"Еркек ессіз келеді, әйелдің бір саусағы бүгулі болуы керек" деді...
Сурет: tengrinews.kz
Ананың құрсағына бітіп, дамып, шыр етіп мына дүниеге келген нәресте өмірінің алғашқы жылдарында анасына мұқтаж болады. Аналар перзентінің қоршаған ортаға үйренуі үшін қырық күн қайнаған суға шомылдырады. Әр нәрседен сақтандыру үшін киім-бұйымдарын жуып, үтіктеп, бесігін, жатар орнын аластап жатады. Алғашқы тамақтану, отыру, еңбектеу, жүру – бәрінде баланың қасында болып, дұрыс-бұрысын үйретеді.
Бойжеткен тұрмысқа шыққан уақытта да дүниеге қазір ғана келген сәби секілді, бұрын-соңды білмейтін жаңа ортаға келіп, жаңа өмір бастайды. Сол уақытта оны жаңа өмірімен, айналасымен таныстыратын, алғашқы қадамдарын дұрыс басуға үйрететін – енесі. Ененің дұрыс бағыттауы, қолдауының арқасында ғана майысқақ жас шыбық бойын тіктеп, дұрыс бағытта өсіп-дамиды, діңі жуандап, қаңқасы қалыптасады.
Сондықтан, отбасында бәрінің дұрыс болуы көп жағдайда ене мен келінге байланысты.
«Тик-ток» деген әлеуметтік желіден жас та, кәрі де шықпайтын болдық қой. Қолымыз босай қалса, видео көруге кіреміз де кетеміз.
Жақында бір видеоны көзім шалды. «Енеңнен естіген ең ауыр сөз» деп жазып қояды екен де, қандай ауыр сөз естіді, соны айтады. Осындай видео жасау трендке айналып, кең таралып кетіпті тіпті. Енесімен арадағы артық ауыз айтылып кеткен сөздерді еш қымсынбай көпке жария ете беретін келіндер баршылық екен ғой деп тіксініп қалдым. Сол видеоны жариялағаннан кейінгі сыйластық қалай болады сонда?
Негізі, кемшіліксіз адам болмайды, тере берсең жаманшылық әркімнен-ақ табылады ғой. Неге жақсы жағын іздеп, жақсылықты термеске?
Осы ойдың жетегінде өзім «Енемнен естіген ең жақсы сөзім» деген видео түсіріп салдым. Бірақ, онда көп сөзді сыйғыза алмадым. Сол себепті, басқаларға үлгі болсыншы деген оймен осында да жазғым келді.
Менің енем ақылдың кені, пысықтығы бір төбе, даналығы бір төбе еді, жарықтық. Өз анам инсульт алып, төркінімде жалғыз қараусыз қалғаны бар. Сонда менің қиналғанымды көріп енем: «Екі ортада шапқылап шаршайсың ғой. Үйге әкеліп бақ. Ауруды ешкім сұрап алмайды» деп, мен сұрауға бата алмай тұрған тұста рұқсатты өзі беріп еді. Сонда нағыз аналық сезім ешқашан бос болмайтынын түсінгенмін. Анамды үйге әкеліп, енем екеуміз екі жақтап жүріп қарап, күтімін жасадық. Шүкір, қазір 10 жыл болды, анам қасымда. Ал екінші анамдай болған енем марқұм болып кетті.
Күйеуім жиі болмаса да, анда-санда ішкіліктен ұрттап қояды. Алкогольдің кесірінен теріс қылық көрсетіп, дұрыс емес іс жасап қоятыны да бар. Сондайда кішкене қиналып қаламыз. Кейін өз-өзіне келгесін қайтадан жақсы адам қалпына түсіп, тыныш жүреді. Баласының сол әдетін жақсы білетін енем «Әйел адамның бір саусағы бүгулі болуы керек. Балама сене берме, бөлек ақша жина. 10 мыңға көйлек алсаң, 15 мың деп айт. 20 мыңға алсаң 30 деп айт. Артық ақшаны жинай бер. Басыңа іс түссе, қаражаттан қысылып жатсаң, сол жинағың құтқарады. Еркек ессіз келеді. Алдыңды ойла» дегені бар. Осы сөзі ұлын алдауға берсе де, менің, немерелерінің қамын ойлағаны, мен арқылы баласына жақсылық қалағаны емес пе?
Бірде күйеуім көбірек ішіп қойып, үйге келіп маған тиісті. Ұрғысы да келді. Сонда енем араша түсіп «Ұратын болсаң, бірінші мені ұр. Асты-үстімізге түсіп, жағдайымызды жасап отырған, еңбегі адал келінімді ұрғызып қарап тұрмаймын. Ертең біз өлсек, жоқтайтын, Құран бағыштап, артымыздан ас беретін сен емес, осы келін болады-ау. Есіңді жи» деп ұрысқан болатын. Сол сәт күйеуімнің ең алғашқы әрі соңғы қол көтеруге ұмтылысы болды. Одан кейін қайталанбады.
Күйеуім екеуміз ұрсып қалып, томсырайып жүрсем «Кел, екеуміз күліп-ойнап отырып шай ішейік. Іші күйсін. Қатесін түсінгесін өзі-ақ келеді қасымызға» деп шайға шақыратын еді.
«Нағыз ана – ене, енем жаман деме. Ене – теңіз, келін деген – кеме» дейтін әнді естіген сайын осындай жақсы, жылы сөздері, қамқорлығы есіме түсіп, көзімнің жасын сығып аламын. Айналамызда жақсы енелер өте көп, тек солардың азды-көпті кемшілігіне көз жұмып, жақсы жағын көре алатын көкірек көзі ояу жан болса.
Жазып алған: Бек КЕРІМ,