«Екі келінім де менен қашып жүр»: жетісайлық ана үлкен ұлы мен келінінің тағдырына алаңдаулы

0
1 713

«Қырыққа келсе де перзент сүйе алмай отыр»


«Екі келінім де менен қашып жүр»: жетісайлық ана үлкен ұлы мен келінінің  тағдырына алаңдаулы
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Ана үшін баласының бақыты қашанда бірінші орында. Әлпештеп өсірген перзенттерің теңін тауып, үбірлі-шүбірлі болып, өз «қотырын» өздері қасып отырса, содан артық рахат жоқ. Бірақ кейде бәрі біз ойлағанда й бола бермейді», - дейді бес перзент тәрбиелеп өсірген Шакизат ана.


Жетісайлық оқырманымыз тұңғыш ұлының тағдырына алаңдаулы. Осы үшін екі келінімен сөзге келіп, жағдай ушығып тұр екен. Оқиғаның мән-жайын Шакизат ханым ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Қарапайым ауылдың адамдарымыз. Асып-тасып бара жатқан дүниеміз де, мыңғырған малымыз да жоқ. Бірақ ешкімге алақан жайып, нан сұраған емеспіз. Соған шүкіршілік етемін. Шалымыз екеуміз екі ұл, үш қызды тәрбиелеп, өсіріп, бәрін үйлі-жайлы еттік. Күйеуім ауылдың мешітінде имам болып істейді, өзім үйдемін.


Айтайын дегенім, осыдан он бір жыл бұрын тұңғышымыз үйге келін түсірді. Ол кезде балам Астанада құрылыста істейтін, сонда жүріп келінмен танысыпты. Ол да өзіміздің оңтүстіктің қызы екен, құдалардың жақын жерден болғанына қуандық. Айжан келінім бұрын есік көрген екен, оны кейін, үш айдан кейін бір-ақ білдім. Естігенде естен тана жаздағам. «Сорлы балам-ай, түр десе түрің бар, білімің де бар, жүріп-жүріп байдан қайтқан қызды әкелгенің не?! Ертерек естігенде үйленуіңе рұқсат бермес едім» деп жыладым. Бірақ балам «мен осы қызды сүйемін, басқа адам керек емес. Оның бұрынғы өмірі маған түк те қызық емес» деп тыйып тастады. Екеуі үйлене сала еншілерін алып қалаға кеткен. Отбасы боп, бірігіп, бастары көбейіп кетсе болды деп іштей тілеп қала бердім. Мұның бірін де шалыма айтқан жоқпын, ол кісінің мінезі бар. Баласын аямауы мүмкін.


Келінім екі жылға дейін көтере алмай жүрді. Қазақтың әдеті ғой, айнала-туыстың бәрі «немерелі болдың ба, келінің көтерді ме» деп көрген жерде сұрай беретін. Екінші жылы аяғым ауыр дегенде жүрегім жарыла қуандым. Бірақ ол қуаныш ұзаққа созылмады. Бес айлығында баласын тастап қойды. «Әйтеуір бала сүйе алатын қабілеті бар ғой, Құдай берерінен танбасын» деп тағы да шүкір еттік. Келесі жылы сол жағдай тағы қайталанды. Одан кейін емші, дәрігерлерді жағалап, келінді емдеттік.


Бесінші жылы құрсақ көтергенде «ешкімге айтпайықшы, тіл-көз тиіп кетпесін» деп келінімнің бар жағдайын жасадым. Қызым студент, сол үйде жүретін. «Жеңгеңе көмектес, ауыр тірлік істетпе, үйді де өзің жина» деп қайта-қайта пысықтап отырдым. Аман-есен бөпелі болсыншы деген тілегім бәрібір қабыл болмады. Алтыншы айға аяқ басқанда бала іште өліп қалыпты. Сонда дәрігерлер «Келініңіз көтеруін көтереді, бірақ жатыры тар, бала өсе келе сыймай, дамымай қалады» деп сұмдық жағдайды айтып берді.


Келінім артынша төртіншісіне аяғы ауырлады. Сөйтсе ол «трубкасына» біткен екен, ақырында ота жасап, бір түтікшесін алып тастады. Басымыздан қайғы арылмай-ақ қойды. Балам да сыртқа білдіргісі келмесе де іштей жаман қиналды. Бұл уақта баламның сыныптастарының алды сүндет той жасап, құрдастары бірінен кейін бірін босанып жатқан.


Шалымның мінезі тік, «келін балалы бола ма, болмай ма, балаңның жасы кетіп барады, ұрпақсыз қала ма деп уайымдаймын» деп алғашында маған айтып жүретін. Кейін келін мен баланы отырғызып қойып ашық әңгімеге көшті. Бірақ балам «мен Айжанмен ажыраспаймын, сабыр етіп, Құдайдың бұйыртқан күнін күтемін» деп айтқанынан қайтпай тұрып алды. Сөйтіп келін екеуі ЭКО да жасатып көрді, ол да нәтижесіз болды.


Қазір балам мен келінім құда баланың қызын бауырына басқан. Бізбен ақылдасқан да, сұраған да жоқ, үндеместен өз аттарына жаздырып алыпты. Бөтен рудың қызы перзент боп жарытар дейсің бе, бәрібір өз әке-шешесіне бүйрегі бұрып тұрады ғой. Соны ойлап түн ұйқым төрт бөлініп жүр. Бала мен келіннің бұл тірлігіне отағасы да ренжулі. «Балалы болғысы келсе Нұржанның баласын бауырына бассын» деп екінші баламның баласын айтқан. Ол біздің қолда-тұғын, өзім мектепке апарып, әкеліп жүргем. Осыны екінші балам мен келініме жеткізіп едім, басым бәлеге қалды.


Қайбір күні құдағиым звондап «Немере екеумізге де ортақ, сондықтан оның тағдырына мен де араласамын. Баланы әке-шешесінен ажыратып, біреуге берсең, ісім сендермен болсын! Дереу немеремді қаладағы әке-шешесіне қайтар!» деп дікеңдеп шықты. Екінші балам да, келін де «Біз баламызды бере алмайды екенбіз. Ауылдан алып кетеміз» деп қабақтарынан қар жауып келіпті. Ай-шайға қарамай балаларының киім-кешегін жинап, алды да кетті. Содан бері сөйлеспедік, «қалайсыз, апа» деуге жарамай отыр.


Екі ортада шалым екеуміз жексұрын болып қалдық. Үлкен ұлым да «басқа, туатын әйел ал» деп айтатын ақылымыздан шаршады ма, ауылға аттап баспайтын болды. Келін де бұрын маған жақын еді, сырын айтып, әңгімесін ақтарып салып отыратын. Қазір көзіме көрінбеуге тырысады, ауылға анда-санда бір келеді.


Не істеген дұрыс, білмей қалдық. Балам биыл қырыққа келеді, келін екеуі жасты. Ендігі келіннен немерелі боламыз деген үмітті үзгенбіз. Бірақ үлкен ұлымның дені сап-сау бола тұра ұрпақсыз қалатынын ойласам жүрегім сыздап қоя береді. Көпшілік, сырт көз сыншы ғой, отбасымыздағы жағдайға ақыл қосар жан бар ма екен?..»