​«Ешқашан жолың болмайды»: Алматылық жігіт БАЙЫП КЕТУ үшін кімнің БАТАСЫН АЛУ керектігін айтты

0
3 447

«Адам қатесін түсініп, тура жолға түсем десе ешқашан кеш емес. Бұл өмірде адамға ОДАН артық ешкім жақсылық жасай алмайды. Тіпті, әйелің де...»


​«Ешқашан жолың болмайды»: Алматылық жігіт БАЙЫП КЕТУ үшін кімнің БАТАСЫН АЛУ керектігін айтты

Бұл елуді еңсергелі отырған жігіт ағасы, Қызылорда облысы тұрғынының пікірі. Белортаға жеткен жігіт ағасы өзі жасаған бірнеше қате қадамы үшін нендей жағдайға тап болғанын және одан қалай құтылғанын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген еді.

«Ақымақ алғыс алмайды, алғыс алмаған соң алысқа бармайды» дегенді қанша айтса да жас күнімде әке-шешемді тыңдамай, өрекпіген өр кеудемен талай қате жасаған адамның бірімін. Бірақ мендей ақымаққа құдай да мейірім етіпті, әке-шешемді аман сақтап... Әйтпесе, осы күні менің қайда жүрерім белгісіз еді.

Әке-шешемнің батасымен ғана қайта аяққа тұрған адаммын. Бағымды бағаламағаным үшін қазір ішім удай ашиды, бірақ әлде де құдайдың мүмкіндік бергеніне, әке-шешеме жақсылық жасап үлгеріп қалуыма уақыт бергеніне шүкір етемін, - дейді ол.


Айтуынша өзі осы уақытқа дейін екі рет некесін қиыпты. Бірақ екінші әйелімен ажырасып, біріншісімен қайта қосылған.

- Әкем ағаш ұстасы. Екі інімді де соған баулыған. Маған қанша рет айтса да тыңдамадым. «Сенің қолың мыналаларға қарағанда епті, әулетті асырайсың осымен» деп қанша айтса да мен той-томалақты таңдадым. Маған тойда асаба боп, өнер жұлдыздарымен жүріп қызық қуған ұнады. Сөйтіп жүріп ұнаған сұлу қызды алып қаштым. Әке-шешемнің дайындығына да қарамадым, олар мені үйлендіруі парыз деп санадым.

Көп жылаттым алған келіншегімді. Оны үйде қалдырып айлап қыдырып кеттім, теріс жүрісім көп болды. Үлкен үш баламның өмірге қалай келгенін білмеймін де. Жүкті екенін айтады, сосын ұлды болғанымды айтады. Тапқан табысымды да үйге апарған емеспін.

Әкем де менің ессіздігімді, жеке үй бола алмайтынымды сезді ме, екін інім үйленген соң соларды бөлек шығарды. Мен ол туралы бас қатырмағанмын.

Сөйтіп жүріп бір әнші қызбен байланысып, төсекте табысып қойдық. Ол мен ойлағандай емес болып шықты. Ағасы мен қызметтегі әкесінің алдына желкелеп апарып, үйленбесем соттатып жіберетінін ашық айтты. Шулы іс үйге жетіп, әйелім үш баламен төркініне кетті. Шешем жылады, әкем күрсінді. Бірақ екінші әйелім сәби сүйе алмады, әлде солай болғанын қалады ма екен?! Әйтеуір, үш жылдай мен қайда барсам, сонда жүрді. Ән айтуын тоқтатпады. Ырду-дырдудың ортасында, ішімдікті бір кісідей алып тастап, мен не істесем соны өзіме көрсетіп жүрді. Ұрыс-керісіміз жиілеген соң мені өзі тастап кетіп қалды.


Кезінде талай тойды дүрілдете жүргізген жігіт екінші әйелінен ажырасқан соң жай-күйі кете бастапты. Оның үстіне ішімдікке әуестеніп, оны той басқаруға шақырушылар азайған. Жұртқа қарызға кірдім. Емін-еркіш ішіп-жеп үйреніп, қымбат киініп үйренген әдетімнен айырыла алмай қайыр сұрап кеткендей болдым.

- Жастар орнымызды басты, идеясы керемет, жаңаша той жүргізетін орталықтар ашылды да, жұмыссыз қала бастадым. Үйге барсам, қартайған шешем асымды беріп, әкем ақша ұсынады. Оған екі інімнің ашуы келетінін де сеземін. Бірде кіші інім қатты айтты. «Аға болып бір өнеге көрсетпедіңіз, әке-шешемді сіз-ақ қартайтып бтірдіңіз ғой. Одан да көз көрмеске кетіп қалсаңызшы», - деген оны әкем таяқпен салып жіберді.

«Бауырыңа, үлкен ағаңа ешқашан олай айтпа мен тірі тұрғанда да, өлгенде де!» деген сөзі әлі құлағымда. Тағы біраз жұмыс іздеп қаңғып қайтып келгенімде үйде мені бұрынғы келіншегім мен өсіп қалған үш ұлым күтіп алды. Әке-шешем құдаларының алдынан өтіп алып келіпті. Ондай ойым жоқ болған соң ба, әлде әйеліме деген сезім басылып қалған ба, қаламадым. «Неге келдің?» оған ашуландым, «неге әкелесің?» деп әкеме сөйледім. Үндемеді, шешем жылап қалды. Ашумен үйден тағы кеттім.

Сол кезде қатты ренжіді ме, жол апатына түсіп белімнен шойырылып қалдым. Ауруханада жатқан жерімнен бір уыс боп қалған әкем мен екі інім кеп шығарып алып кетті де, үйге апарып балаша мәпелеп қарады. Келіншегім де кетпепті, қызметін жасап жүрді. Ұлдарым үрпиісіп ұрса ма деп жаныма жоламады. Екі ай бойы төсектен тұрмай жатқан маған қарт әке-шешем қарады. Әжетке дейін үйден шығармай өтеп жатқан кезімде өзіме қол салғым келді.

Қарап тұрсам, сол кезде 43-ке келген екенмін. Бір тиын табыс, бір қолқабыс жасамаппын әке-шешеме. Тіпті, менің бала-шағамды да әке-шешем бағыпты. Маған айтпай балабақшасының ақшасын төлем, киіндіріп тұрыпты. Күні бойы шағын цехта жұмыс істеп тапқанын тек маған жұмсаған екен.


«Намаз оқыса да, ас қайырса да тілегінде тек сені айтады. Саған иман тілеп жүрді. Жүгермек-ау, әкеңнің бірауыз батасын алып, разы етсең мұншалық жұқсыз болмас едің. Әке қарғысы – оқ, саған нала болса ұрпағы құритынын ойлап іштен тынады ғой бағұс. Ал сенің есің еш кірер емес. Бізді қашанғы жүрер дейсің? Ертерек көрге тыққың келмесе, есіңді жисайшы», - деп шешем басымда отырып әбден жылады.

Әкем қанша шаршаса да сыр білдірмей күнде таңертең кеп беліме май жағып уқалап, ағымды созып кетеді. Жатқан жерімде жерге кіріп кете жаздадым шешемнің сөзінен кейін. Содан соң әупіріммен орнымнан тұрып, балдақпен екі жыл жүрдім. Әкем ойға да, қырға да шапқылап жүріп аттай сауықтырды. Көз алдымда екі рет шешем ауырып жатып қалды. Оған әкемнің қиналғанын көріп өзімді соншалық жек көрдім...

Содан кейін тойшыл қауымынан қол үзген ол әкесінің кәсібін қолға алған. Бар ниетімен кірісіп, бүгінде әулетінің сыйлы азаматына айналыпты.

- Екі інім де әке жолын қуып өз алдарына кәсіп ашып алған. Бірі пластиктен, екіншісі ағаштан есік-терезе жасап сатады. Мен де кірістім. Бала кезден әкемнің қасында жүріп көргенім мен түйгенім бар екен. Тез үйреніп, әп-сәтте жалғастырып кеттім. Барынша әкемді разы етуге, батасын алуға тырыстым. Арқамнан қаққан сәтіндегі бақытты жүзін көрген сайын оны қартайтып жібергенім есіме түсіп өзегім өртенеді.

Күнде әр астан соң әкеме қарап қол жайып отыра қаламын. Ас қайырған әкем дауыстап әрбірімізге батасын үйіп-төгеді. Сол кезде ішімде ыстық толқын жүгіреді. Бойыма қуат бітіп, іске құлшына кірісемін. Тасым өрге домалап, екі-үш жылдың ішінде өңкей бай-бағландар тапсырыс бере бастады. Қазір тіпті, Алматы мен астанаға да тапсырысқа есік-терезе жасаймын.

Шүкір, әйелім үш ұлдан соң үш қыз сыйлады. Оны да енді жақыннан танып, соншалықты көргенді жан екеніне енді көз жеткіздім десем күлесіз ғой?! Әке-шешем солардың ортасында шалқып отыр. Сол кісілердің батасы болмаса, осы күніме жете алмас едім. Әттең, олардың разылығын алатын қанашама жылымды өткізіп алғанымды ойласам ішім удай ашиды. Сол үшін күнде бір жақсылық жасауға, бір қуантып қоюға, олардың көзінше дауыс көтермеуге тырысамын. Барымды соларға үйіп-төккім келеді. Әкем 80-ге, анам 75-ке таяды. Келместің кемесіне мініп кететін күндері алыс емес екенін ойласам жаным қысылып кетеді. Бала-шағамнан бұрын әкем мен анама жақсылық жасағым келеді, - деген азамат оқырманды ата-ананы барынша қадірлеуге шақырды.

"Ата-анасы разы болмаған баланың ешқашан жолы болмайды екен" деп санайды ол.

иллюстрациялық суреттер: ашық дереккөзден


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Үйлену үшін үйді банкке қоймақшы»: Баласының несиеден көз ашпайтынын айтқан әжей жылап қалды


«Қайтыс болған қайынатам қарызға батырып кетті»: жамбылдық келіншек жанайқайын айтты