«Ата-әженің қолына бергені – әке-шешемнің қателігі болды»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Шектен тыс еркелік, ата-әженің өбектеуі, ата-ананың бала алдында өзін кінәлі сезінуі мені есіртіп жіберді. «Мені қарамадыңдар, атам мен әжеме бере салдыңдар» деп міндетсініп, ақырында қолымдағы барымнан айырылып қалдым» дейді Мадина есімді келіншек.
Жас ана өз басынан өткен оқиғаны өзге қыздарға сабақ болсын деген ниетпен бөлісіп отыр. Әңгімесін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Әкем үйдің үлкені, мен немеренің үлкені боп, емшектен шыға сала әжемнің бауырында қалыппын.Атамның қызы болдым, титтейімнен атқа отырғызып, қамшы өргізіп, ер мінезді етіп өсірді. Әке-шешемді атымен атадым. Олар да «бұл дұрыс емес» деп ата-әжеме қарсы келе алмады. Қазір ойлап отырсам, баланы кемпір-шалдың қолына беру дұрыс емес екен.
Онға толғанда атамнан айырылдым. Он төртке келгенде әжем кетті. Сол кезде әке-шешем мені өз қолдарына алды. Обалы не керек, олар бетіме қатты келген емес. Барынша көңіл бөліп, ата-әжемнің орнын жоқтатпауға тырысты. Мен ғой, жоқ жерден бәле шығарып, бірдеңеге көңілім толмаса «атам болғанда бүйтер еді» деп көзім ағып жылай салатынмын. Мұның барлығы дұрыс және бәрі менің алдымда құрдай жорғалауға міндетті деп білдім.
Шынымды айтайын, мектепті де жарытып оқымадым. Өзімнен кейінгі екі сіңлім мен екі інім кілең бестік алатын. Сонда да әкем «Мадикошты өзім оқытам» деп күпті көңілімді басып қоюшы еді. Кейін айтқан уәдесінде тұрып, мені ақылы оқуға түсірді. «Жатақханада тұрмаймын, пәтер жалдап беріңдер» дедім. Оны да істеді.
Екінші курста оқып жүргенде бір жігітке есім кете ғашық болдым. Ауылдың қарапайым баласы ғой, жатақханада тұратын. Соның көңілін табу үшін барымды салып, әке-шешемнен екі есе көп ақша алып, жігітімді қоса асырадым. Кафеге апарып, шотты өзім төлеп, киноға шақырып, махаббаттың буына мас болдым.
Сөйтіп жүргенде аяғым ауырлап қалды. Жағдайды анама айтып ем, әкем екеуі алғаш рет дауыс көтеріп, ұрысты. Бұрын ондайды көрмегем үйден қашып шығып, телефонымды өшіріп, үш күнге құрбымның үйінде тығылып жаттым. Мен тығылып жатқанда группалас құрбымды араға салып жүріп жігітті тауып алыпты. «Қызға үйленесің» деп шарт қойған екен, артынша жігітім қашып кеткен.
Не керек, әке-шешем бар шындықты жігіттің ата-анасына барып айтып, екеумізді қосатын болды. Басында енем «бала біздікі емес шығар, ол әлі жас...» деп қарсы болған екен, атам «қолымен істегенін мойнымен көтерсін» деп тоқтатыпты. Содан тығылып жатқан жігітім табылып, мені алып қашып, үйіне келін етіп апарды.
Есігін адал аттамаған келін кімге жақсын, оның үстіне еркекшора боп өскенім бар, мінезім де бір басыма жетіп артылады. Енеммен жиі сөзге келіп қала бердік. «Екіқабаттық – ауру емес, жата бермей тірлік қыл» деп бұйырады. Онысы менің көкірегіме дік етіп қадалады. Ойланбай сөйлей салам. Содан ұрыс-керіс шығып, үш айдан кейін төркініме кетіп қалдым.
Күйеуім келіп, жалынып-жалбарынып алып кететініне сендім. Ойлағынымдай, күйеуім әкесімен бірге келіп, мені алып кетті. Бірақ енеммен ара қатынасымыз сол күйі жөнделмеді. Бұрынғыдан да қатты ұрсысамыз. Бір жолы енем шапылдап сөйлеп жатыр еді, қолымда тұрған шәйнекті лақтырып жібердім. Абырой болғанда енеме тимеді, бірақ быт-шыт боп қирады. Менің көгерген түрімнен қорықты ма, енем далаға атып шықты да, қақпаның сыртында күйеуім мен атамды күтіп отырды.
Келгесін үйде үлкен жиналыс боп, біз еншімізді алатын болдық. «Өз күндеріңді өздерің көріңдер» деді атам. Өзіміз студентпіз, қайдағы табыс, қайдағы күнкөріс?! Күйеуім «бөлек шықпаймын» деді. «Шығамыз, әкем-ақ асырайды» деп қайтпадым.
Бірақ әкемнің де шыдамы таусылған екен. «Өз күндеріңді өздерің көріңдер, кішкентай бала емессіңдер» деп ақша беруден бас тартты. Сол сәттен бастап махаббаттың ізі де қалмады. «Ақша таппайсың, маған анау керек, мынаны әпер» деп күйеуімнің миын жеп, намысына тиіп, ақырында ол әке-шешесіне қашып кетті.
Жалдамалы пәтерден шығып, төркініме қайттым. Қызымды сонда босандым. Өзім ана болғанда ғана істеген ісімнің бәрі қате екенін түсініп, желі шыққан шардай болдым. Бірақ күйеуім кешірім сұрап келмеді, «үйге жүр, бірге тұрайық» десе алдына түсіп шабатын едім. Ол ондай әрекет жасамады. Тек анда-санда келіп, қызын көріп кететін.
Енемен алысып, күйеуіммен арпылдасып жүргенде оқуым жайына қалған. Не диплом жоқ, не жұмыс жоқ, әке-шешемнің мойнына масыл боп отырғанда күйеуім басқа біреуге үйленді де кетті. Оңбай қателескенімді сонда ұқтым. Алдарына кешірім сұрап барып, енеме иіле салғанымда бәрі дұрысталып кетер еді.
Қазір үзіліп қалған оқуымды қайта жалғастырып, қызыма жақсы тәрбие беру үшін барымды салып жүрмін. Әке-шешемнен де кешірім сұрап, қарым-қатынасымды түзеп алдым. Мұның бәрі маған өмірлік сабақ болды...»