​«Ішкиімдерін көрінген жерге тастап кетеді»: шымкенттік азамат жалғыз қалдым деп күйініп отыр

0
2 464

«Келінім салақ, балам безбүйрек боп шықты»


​«Ішкиімдерін көрінген жерге тастап кетеді»: шымкенттік азамат жалғыз қалдым деп күйініп отыр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Орта жолда атың өлмесін, орта жаста жарың өлмесін» деген мақалды дана адам шығарған екен. Атың өлсе амалдарсың-ау, дүниеде жарыңнан айырылғаннан асқан азап жоқ екен. Күйеуі өлген әйелдер бірдеңе етіп күн көрер, әйелі өлген еркектердің күні құрысын», - дейді Әбдімәлік (есімі өз өтініші бойынша өзгертілді) есімді шымкенттік оқырман.


Алпыстан асқан Әбекең қазір даңғарадай үйде жалғыз тұрады екен. Ұлы мен келіні бір күнде киім-кешегін жинап, пәтерге көшіп кетіпті. Мәселенің мән-жайын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Баяғыда осылай еркектер газетке өз басынан өткен оқиғаларды жазса, «қатын сияқты өсек тасығаны несі» деп жақтырмаушы едім. Сөйтсем басыңа түспей, ештеңенің байыбына бармайды екенсің ғой. Менің қазір сырласатын адамым қалмады. Дос-жаранға, туған-туысқа айтсаң сыртыңнан күледі. Айтпайын десем ішіме сыймайды. Оның үстіне «осындай әңгімелер шынымен өмірден алынған ба екен, мен де хикаямды айтсам жариялай ма» деп сынап хабарласып отырмын.


Әйелім екеуміз сыныптас болдық. Бала махаббатымыз шын сезімге ұласып, үйлендік. Жар таңдаудан қателеспедім, ол жағынан жолым болды. Алланың берген үш қыз, бір ұлын өсірдік. Үш қызды ұзаттық. Мен мектепте директордың орынбасары боп еңбек еттім, әйелім басқа мектепте мұғалім болды. Жұрттың алды боп кетпесек те, тәп-тәуір өмір сүрдік.


Бірақ Шерхан Мұртаза айтпақшы «бірі кем дүние екен», орта жолда жарымнан айырылып қалдым. Жер үйде тұрамыз, үйде ешкім жоқта әйелім монша жағып түсіп, газдың иісіне уланып, қайтыс боп кетіпті. Қиналған сәтте қасынан табылмағаным, құтқарып қала алмағаным жаныма қатты батты. Титтейімнен бірге келе жатқан ең жақынымнан айырылып, қанатым қайырылып, екі жыл қатты қайғырдым.


Осы уақыт аралығында «үйленсейші, әлі жассың ғой» деп ақыл айтқан ағайынның ешбірін тыңдамадым. Себебі әйелімдей адамды енді табу қиын-ау дедім. Оның үстіне баламыз да үйленетін жасқа жетіп қалған. «Осы баланы үйлендірсек, келінім бір немере туып берсе, пенсияға шығып, немере бағып отырар ем» деп әйелім жиі армандайтын. Сол себепті баламның алдына түсіп, онымен жарысып үйленуді жөн санамадым.


Жалғыз ұлымыз 2021 жылдың соңында бір қызға үйленген. Үш қызым күйеулерімен, менің аға-жеңгем, балдызым, бәріміз қыздың әке-шешесін тәтті шайға шақырып, танысып, келінімізді құда түсіп әкелдік. Жағдайымыз бар ғой, келе сала дүркіретіп тойын жасап бердім. Бәрінен де үш қызымның иығынан жүк түскендей қуанды. Себебі олар кезектесіп аптасына бір келіп, үйді жинап, ас-суымызды дайындап кететін. «Папа, енді келініңіз бар, күнде түрлі-түрлі тамақ жеп отырасыз» деп қуанды олар.


Бір жылға дейін келінім жақсы жүрді. Мен таңертең жұмысқа кетем, кешкісін бір-ақ келем, онша-мұнша кемшіліктерін байқамайтынмын. Былтыр зейнетке шықтым да, қолым босап үйде отырып қалдым. Онда да қарап отырмай, үйге бір пайдам тисін деп таксист боп кеттім. Келін баламен үйде отыр, бір баланың тапқаны не болады, бір жағына шығысайын, әрі ойым бөлініп, уақыт өткізу керек деп ойладым.


Қала ішінде адам тасимын, үйге жақын маңға келіп қалғанда үйге кіріп, шай тамағымды ішіп кетейін деп ойлайм ғой әлгі жерде. Сөйтсем келінім тал түс болса да ұйқысынан тұрмай, ұйықтап жатады. Таңертең тұрып бізге берген шайдың ыдыстары жуылмай, сол күйі жиналып тұрады. Басында «жас қой, баламен шаршайтын шығар» деп үндемей тамағымды өзім ысытып жеп жүре бердім. Кейін қарасам келінім салақ екен.


Айтуға аузым бармайды, десе де айту керек, айына бір келетін «қонағының» лас ішкиімдерін ваннаға ашық-шашық тастап кете береді, төстартқыштары да солай... Ер адам болғасын тіпті ұялады екенсің. Бір күні болмағасын үлкен қызыма ақырындап айттым. «Анау келінге өзің бір ауыз ескертші» дегем. Қызым мен жоқта «ұят болады, үйде атаң бар, іш киімдеріңді жинап, мына үйді тап-тұйнақтай етіп ұстасайшы, жан-жақтың бәрі қоқырсып кетіпті...» деп ескерту жасапты. Бірақ одан еш нәтиже шыққан жоқ.


Әйелім тазалыққан тұнған кісі еді, мені де әбден соған тәрбиелеп тастаған ғой. Шай ішетін пиаланың ішіндегі қара дақтар таза жуылмайды, қасықтар да қарайып, кеселердің сырты май күйде тамақ құйып әкеле береді. Бір күні шыдай алмай соны келініме айтып салдым.

«Марқұм енең тазалықты жақсы көретін, мына ыдыстардың бәрін сол сатып алып, айнадай қылып ұстайтын еді. Енді осы үй сенікі, барды күтіп, таза ұстауға дағдылан, келетін қонақ бар, құда-жекжат бар, айналадан ұят болмасын» деп жай сөзбен шай ішіп отырып айтқам ғой.


Сөйтсем кешке балам жұмыстан келгенде бөлмесіне кіргізіп алып әбден шағыстырыпты. «Атам мына кесені енең алған деп үйдегі заттарды менен қызғанады, әпкелерің салақсың деп жамандап отыр» деп шағымданған-ау, тағы бірдеңелерді қосып айтпаса, кемітпегені анық енді. Ертеңіне балам «біз бөлек пәтерге шығатын болдық, жұмыстың жанынан бір үй тауып қойдым, жаяу барып келем, баланы садикке беріп, келініңіз де жұмысына шығады» деп шорт кесті. «Мына даңғарадай үй қай жерлеріңе тарлық қылды, қаланың сырты демесең бәрі жақсы ғой» деп айтқаныма көнбеді. Екі күнде көшіп кетті.


Екі апта болды, жалғызбын. Әйелім болса бұл мәселені өзара шешіп, келінді тәрбиелеп алар еді, «еркек басыммен нем бар еді сөйлеп» деп өзімді жазғырып отырмын. Балам «папам үйленіп, бөлек тұра берсін» депті қыздарыма. Көңілім қалды бәрінен. Жалғыз өзіме ас та батпайды, апыл-тапыл басып алдымнан шығатын немеремді сағындым. Мына мәселені қалай шешсем болады? Құдағимен сөйлескенім дұрыс па, көпті көрген әйел кісілердің кеңесі керек боп тұр».