​«Қайным да, күйеу балам да өз жазасын алды»: жамбылдық әйел сіңлісінің тағдырын әңгімелеп берді

0
7 789

«Ақ екенін дәлелдай алмай, қор болды»


​«Қайным да, күйеу балам да өз жазасын алды»: жамбылдық әйел сіңлісінің тағдырын әңгімелеп берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Адамның көз жасы, наласы деген нәрсе бар! Біреуді жөн-жосықсыз тілдеп, ар-намысын таптасаң, сыртынан сыпсыңдап өсек айтсаң және сол өсектен жазықсыз адамның тағдыры талқандалса, онда түбінде көз жасы жібермейді. Себебі өмір – бумеранг», - дейді Гүлсім есімді оқырманымыз.


Гүлсім туған сіңлісі жалған жаланың құрбаны боплғанын айтады. Болған оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Сіңлімнің менен басқа сүйенетін адамы жоқ, бір анадан екеуміз ғанамыз. Анамыз бен әкеміз ертеректе ажырасып кеткен. Ал анамның ештеңемен ісі жоқ, жуас, ашылып сөйлей бермейтін адам. Өте сабырлы, жер қозғалса да қозғалмайды. Сондықтан бауырыма өзім бас-көз боп, сөзін сөйлеп жүрем.


Өзім ауылға тұрмысқа шыққам, екі балам бар. Ал сіңлім бала күннен ауылдың бір жігітімен кездесіп, жарасып жүрді. Мектеп бітіргесін екеуі қалаға оқуға түсіп, қарым-қатынастарын сол жақта жалғастырды. Сіңлім аршыған жұмыртқадай аппақ, шашы ұзын, көздері ботадай, сұп-сұлу. Сондықтан оны көрген жігіт бірден ғашық болатын. Менің қайныларым да қызығып, «сіңліңізді алайыншы» деп тиісетін.


Бір күні қаладан келе жатқан сіңлімді алыстау ағайынымыздың ұлы алып қашып кетіпті. Оны менің сіңлімді алып отырғасын біздің үйге де айтпаған, тіке мамама хабаршы жіберген. «Ойбай, Эльмираны сенің қайның әкетіп қалыпты, келші үйге» деп мамам звондағанда бір-ақ білдім. «Жоқ, қызды қайтарыңыздар, оның жігіті бар, екеуі сөз байласып қойған» деп тұрып алдым. Мамам да «үй ішінен үй тіккендері несі, басқа қыз таппай қалып па, сенің әулетіңмен құда болмаймын, сіңліңді үйге әкел» деп жіберді. Дереу сіңлімнің жігітіне хабар бердім, ол қалада-тұғын. Қас қарайып қалған уақта келіп жетті.


Обалы не керек, «Мен Эльмираны әкетем, өзім алам» деп жігіт аттандап барды. Алдына көлденең жатқан кемпірге де, жалынған әке-шешесіне де қараған жоқ, басына орамал салынып қойған сіңлімді төргі бөлмеден сүйреп алып шықты. Бірақ сыртқы есіктен аттай бергенде сіңлімді алып қашқан қайным жігіттің құлағына бірдеңе деп сыбырлады.


Сонымен, сіңлім сол күні сүйген жігітінің босағасын аттап, келін болды. Бірақ бақытты болмады. Оңбағыр қайным күйеу баламыздың құлағына «сүйем дейсің, мынауың қыз емес қой, мен тексеріп көрдім. Қалай алмақшысың?» деп сыбырлап үлгеріпті. Сіңлімде де ес жоқ қой, ақыры үйленеміз ғой деп жігітіне беріліп қойған екен. Енді күйеу бала сенімсіздік танытып, әйелінен суи бастаған.


«Әпше, анау қайныңыз қарап тұрмай арамызға от тастады ғой, Берік маған сенбей отыр» деп жылағанда қайнымды өлтіріп тастауға шақ қалдым. Бірақ сіңлімнің абыройы үшін тілімді тістеп, үндемей жүре бердім. Күйеу балам қит етсе әйелін ұратын болды. Себебін ешкімге айтпайды, ата-анасы да «сорлы-ау, өзің таңдап, біреудің үйінен алып келген әйелің ғой» деп талай мәрте араша түсіп, ажыратып алған. Мен де оңаша шақырып, мән-жайды түсіндірдім. Бірақ күйеу балам басқа адамға айналып кеткендей, сіңлімді көрсе тыржиып, жақтырмай, сөзімен де, жұдырығымен де түйреп жүретін.


Бір жыл ырың-жырыңмен өтті. Сіңлім қыз туып берді. «Балалы болса басылатын шығар» деген үміт те сөнген. Күні-түні көше кезіп, қыдырып жүре беретін күйеу баламнан қайыр болмайтынын түсініп, сіңлімді үйге әкеп қойдым. «Қадіріңді білмеген адамның босағасында қор болма, іздеуі-сұрауы жоқ адам емессің, өзім көмектесем» дедім.


Қазір сіңлім мамаммен бірге тұрады. Қызын бақшаға беріп, жұмысқа орналасты. Басында күйеу балам қайта-қайта келіп, мазасын алатын. Кейін оны әке-шешесі басқа біреуге үйлендіріп, сонымен тынышталды. Бірақ... Содан бері төрт жыл өтті ғой, күйеу бала бақытты боп кетпеді. Алған әйелі бедеу екен. Бір балаға зар боп отыр. Ал анау қайнымды айтсайшы, жақында екінші әйелімен ажырасты. Соңғы кеткен келіншегі енесінің, қайынсіңлісінің алтындарын сыпырып, тонап кетіпті.


Кезінде өсекке сеніп, сіңлімнің жүрегін жаралаған күйеу баламыз енді қайтадан келіп, мазаны алып жатыр. Кешірім сұрайды екен. «Қайта қосылайық, қызымыздың тағдырын ойлайық» депті. Бірақ сіңлімнің оған деген көңілі суып кеткен. Бетін қайтарып тастапты.


Не болды ал, қаншама адамның тағдыры талқан болды! Біреуді нақақ қаралау, ал оған көз жеткізбей жатып сене салудың соңы осындай болады екен..."