаламаймын, бірақ ажырасқым келмейді»: ақтөбелік келіншек шаңырағын сақтап қалудың амалын іздеп жүр


«Құдамыз қорадағы малды ұрлады»: түркістандық әйел отбасындағы ұятты жағдайды жайып салды