​«Бес мың теңге үшін баламды сабап тастаппын»: ұлынан тірідей айырылған ана өкінішін жеткізді

0
1 780

«Бар арманым – баламды бауырыма басу»


​«Бес мың теңге үшін баламды сабап тастаппын»: ұлынан тірідей айырылған ана өкінішін жеткізді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Кейде біз баламызға ересек адам, тұлға деп қарамаймыз. Айтқанымызбен жүргізіп, айдауымызға көндіргіміз келеді. Осылайша кішкентай жүректеріне үлкен салмақ салғанымызды дер кезінде түсінбейміз. Мен де ұлымның алдында айыпты болып қалғанмын», - дейді қызылордалық Гүлзира есімді әйел.


Гүлзираның ұлы он жылдан бері анасымен араласпайды екен. Ол баласымен осыншалықты бет көріспей кетуіне себеп болған оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Құдай маған екі перзент берді. Одан кейін құрсақ көтере алмадым. Үлкен қызым да, ұлым да қазір үйлі-жайлы болып кеткен. Қызыммен қарым-қатынасым жақсы. Ал балам... мені көргісі келмейді. Оған өзімнің ақымақтығым себеп болды.


Біздің ауылда Сәуле деген құрбым болған. Екеуміз жақсы араласып, бір-бірімізге құрттай қатынайтынбыз. Мектепте мұғалім болып істейміз. Балаларымыз да бір-бірімен қатарлас, дос болып ойнап жүретін. Сәуленің тұрмысқа шықпаған, жалғызілікті әпкесі бар-тын. Сол кісі қаладағы үйін сатып, Сәуленің қолына көшіп келді. Келгеннен бізді жақтырмады. Бара қалсақ балаларымды түртпектеп, артық сөздер айтатын.


Бір күні Сәуле менің ұлымды үйіне шақырды. «Айгүлге математикадан сабақ түсіндіріп жіберсінші» деген. Балам сөзін жерге тастамай үйлеріне барады. Мен ол кезде жұмыстамын, жолдасым вахтасына кеткен. Ұлым сол үйде 2 сағаттай болып, үйге келді. Кешкілік уақыт еді, дастархан басында жиналып отырғанбыз. Бір кезде Сәуле хабарласып: «Гүлзира, үйдегі 5 мың теңге ақшам жоғалды. Балаңнан сұрашы, одан басқа бөтен адам келген жоқ. Сол алды ғой деймін» деп қалды. Мен бірден баламды тергедім. Итің ұры десе намыстанатын қазақ емеспіз бе? Ашуым басыма шықты. Балам ағынан жарылып, ақша алмағанын айтты. Сәуленің алдында өзімді кінәлі сезініп кеттім бе, дереу баламды алдыма салып, оның үйіне алып бардым. Ақшасы жоғалған Сәуле барлығын менің баламнан көріп отыр. Оны қызы Айгүл де, әпкесі де қолдады.


Балам «Мен Айгүлдің жанында болдым, басқа бөлмеге кірген жоқпын» деп жылады. Баламның көз жасына сенбедім, құрбымның сөзіне еріп, баламды көшеге шығарып алып сабадым. Бұл шу бүкіл ауылға тарады. Айқай-шу ұзаққа созылды. Оны бүкіл ауыл көрді. Қызым жүгіріп келіп «Мама, інім ондай адам емес, ол ешқашан біреудің затын рұқсатсыз алмайды» деп ажыратып жатты.

Бір кезде балам «Біреудің ақшасын қайтемін. Сен маған неге сенбейсің? Мен сол Сәулеңнен кеммін бе?» деп жылап ауыл сыртына қарай жүгіріп кетті. Көршінің балалары артынан қуып еді, жете алмады. Түн жарымға дейін іздеп, таппаған соң, амал жоқ үйге келдік. «Бала ғой, қайда барар дейсің, жылап-жылап қайтып келеді» деп өзімді жұбаттым. Бірақ баламнан еш хабар болмады.

Ертеңіне көршілер келіп, «сені де мұғалім дейді-ау, қайдағы бір ақша үшін ұлыңды сабағаның не? Сәуленің дәлелі бар ма екен? Шынымен балаң алса неге полиция шақырмады?» деп өзіме жабылды. Сонда ғана артық кеткенімді түсіндім. Бірақ бәрі кеш еді...


Дереу жолдасыма хабар беріп, ол вахтасынан сұранып келді. Менің қылығымды бетіме басты. Бірден Сәулеге барып «Баламның ақшаңды алмағанына көзің жеткен шығар? Міне, екі күн болды, таба алмай жатырмыз. Балам не өлі, не тірі екенін білмеймін. Егер балам өлі болса, сендер кінәлісіңдер» деп айқай салды Сонда ғана Сәуле басын салбыратып, «кешіріңдерші, ақшаны Айгүл алып, қорыққанынан айтпай қалыпты» деп шынын айтты. Оны естігенде қайғыдан қан жұттым ғой.


Сол күні кешкісін қайын апам мен жездем келді үйге. Олар көрші ауылда тұратын. Келе сала маған бас салды. «Өзің туған баланы жын көргендей сабағаның қай сасқаның? Оның өмірін құрып кеткір бес мың теңгеге бағалағаның ба? Дереу баланың заттарын жинап беріңдер, біздің үйде оқиды. Ұлың сені көргім келмейді деп келмей қалды. Түнделетіп біздің үйге келіпті. Жолда бірдеңеге ұшыраса не істер едіңдер?» деп ұлымды бізден ажыратып алып кетті.


Бүкіл ауылға осылай масқара болдым. Мұғалімнің өз баласын ел көзінше сабағаны туралы барлығы білді. Мектеп директорынан сөгіс алып, өз еркіммен жұмыстан кеттім. Жарқын балам содан бері, міне, он жыл болды менімен сөйлеспейді. Мектепті жаңағы айтқан қайын апамның үйінде жатып, көрші ауылда бітірді. Одан кейін қалаға кетті. Әпкесімен, әкесімен араласып тұрады. Ал мені көргісі де келмейді. Баламның алдында айыптымын. Оған сенбегенім үшін жазықтымын.


Осы жағдайдан кейін балам қатты өзгерді, оқуға да түспеді. Өткен жылы үйленді. Тойын жасап берейік деп ниеттенген едік, бас тартыпты. Келіншегімен некесін қиып, бірге тұрып жатыр. Қалада пәтер жалдап тұрады. Жақында сәбилі болды. Баламмен араласқым келеді, немеремді, келінімді көргім келеді, бірақ, оған балам жолатпайды. Әкесі, қызым, тіпті қайын апам арамызға түсіп, татуластырғысы келіп еді, еш көнбеді.

«Менің осылай оқымай, далада жүргеніме шешем кінәлі. Біреудің сөзіне сеніп, туған баласына сенбеген анаға мен бармаймын» деп айтыпты. Сол оқиғадан кейін күйеуімнің, қайын жұртымның көзқарасы өзгерді. Ауылдастар да маған аса жоламайды.


Жолдасым сол баяғы қызметінде. Ол кеткенде даңғарадай үйде жалғыз қаламын. Жаным жабырқаулы. Баламмен татуласқым келеді, кешірер деп армандаймын. Ал Сәулемен қарым-қатынасымыз сол оқиғадан кейін үзілген. Қазір олар қалада тұрып жатыр. Ойлап қарасам, біреудің сөзі, жалған намыс үшін енді ержетіп келе жатқан ұлымның жүрегіне жазылмастай жара салыппын. Қазір сол үшін қатты өкінемін.


Балам, осы әңгімені оқысаң, ақымақ шешеңді кешір. Өзіңді бір көрсем, бауырыма бассам деп армандаймын. Маған тағы бір мүмкіндік берші, ұлым!».