«Бәріміздің жанымызды жаралап кетті»: Екінші рет үйленген жігіт әйелден көңілі қалғанын жеткізді

0
2 604

​Ер-азаматтарға ой саларлық оқиға. Жар таңдауда қателеспес үшін оқыңыз.


«Бәріміздің жанымызды жаралап кетті»: Екінші рет үйленген жігіт әйелден көңілі қалғанын жеткізді

Алдап, арбап біреудің мүлкін тартып алуды, өзгенің атынан несие алуды алаяқтық деп атап жүр. Ал адамның сезімін ұрлауды ше, қалай атауға болады?

Дархан бұны алаяқтыққа жатқызады. Ешнәрсесін тартып алмаған, мүлкіне қол сұқпаған әйелді алаяқ дегені дұрыс па, бұрыс па? Бұны оның ERNUR.KZ тілшісіне айтқан оқиғасын оқыған соң біле аласыз.


Ол былай дейді:

«Үйдің кенжесімін, қара шаңырақта ата-анаммен бірге тұрамын. 37 жасымда әйелім асқазан қатерлі ісігінен көз жұмды. Төрт баламмен қалдым.

Әйелім бізді тастап қайтпас сапарға аттанғанда, кішкентай перзентім небәрі бір жаста болатын. Анам түнімен қарап, оны өзі өсірді. Анам да, әкем де – зейнеткер. Олардың барына құдайға мың тәубе, әйтпесе күнімнің қандай боларын кім білсін?!

Менің жоғары қызметім бар. Бала-шағамның несібесі болар, жалақым жақсы. Екі қыз, екі ұлымды қатарынан кем қылмай, барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етіп өсіріп жатырмын. Демалыс күндері міндетті түрде оларды көлігіме салып алып саябақтарға апарамын, ең жақсы деген кафелерге апарып тамақтандырамын. Жыл сайын жазда таулы аудандардағы демалыс орындарына барып бір күн отбасымызбен тынығып қайтамыз. Ұялы телефон, ноутбук, интернет секілді қажет еткен заттарының бәрін сатып әперуге тырысамын. Бірақ бұның ешқайсысы ананың бір ауыз жылы сөзі мен аялы алақанын алмастыра алмайтынын білем.

«Жақсы әйел болса үйлен», «Бөтен болса да балаларыңа аналық мейірім қажет», «Өзіңе де жар керек, қашанғы жалғыз жүрмексің?» деп туған-туыс та, ата-анам да қолқа салғанда, айналамдағы қыз-келіншектер арасынан жүрегінде иманы бар, мінезі ибалы қыз іздей бастадым.

Баласы бар келіншектерді тізімнен сызып тастадым, өйткені күндердің күнінде «Сенің балаң», «менің балам» деп керісіп жатудан қорықтым. Ал тұрмысқа шықпаған, өзіме ұнаған екі-үш қызбен сөйлесіп көргенімде, төрт баламның бар екенін естіп олар шоршып түсті. Түсінем, біреудің балаларына ана болу оңай емес. Есік көрмеген қыздар да бұрын үйленбеген немесе ажырасса да бала-шағасы жоқ жігітті дұрыс көреді. Білем, бірақ мен қалада тұратынымды, жағдайымның жақсы екенін, келбетімді алға тартып, кез келген қыз маған тұрмысқа шығады деп сенген едім. Мүмкін өз «теңімнің» арасынан іздегенде бәрі де басқаша болар ма еді?!

Бір күні достарымның бірі әйелінің тұрмыста болмаған, ақылды бір құрбысы бар екенін айтты. Танысып көрдім. Ауылдың қызы, мінезі де жақсы, бірақ тым қарапайымдылығы біздің бір-бірімізбен түсінісуімізге кедергі болды. Нақтырақ айтқанда, ортақ тақырып таба алмай қиналдық.

Фото: avatars.mds.yandex.net

Осы кезде мен «оқыған қыз» бен «оқымаған қыздың», ауыл мен қала қызының арасында үлкен айырмашылық болатынын ұқтым. Егер тек балаларыма ана ғана іздесем бұл қыз болар еді, бірақ мен өзіме жар да іздеп жүрген жоқпын ба?


Жарды жұмыс істеп жүрген қыздардың арасынан іздей бастадым. Таныстарым да, туыстарым да талай қызды тауып, телефон нөмірін беріп жатты. Таныстым, сөйлестім, бірақ әйтеуір бірімен ойым жараспаса, бірімен бойым жараспады. Қалауымды таппай-ақ қойдым.

Бір күні жұмыста фирмамыздың 15 жылдығына орай кеш ұйымдастырылды. Осы кезде өзіммен көрші кабинетте отыратын Сәуле есімді әріптесіме көзім түсті. Он жылдан бері бір кеңседе жұмыс істеп жүрсек те оған әйел ретінде көз салып көрмеген екенмін. Ол үнемі шалбарда жүретін. Шашын түйіп жүргенге қатал көрінетін. Ал отырысқа көйлек киіп, шашын бос жіберіп келіпті. Менен үш жас кіші, бірақ тұрмысқа шықпаған, оң жақта отырып қалған «кәрі қыз».

Сәулені биге шақырдым, отырыстан соң үйіне дейін жеткізіп салдым. Сол күннен бастап онымен жақынырақ әңгімелесе бастадым. Әңгімешіл, ақжарқын қыз.

Мен оны күнде жұмыстан соң үйіне шығарып салып жүрдім. Ал демалыс күндері балаларымды қыдыртуға алып шыққанда Сәулені де шақыратынмын. Ол менің қыздарыммен тез тіл табысып кетті.

Сәуленің жасы өзіммен қатарлас болған соң шығар, кез келген тақырыпта еркін әңгімелесе алатынбыз. Ол оңаша қалғанымызда бақытына бала ғана жетіспейтінін жиі айтатын. Балаларды жақсы көретінін де айтып отыратын.

Бір күні оған үйленуге ұсыныс жасадым. Бастапқыда ойланып қалғаны рас, бірер минут үнсіздіктен соң «Сен керемет әкесің. Сендей әкесі бар балалар бақытты ғой. Мен осы уақытқа дейін ата-енемен бірге тұрудан қашып жүрген едім. Көп бала тууды да қолдамайтын қыздардың бірімін, бірақ маған ылғи үйінің кенже ұлы кездеседі. Мүмкін тағдырымнан қашпауым керек шығар. Мейлі, тағдырға жазылғанды көреміз» деді.


Біз бас қостық. Сәуле маған тұрмысқа шығарында оны не күтіп тұрғанын білді. Үйлену тойында ақ көйлек киіп төрде тұру оның арманы болса да амал жоқ бұдан бас тартуына тура келді. Мен оған егер үлгеріп жатса жұмыс істеуіне қарсы болмайтынымды айтқанмын. Алайда ол «Ең мықты әртіс те бір спектакльде екі рөлді ойнай алмайды ғой. Мен келін рөлін таңдадым» деді. Мен оның ақылына тәнті боп қуандым.

Фото: static.tildacdn.com

Сәуле ата-анама да, абысындарына да ұнады. Жасы 38-де болса да жас келін сияқты бәрімізден ерте тұрып ас-суымызды дайындап, үйді де тазалап, бәріне үлгеріп жүрді. Үйге қонақ келгенде сызылып сәлемін салып күтіп алатын. Қыздарымның шашын өріп беріп, жасөспірімдік кезеңдегі үлкен қызымның сырын тыңдап, ақылын айтып жақсы ана да бола алды деп айта аламын.

Туған-туыстардың арасында мен Сәулеге үйленгенімде «38-ге келген қыз туа алмайды. Төрт балаға ана болайын деп дұрыс шешім қабылдапты. Ақылы бар қыз екен» дегендері де болды. Бірақ адамның айтқаны емес, Алланың қалауы болады емес пе. Сәуле жүкті болды. Жұрттар айтқандай «кәрі қыз» жүктілік кезеңінде қиналмады, тіпті оны «кесарь тілігімен» емес, өзі туды.

Бірақ Сәуле балалы болған соң бөлмесінен шықпайтын болды. Бәріміз жабылып оның Сәуленің жұмысын жеңілдетуге тырыстық. Сонда да ол бұрынғыдай «пысық келін» болуды доғара бастады.

Қызымыз бір жастан асқан соң бұрын-соңды біз көрмеген мінездерін көрсете бастады. Болмашыға ұрыс шығаратын болды. Ешнәрсе оған ұнамайды. Байқағаным, ол ажырасуға сылтау іздеді.

Анаммен де, қыздарыммен де ұрысатынды шығарды. Ол бастапқыда бәрін өзіне бауыр бастыруға бар өнерін салса, енді бәрін өзінен алыстатқысы, өзін жаман көрсеткісі келетін секілді.

Болмашы ұрыс-керіс кезінде қызын құшақтап кетіп қалатын болды. Бір келіп, бір кетіп алты айдай жүрді де ажырасуға арыз жазды. Егер оның қалауы ажырасу болса, зорлықпен мен оны ұстап отыра алмаймын ғой. Ажырастық.

Содан бері арада бес жыл уақыт өтті. Сәуле ипотекамен бір бөлмелі баспана алған. Жұмысын ауыстырған. Мен қызымды көруге барып тұрамын. Сәулені көрген сайын құлазып қайтамын. Өйткені ол жайнап, жадырап жүр. Әрине біреудің бір емес, төрт баласына ана болу оңай емес. Бірақ сол біреудің балаларын өзіне баурап алып, бала жүректерді жаралап кету де оңай емес қой. Қаншама адамның жанын жаралап кеткенін ойланып та жүрген жоқ. Ал анам да, қыздарым да, кішкентай ұлым да Сәулені жиі еске алады.


Жақында Сәулені басқа еркекпен көрдім. Тұрмысқа шығайын деп жатқанын айтты. Көңілді. Неге мен ол сияқты риясыз күле алмаймын? Неге ол мені көргенде арамызда ешнәрсе болмағандай сыңай танытады? Қалайша оған бәрін ұмыту оңай болды? Бұндай тек алаяқтың ғана қолынан келетін шығар...


Егер бірге тұрған жылдары ол мені сүйген болса, көзіміз түйіскенде сезімі селт етер еді-ау?! Онымен жақын қарым-қатынасты бастағаннан кейінгі әр сөзін бағамдап көрсем, оның әу бастағы мақсаты – некелі бала туып алу ғана болған сияқты. Балаларым оның мойнынан құшақтағанда, көзіне жас алып қалатын еді ғой. Қалайша оларды ұмытып кетті екен. Олар туралы тіпті сұрамайды да.

Әртістігін, жо-жоқ, алаяқтығын неге үйленбей тұрып байқамағаныма ашуланамын. Түсінгенім, ешкім алғашқыңдай болмайды екен. Бірақ алғашқы жар қасымызда кезде қадірін білмейтініміз өкінішті...»


Ал, оқырман, сіз әйеліңіздің қадірін біліп жүрсіз бе?


Ұқсас оқиғалар:


«Менен емес!»: Бала сүйе алмаған келіншек күйеуін дәрігерге апара алмай жүр


«6 ай бойы АЛАЯҚқа жем болыппын»: шымкенттік келіншек қалай алданғанын айтып берді