«Досым көп дегендерге сенбеймін»: алматылық азамат себебін айтты

0
3 872

Сіздің қанша досыңыз бар?


«Досым көп дегендерге сенбеймін»: алматылық азамат себебін айтты

Доссыз адам жоқ шығар?! Жалпы адамның қанша досы болғаны дұрыс? Дос қандай болу керек? Оны қалай таңдап, күніне неше рет хабарласқан жөн?

Бұл сұрақтарға алматылық Ұлас есімді азаматтың өз достары туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтқан әңгімесі нақты жауап болады деп ойлаймыз.


Ол былай дейді:

«Жұрттың бәрін дос көретін бір танысым бар. Ол үшін «достарым көп» деу мақтаныш. Көшеде біреулермен амандасып, таныстарының көп екенін айтып мақтанады. Жұмыста да барлық әріптесімен тұрмыстық мәселелерін ашып айтып, кейін ұрысып жүреді. Сонда да ол адамның бәріне сенуін қоймады. Бүгін танысқан адамды досым дейді, жақсы танымаса да үйіне қонақ етіп шақырып мәре-сәре боп жатады. Әр жексенбіде «Пәленшені үйге шақырып қонақ ету керек еді» деп отырады. Онысымен қоймай «Мынау сенің өміріңе қарап жалығып кетемін. Досың аз. Олармен анда-санда жолығасың. Неге достарыңмен жақын араласпайсың?» дейтіні де бар.

Мен өмірдің ортасына дейін өмірдің «дос, достық» туралы тақырыбын түсіне алмай, талай рет опық жегенімді ол қайдан білсін?! Өз басым достар күнде хабарласып, әр жексенбіде кездесіп тұруы керек дегенмен келіспеймін. Және күнде қасыңда жүретін адамды дос деп тануға да қарсымын.

Ондай достар менде көп болған. Мен ол кезде досты қалай таңдау керек екенін білмейтін аңғал болғанмын. Уақытша достарды ажырата алмағанмын.

Студент кезімде бір досым болды. Өзі көрікті, бақуатты отбасының ұлы еді. Оның ауылдан келген менімен достасқанына мәз болғанмын ғой. Ал ол менімен тек емтихандарда қиналмас үшін, менің білімімді пайдалану үшін ғана дос болғанын кейін ұқтым.

Үйіне барып жүргенімде әкесі менің тәрбием мен біліміме қызығып, «диплом алғаннан кейін кел, фирмама жұмысқа аламын» деген. Ал университетті бітірген соң оның ұлы менімен байланысты үзді. Тіпті бір рет кездесіп қалғанда қасындағы қызға мені досым деп айтуға ұялып, танымаған сыңай танытты. Кейін төбемнен қарап, менсінбей, әрең қолын созды. Көңілім қалып араласпай кеттім. Әкесі ұсынған жұмыстан да бас тарттым. Оның мәңгі дос болмағанына ренжімеймін, мені университетте пайдаланғаны ауыр тиді.

Мұндай адамдар уақытша дос деп аталады. Олар өз мүддесі үшін пайдаланады. «Пайдалану» үшін ғана достасатындарды дос деуге де болмас.


Фото: mir-logiki.ru

Жұмыс істеп жүрген кезімде де осындай уақытша достарға көп алдандым, жем болдым. Олар тек бас пайдасын ойлағанын басыма таяқ тигенде, сазға отырғызып кеткенде ғана түсінген едім. Соларға бөлген уақытымды әйеліме, балаларыма арнасам болмас па еді деп қазір өкінем.

Жігіті тастап кеткен қыз сезімінің алданғаны үшін жыласа, еркектер досым деп жүрген адамы іс түскенде танымай кеткенде іштей жылайды. Қыз демекші, менің бір досым сезім жарастырып жүрген сүйгеніме үйленіп кеткен.

Тағы бір досым менің бір үлкен қателігімді ауылдағы әкеме айтып барып, мені ата-анамның сенімінен айырған. Сенімнен ғана емес-ау, әкемнен де айырды ғой. Мен туралы жаман хабарды естіген қарт әкем жүрек ұстамасымен ауруханадан бір-ақ шыққан. Сол күні қайтыс болды.

Айта берсем, мен көп досым болды және бәрі де опасыздық жасады. Бірі сүйгенімнен, бірі жұмысымнан, тағы бірі әкемнен айырды. Бәрінен көңілім қалып, қарым-қатынасқа нүкте қойғанмын.

Бірақ адамға дос керек екен. Өмір жолында сөзіміз, көзқарасымыз жарасқан, менімен жақын араласқысы келген азаматтар жолықты. Олардың арасынан дос таңдарда мен Лұқпан хәкімнің ұлына айтқан ақылына сүйендім.

Данышпан: «Балам, ұлы амалдың бірі – шыншыл дос табу. Шыншыл дос үлкен жеміс ағашы секілді, отырсаң саған көлеңке болады, жемісі сен үшін тағам болады, еш пайда бермегеннің өзінде саған ешқашан зиян тигізбейді» деген екен.

Лұқман данышпан айтқандай, достың пайдасы тимей-ақ қойсын, бастысы зияны тимейтін болуы керек.

Қазір жақсы араласатын екі-ақ досым бар. Оның бірі кәсіп жолында көп көмектесті, жол нұсқады. Қателіктерден сақтандырды. Білгенін айтып, алға қарай сүйреді. Осылай аралас-құраластығымыз артып еді. Он жылдан бері бір-бірімізден көңіліміз қалмаған. Ол ешқашан маған үйреткенін, көмегін міндет еткен емес.

Ал екінші досым – сыныптасым. Ол ауылда тұрады. Мектептен соң оқуға түсе алмады. Қарапайым адам. Бірақ онымен әңгімелескенде өзімді балаша сезінем. Еркін күліп, әзілдесіп, бір-бірімізді төпелеп те аламыз. Жасымыз 50-ден асса да қуаласып, күресіп ойнап аламыз.

Адамға міне осындай достар керек. Бірақ көп емес, біреу немесе екеу-ақ жетеді...»


Ұластың дос аз болу керек дегенін мақұлдайсыз ба? Сіздің достарыңыз қандай?


Ұқсас оқиғалар:


«Күйеуі жоқтарды көп кемсітетін еді»: алматылық әйел неге астамшылық жасауға болмайтынын айтты

«Қызым "үйді сатып үлесімді бер" дейді»: тараздық ана мәселесін айтты