​«Бір түнге ғана шамасы келді»: күйеуінен амалсыз ажырасқан келіншек жалған жаланың құрбаны болдым дейді

0
2 280

"Мен белсізбін, бір түн үшін он күн дәрі іштім" деп жылады...»


​«Бір түнге ғана шамасы келді»: күйеуінен амалсыз ажырасқан келіншек жалған жаланың құрбаны болдым дейді
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


«Алланың алдында ақ болсам да, адамның алдында ақталып әуремін. Бір өкініштісі, маған ешкім сенбейді. «Қайтып келген қыз - жаман» деген рас екен. Алды-артымды ойламай тұрмысқа шығып, ақырында опық жеп отырмын», - дейді шымкенттік Үміт.


Алты ай бір әулеттің келіні болған Үмітті тіпті туыстары да түсінбей жүрген көрінеді. Басынан өткен жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Ата-анам ауыл-аймаққа өте беделді, сыйлы кісілер. Қара шаңырақта тұрады. Өзімнен үлкен ағам мен әпкем теңдерін тауып, үйлі-жайлы болып кеткен. Інім – студент. Бәріміз жоғары білім алдық. Ата-анамызды жерге қаратпауға, аттарына кір келтірмеуге барынша тырысып жүрген тәртіпті балалар едік. Мені қара басты. Менің кесірімнен әке-шешем «пәленшенің қызы дұрыс келін бола алмай, қайтып келіпті» деген атқа қалды.


Университетті бітіріп, мектепте бір жыл мұғалім болыр істедім. Сөйтіп жүргенде сыныбымдағы бір оқушының ағасымен танысып қалдым. Өзі менен үш жас үлкен еді. Жұмыстан кейін күтіп алып, гүлін сыйлап, әдемі сөздерін арнап жүріп ақыры уысына түсірді. Үйдегілер мені той жасап ұзатты, барған жерім де беташарын істеп, құдаларын күтіп, тойын дүркіретіп істеді.


Бірақ күйеуім екеуміздің қарым-қатынасымыз кәдімгі ерлі-зайыптылардікіндей болмады. Алғашқы неке түні дегенді көрмедім. «Мен ем қабылдап жүр едім, кішкене күте тұрайық» дегесін, жаман ойламай, қоя салғам. Бір күні ойламаған жерден маған бас салып, қарсыласқаныма қарамай төсекке сүйреп, күшпен пәктігімді алды. Бар шаруа осымен бітті.


Ғани сол бойы маған жақындаған жоқ. «Қашан балалы боласыңдар» деп көрген жұрт сөзбен түйрей берген соң, шыдай алмай әңгімеге тарттым. Сөйтсем менің күйеуім белсіз болып шықты.

«Бала тапқың келсе тудыратын еркек тауып ал, басқа не айтамын. Менің қабілетім жоқ. Сенімен бір рет қосылу үшін он күн емделіп, қыруар ақша жұмсадым. Одан арыға шамам келмейді» деп жылап жіберді.

Ғанидың сол кездегі шарасыз халін көру мен үшін азап еді. Екеуміз қосыла жыладық. «Маған неге ертерек айтпадың» деп күйеуімді әбден жазғырдым. Тағдырыммен ойнағанына налыдым. Ақырында «емделейік, әлі-ақ бәрі жақсы болатын шығар» деп жұбаттым. Бірақ ол көнбеді. «Бармаған жерім жоқ, ешкім емдей алмады» деді.


Мектептің бітпейтін жұмысы бар, кешке сүріне-қабына әрең жетемін. Таңертең сол тірлік қайталанады, жан-жаққа мойын бұруға шама жоқ. Осылай алты айды артқа тастаппыз. Бір күні Ғани екеуміз қатты ұрысып қалдық. Жұмыстан қайтар жолда сыныптасымды кездестіріп қалғам. «Жеткізіп салайын, отыр» дегесін ойымда ештеңек жоқ, көлігіне міне салғанмын. Соны көріп қойып, «Көргенім осы болса, көрмегенім қандай екен?! Мынау қай көңілдесің?!» деп намысыма тиетін сөздерін айтып, көңілімді қалдырды. Ақырында мен мына үйде не істеп жүрмін деп ойландым. «Бұл байдан қайыр болмаса, бала сүйіп, ана атана алмасам, болашағым бұлыңғыр болса, онымен қоймай маған күйе жағып отырса, онда кетпегенде не қылам?» деп іштей әбден ойланып, төркінге кетуге бел будым. Бірақ күйеуімнің бойындағы кемшілікті ешкімге айтпаған дұрыс деп шештім. Намысын таптап, елге мазақ еткім келмеді.


Бірақ соным бекер болыпты. Мен Ғанидың намысын ойлап жүрсем, ол өз айыбын жабу үшін бар кінәні маған арта салды. Шешесі екеуі «Кетсе – кетсін, келін болып үйдің тірлігін істеген емес, қашан көрсең жұмыста. Жүрісі көп» деп әке-шешеме жамандапты. Оны естігелі бері әкем менің бетіме қарамайды, тіпті сөйлеспей қойды. Шешеме шет-жағасын айтып едім, «Сондайы бар екен, пәлен уақыттан кейін айтқаның не? Өз айыбыңды жасыру үшін ойлап тапқан амалың ба?» деп сенбей отыр.


Осы жағдайдан кейін жігіттермен сөйлесуге жүрексініп қалғанмын. Кездескен еркектің бәрі белсіз сияқты болады да тұрады. Осы күні «Бүйтіп жүре бермей біреуге ти де, құры. Төркінге қашанғы сыясың?!» деп достарының ажырасқан ұлдарымен таныстырмақшы. Дені сау еркек әйелмен ажыраса ма? Осы жағына келгенде ойланып қаламын. Жалғыз қалып кетуден де қорқамын. Жаңа орта, жаңа дос тапқым келеді. Дені сау еркектен дені сау перзент сүйсем деп армандаймын. Ондай адам бар ма екен?..»