​«Қайнағам мені әке-шешеммен қоса сабап тастады»: алматылық әйел күйеуінің ағасынан таяқ жеген

0
2 170

«Сауап үшін көмектесем деп жұрттың өсегіне қалдым»


​«Қайнағам мені әке-шешеммен қоса сабап тастады»: алматылық әйел күйеуінің ағасынан таяқ жеген

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қазақта «қайнаға иманды болмай, келін ибалы болмайды» деген сөз бар. Бірақ соны көпшілігі түсінбейді, қит етсе келіннен көріп, барлық мәселеге соны кінәлі етеді. Мәселен, қайын жұртым қайынағамның отбасымен араласпай кетуіме мені кінәлап отыр», - дейді Индира есімді алматылық әйел.


Осыдан бес жыл бұрын болған жағдайды Индираның өзі ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Ол кезде біз жас едік, бір қызымызбен екі бөлмелі кішкентай ғана пәтерде тұрып жатқанбыз. Мен бала күтімімен үйде отырғам, бір күні Тараздан абысыным келді. Күйеуім түнгі ауысымға жұмысқа кеткен. Таңға дейін абысынмен шай ішіп, ауыл-аймақтың әңгімелерін тауыстық.

«Қайнағаң араққа салынып кетті. Істеп жүрген тәуір жұмысынан да шығып қалды. Бес баланы асырауға жалғыз өзімнің шамам келмей жатыр, тапқанымыз нанға әзер жетеді. «Ішпеші, адам болшы» деп талай мәрте жалындым. «Алматыға барсам арағымды қоямын, адам болам» деп ант-су ішіп отыр. Соған сендерге келдім, бірдеңе етіп осында келсек, екі қолға бір күрек табылар, а? Уақытша сендердің пәтерлеріңді паналай тұрсақ, қайным қалай қарар екен» деп келгендегі мәселесін айтты.


Негізі абысыным өте жақсы адам, ауылға барғанда асты-үстімізге түсіп, барын алдымызға тосып бәйек боп жүретін. Оның қазіргі жағдайына қатты жаным ашыды. Ертеңіне жұмыстан келген күйеуіме болған жағдайды баяндап бердім. «Шымкентте күнін көре алмаған ол Алматыда қалай тұрмақ? Біреудің отбасына араласпайық, өздері шешсін мәселесін» деп шала бүлінді. Ақкөңіл сорлымын ғой, «Біздің үйде тұра берсін, көңіл сыйса – бәрі сыяды. Автопаркте жұмыс көп шығар. Соған кіргізейік, күнде көлікте жүргесін ішпейтін шығар. Айлықтары да тәуір деп естимін. Біраз уақыт істеп көрсін, жұмысы жақсы жүріп жатса қала сыртындағы салынып жатқан үйді берейік, бір-екі бөлмесін бітіріп, сонда тұра берсін» деп ағымнан жарылдым.


Обалы не керек, күйеуім менің айтқаныма әзер көнді. «Өз бауырың ғой, осындайда қараспасаң, бауырлығың қайда» деп жүріп, қайнағамды отбасымен көшіріп әкелдік. Сонымен не керек, 4-5 ай екі бөлмелі пәтерде екі отбасы, алты баламен бірге тұрдық. Олар біз салып жатқан үйге көшкенде кішкентай пәтеріміз хан сарайындай кеңіп сала берген.


Екі-үш айдан соң менің төркінімнен хабар келді. Өзім үйдің жалғыз қызы едім. Ауылда қалған ата-анам қартайып қалған, әсіресе әкемнің денсаулығы сыр беріп, қайта-қайта қалаға емханаға шапқылай берген еді. «Сен қарсы болмасаң, ата-анамды салынып жатқан үйдің екі бөлмесіне көшіріп әкелейікші, ауруханаға қатынап тұрғанға да ыңғайлы болар еді» деп күйеуіммен ақылдасып ем, келісті.


Осылайша құдалар бір үйде көрші боп тағы 4-5 ай тұрды. Сол уақыт аралығында біздің басымыздан не өтпеді десейші. Әкем мен қайнағам жиі ерегісіп қалатын. «Қызым, құдада ес жоқ екен, алып қойған құрылыс материалдарыңды бір-бірлеп тиын-тебенге сатып жатыр. Соны айтсам бір сөз көтере алмайды» деп әкем шағымданған. Қала берді кішкентай балалары үйдің бітпеген бөлмелеріне түнге қарай дәрет сындырып, сасытып-бықсытып жіберіпті. Әрине, екі жақты сабырға шақырмақ оймен күйеуміз екеуміз талай мәрте араларына түстік. Бірте-бірте екі жақтың беттері ашылып кетті.


Бір күні кешкі ас дайындап жүргем, есіктің қоңырауы басылды. Ашсам үсті-басы қан-қан әкем мен шаңға аунаған шешем келіп тұр. Жетпіске жетер шағыда әкем байғұс құдасынан өлгенше таяқ жепті. Оған араша түскен шешемді де сабап тастаған, бір көзі ісіп, мүлдем ашылмай қалған. Қорыққандарынан дір-дір етеді. Мына көріністен шыдай алмадым, дереу такси шақыртып, жер үйге жетіп бардым.


Барсам қайнағам жалғыз екен. «Аға, мұныңыз не?» деп айтып үлгергенім жоқ, жағыма жұдырықпен бір ұрды. Жерге ұшып түскен мені итше тепкілей жөнелді. Мұрынымнан қан саулап, «аға, кешіріңіз» дегеніме қарамай, сабап тастады. Өлтіріп қояр ма еді, артымнан мән-жайды есітіп күйеуім жетіп келіпті. "Екеуіңді де қоса өлтіремін" деп жерде жатқан балтаны алып жүгіргенде көлікке қалай отырғаным есімде жоқ, қашып үлгердік.


Әке-шешемнің жеген таяғы менікінің қасында ойнамай қалды. Ішіме қан кетіп, миым шайқалып, ауруханадан бір-ақ шықтым. «Сотталсын, түрмеде шірітем» деп жатсам, күйеуім ағасын арашалап қалу үшін полицейлерге ақша беріп, істі жауып тастапты. Дәрігердің «Әйеліңіздің жағдайы ауыр. Қазір емдемесе, кейін зардабы ауыр болады» дегеніне қарамастан, керек деген дәрі-дәрмектерді жаздырып алып, мені үйге алып кетті.


Кейін күйеуім маған «ол сол кезде анаша шегіп алыпты, ондайда адам не істеп, не қойғанын өзі білмей қалады ғой, кешіре алсаң кешір» деп араша түсті. Мейлі дейік, сол кезде есінен айырылған шығар, ертеңіне, одан кейін кешірім сұрап келуге миы жетпеді ме? Тіпті алдыма жалынып келген абысынымнан да бір дерек жоқ. Кейін білгенімдей, абысыным мен балаларын да сол күні сабап, олар бас сауғалап кеткен екен.


Сол жағдайдан кейін арада бес жыл өтті. Қайынағам ауылға қайтқан, арағын қайта ішіп, отбасының тоз-тозы шығып жүр. Ал енем мен қайныларым бұл оқиғаға мені кінәлі етіп қойған.

«Құда-жекжат деген алыстан сыйласуы керек. Қайын ағасы отырған үйге әке-шешесін неге кіргізіп қойған, қызғанған түрі ме? Олар да құда жөнімен отырмай, дау шығарыпты» деп сыртымнан әбден өсектеді. «Сауаптың түбі – тесік» деген осы екен. Күйеуіме жалынып жүріп көмектескен қайын ағамнан осылайша оңбай таяқ жедік. Мені қойшы, қартайған әке-шешемнің жүрегіне жазылмас жара салып кетті...»