«Жеңгем де менің ұсынысымды күтіп жүрген екен»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Осы күні екінші әйел алу, тоқал тақырыбы ел ішінде қызу талқыланады ғой. Тоқал алудың мәнісін көп адам түсінбей жүр. Еркектер әйел алудың реті осы екен деп өзінен әлдеқайда жасы кіші, сымбаты мен сұлулығы келіскен қыздарға көз салады. Ал бұрынғы аталарымыз екінші әйел етіп ел ішінде жесір қалған әйелдерді, оң босағада отырып қалған кәрі қыздарды алатын», - дейді алматылық Асқар есімді оқырманымыз.
Ол осыдан бес жыл бұрын өзінің туған жеңгесіне әмеңгерлікпен үйленген екен. Мұндай шешімге неліктен келгенін Асқардың өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Отбасында екі ағайынды болдық. Ағам екеуміз ғана. Анам қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып мектепте ұстаздық еткен. Ал әкем мал дәрігері еді. Мен бірінші, ағам төртінші курста оқып жүргенде үйге түскен ұрылар анам мен әкемді жазым қылып, шіміркпестен өлтіріп кетті.
Содан езіліп жүріп еңсе тіктедік. Ата-анасыз өмір сүру, әрине, оңайға соққан жоқ. Екеуміз де ер баламыз, үйдің шаруасына дым ебіміз жоқ. Абдырап, асып-сасып қалдық. Сол кездері ағамның сүйіктісі, үйленемін деп сөз байласқан қызы Жәудір көп көмектесті. Екеумізге анамыздың орнын баса білді десем, артық айтпағандық болар еді. Күн сайын үйге келіп, кір-қоңымызды жуып, ас-суымызды әзірлеп, үйдің ішін жинастырып, кеш бата қайтатын. Үйге керек дүниелерді де түгендеп, ішін жылулыққа толтырып қойды. Әке-шешеміздің жылдық асы өткен соң ағам мен Жәудір некелерін қиып, шаңырақ көтерді.
Екеуі бірін-бірі шексіз сүйетін. Ағам әйеліне қамқор күйеу, жеңгем ағама жақсы жар бола білді. Екеуінің адал махаббатынан бір ұл, бір қыз дүниеге келді. Ағам бұл кезде оқуын бітіріп, өз мамандығы бойынша мемлекеттік мекемеге жұмысқа тұрып алған-тұғын. Жас отбасы ретінде Алматыдан үй алды.
Бір күні Жәудір мені қояр да қоймай немере сіңлісімен таныстырды. «Қашанғы жалғыз жүресің, сен де үйлен. Айнұрды алсаң қор болмайсың, өте пысық қыз. Сені байытады» деп мақтауын келтірді. Айнұр расында да биязы, түсінігі мол қыз екен. Бүкіл кәде-жоралғыны Жәудірдің өзі жасап, төркініне құдағи болып барып, сіңлісін маған алып берді. Осылайша біздер бақытты ғұмыр кешіп жатыр едік...
Бір күні ағам жұмысынан қайтпай қалды. Құрылыс нысандарын аралап жүрген екен, биіктен құлап кетіп, мерт болыпты. Артында жылап-еңіреп қала бердік. Әке-шешемнен айырылғалы енді есімді жиып, етек-жеңімді жинай бастап едім, ағамның қазасы қабырғамды қайыстырып кетті.
Бұл жағдай жеңгеме де оңай тимеді. Жер бауырлап жатып қалды. Апталап тамақ ішпейтін. Айнұр екеуміз айналып-толғанып, балалары үшін басын көтеру керегін айтып жүріп, әрең жұбаттық.
Әйеліме «Мен Жәудірді де, балаларды да тастап кете алмаймын. Ағамның жоқтығы білінбеуі тиіс. Тапқан табысымның тең жартысын соларға беріп отырамын. Олар аш отырғанда біздің тоқ жүргеніміз жарамайды» деп ойымды айттым. Ол мұны бірден құптады. Кезінде ағам екеуміз қиналғанда бізге қош ұшын созған Жәудірді жалғыз қалдырғаным жарамас деп күнара хабарларын біліп, керек-жарағын жеткізіп тұрдым.
Ағамның жылдық асын беріп, күнделікті күйбең тіршілікпен жүре беріппіз. Еркекпін ғой, әйелдің жайын қайдан ұғынайын? Бірде келіншегім мені оңаша әңгімеге тартты. «Сен осы екінші әйел алсаң қайтеді?» деп пікірімді сұрады. Ыршып түстім. «Маған сенен басқа әйел керек емес, есің дұрыс па?» деп едім, «Жәудір әпкем жалғыздықтан жабырқап жүр. Сендер, еркектер әйелсіз тұра алмайсыңдар. Әйелдер де еректің құшағын аңсайды. Жәудір әпкемнің әлі басы жас. Сүйікті болып, бірнеше бала бауып, бақытты болуға әбден лайық. Мен осы жағдайды ойлана келе, сені әпкеме үйленсе деп отырмын» деп қойып қалды.
Айнұрдың бұл ұсынысына аң-таң болдым. Жеңгемді қалай әйел қылам, қалайша оны құшағыма басам... Ұғар емеспін. Келіншегім бір айға жуық осы әңгімені айтумен болды. Ағам қайтқалы үш жылға жуықтапты. Келіншегім Жәудір әпкесімен де бұл тақырыпта сөйлесіп көріпті. Ол да кетәрі емес сияқты.
Сонымен не керек, ұяла-ұяла Жәудірмен оңаша сөйлестім. Мен оған ағамның балаларының біреудің босағасында жәутеңдеп жүргенін қаламайтынымды, қарсы болмасаң шариғат жолымен, әмеңгерлікпен үйленгім келетінін жетеіздім.
Жеңгем де, оның төркіні де менің осы ұсынысымды көптен күткен сыңайлы. Бірден келісе кетті. Сөзіміз бір жерден шықты да, ағайын-туғанды жинап, кішігірім ас беріп, басымызды ашып алдық. Айнұрым неке қию рәсімінде өзі куәлік етіп, елдің ерекше ілтипатына ие болды. «Асқардың жары дана екен» десті жұрт.
Әйел деген шаңырақтың ұйытқысы, ер адамның тірегі деген рас екен. Апалы-сіңілілер қазір менің бар жағдайымды жасап отыр. Айнұрдан үш ұл сүйдім. Жәудір бір қыз туып берді. Аллаға шүкір, алты баланың әкесімін. Бар тапқанымды екі үйге қылдай бөліп беремін. Келіншектерім де жұмысқа шыққан, табыстары жаман емес. Тату-тәтті тұрып жатырмыз. Екі үйге кезек-кезек түнеймін. Демалыс күндері міндетті түрде бәріміздің басымыз бір дастарханда қосылады.
Таяуда бір танысымның келіні күйеуінен айырылып, жылын өткізген соң екі қызымен өзге біреудің етегінен ұстаған екен. Әлгі еркек әйелі жоқта өгей қыздарына қол жүгіртіпті. Таныс жігіт «Келінімді бөтенге жібермей, әмеңгерлікпен үйленуім керек еді» деп өкініп қалды.
Біреу бұл оқиғаны құптар, бірі құптамас. Мен тек тағдырдың жазуымен жолдасынан айырылған әйелдерге барынша қамқорлық танытайық дегім келді».
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: