«Болашақ күйеуім мүгедек болып қалды»: ақтаулық аяғы ауыр бойжеткен не істерін білмей отыр

0
5 403

«Денсаулығына нұқсан келген жігітім жүкті екенімді білмейді»


«Болашақ күйеуім мүгедек болып қалды»: ақтаулық аяғы ауыр бойжеткен не істерін білмей отыр
иллюстрациялық фото интернеттен алынды


«Бес минуттан кейін қандай күйде боларыңды білмейсің, адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады» деп үлкендер жағы көп айтушы еді. «Алла қаласа» деп сөйле» дейтін анам. Бұрын бұған онша мән бермеуші едім. Бірақ асыға күткен тойымыз болмайтын сияқты. Біздің жоспарымыздың күл-талқаны шыққалы тұр».


ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Айнұр есімді қыз әңгімесін осылай деп бастады. Тұрмысқа шыққалы отырған бойжеткен өз өмірінен сыр шертіп, көпшіліктен кеңес сұрап отыр.


«Аяқ асты тосын жайға тап болып, отбасы құру жайлы жоспарымыз бұзылғалы тұр. Осы жағдайдан кейін туған-туыстар мен құрбыларым «отбасы құру туралы жоспарыңды өзгерт» деп отыр. Бұл сүйген адамымның алдында сатқындық болмай ма? Төрт жыл дос болып, әне-міне үйленеміз деп уағдаласқан адамға қиянат жасау емес пе? Ол аз десеңіз, Сәкеннің ата-анасы келіп сырға да салып кеткен...


Негізі Сәкен екеуміз бір өңірдің тумасымыз. Ақтауда, университетте оқып жүргенде танысқанбыз. Көп ұзамай қарым-қатынасымыз махаббатқа ұласты. Былтырғы жылы екеуміз де оқуымызды бітірдік. Мен қаладағы ауруханалардың біріне дәрігер болып орналастым. Ал Сәкен бір мекемеге есепші болып кірді. Осы жазда шаңырақ көтеруді жоспарлағанбыз. Бұл ойымызды туысқандар да құптап, жаңа жыл мерекесі қарсаңында Сәкеннің ата-анасы сырға салып кетті. Құдалық пен тойды тамыз айында өткізуге келіскен.


Бірақ қаңтарда Сәкен жол апатына ұшырап, бел омыртқасына зақым келтіріп алды. Омыртқасы екі жерден сынып, қазіргі уақытта екі аяғы сал болып қалды. Өмір бойы мүгедек болып қалуы мүмкін. Өзім дәрігер болғандықтан әріптестеріме Сәкеннің медкартасын әбден тексерттім. Бәрі келісіп алғандай «Мұндай науқастардың тұрып кететіне сенім жоқ» деп шығарып салды.


Енді тұрмысқа шығу-шықпауды білмей, басым қатып отырған жайым бар.


Анам «кешірім сұрап, сырғасын қайтарайық, олар да түсінетін шығар» деп отыр. Құрбыларым да «сен енді бар өміріңді мүгедек жанмен өткізбейсің ғой» деп ойымнан айнытуда. «Бүгін аяушылықпен тұрмысқа шыққаныңмен, қанша уақыт бірге тұратындарыңды бір құдай біледі. Ерте ме, кеш пе бәрібір ажырасасың. Одан да осы бастан Сәкеннен бас тартып, басқа жігіттің етегінен ұста. Босқа өміріңді өксітпе» дейді олар.

Әрине, олардың жанашырлықпен солай деп отырғанын түсінем. Бүкіл ғұмырыңды мүгедек жанға арнау, отбасы құрап оны күту, онымен өмір сүру оңай емес екенін мен де ұғамын. Бірақ ешкімге айтпаған бір сырым бар.


Екеуміздің ата-анамыз танысып, сырға салу рәсімі өткізілген соң, Сәкен екеуміздің төсектес болып қойғанбыз. Екі мәрте. «Ақыры үйленеміз ғой» деген сенімде едік. Содан қазір менің аяғым ауыр. Дәрігер болсам да, сенбей, «бәлкім олай емес шығар» деп ойлағанмын. Бірақ солай болып шықты.


Енді не істерімді білмей, басым қатып кетті. Баланың тағдыры не болмақ? Кейде шарасыз күйге түсіп «баланы алдырып тастасам ба екен» деп те ойлаймын. Бірақ оның жазығы жоқ қой. Алдырып тастаған соң бала көтере алмай қалсам қайтемін? Жоқ әлде тағдырдың салғанына көніп, Сәкенге тұрмысқа шығып, осы бір баланы қанағат тұтсам ба екен? Өйткені бұдан кейін Сәкеннің әке атана алмасы анық. Бірақ, шынымды айтсам, өзімнің бұл сынды көтере алатыныма сенбеймін.


Егер арада бала болмаса, Сәкенмен оңаша сөйлесіп, бір ортақ шешімге келер едік. Оның мені түсініп, кешіріп, бағымды байламасына сенемін. Қазір қинап тұрған баланың жағдайы. Не істемек керек? Қандай шешім қабылдағаным дұрыс болады? Ақыл-кеңес беріңіздерші...»


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Анамның жаназасын өткізуге қиналды»: шымкенттік келіншек туған ағасына өкпелі


«Балалы болам деп тоналып қалдым»: өзінен жиырма жас кіші жігітті ұнатқан қыз өкінішін айтты