«Екеуін жарастырып жіберудің амалы бар ма?»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
Өз ақылым өзіме жетпей тұрғанда қайным мен келіннің арасына түсіп, оларды жарастырып жіберу қиын боп тұр. «Ажырасам» деп қайным отыр, «мен күйеуімді сүйем» деп келініміз де кетер емес. Екеуін жарастырып жіберудің амалын қайдан тапсам екен», - дейді Гүлсінай есімді әйел.
Жақында ғана келіннің қолтығын сүйеп, «абысын болдым» деп қуанған оқырманымыз болған жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Ажырасам» деп болмай отырған бала - қайынағамыздың ұлы. Ағайымыз ертеректе қайтыс боп кеткен. Бала абысынымызбен бірге қара шаңырақта тұрады, алдындағы үш қыз тұрмыста.
Сол жігіт жақында келіншек әкеп, абысынымның төбесі көккке жеткендей қуанған. Ол қыз өзінің сыныптасы әрі алғашқы махаббаты екенін естігенде біз де таңдай қағып, махаббаттарына қызыға қарап едік. Арада, міне, екі ай өтер-өтпес бала «ажырасам» деп қоймай отыр. Онысын әлі шешесіне айтпапты. Менен келіп ақыл сұрап отыр. «Әйелімді көргім келмейді» деп райынан қайтар емес.
«Жеңеше, мен бұл қызды мектеп кезінен жақсы көрдім, - деп бастады қайным әңгімесін. - Екеуміз мектеп бітіре сала үйленеміз деп армандаушы едік. Бірақ ол ҰБТ-дан жақсы балл жинады да, грантқа оқуға түсіп кетті. Ал мен, өзіңіз білесіз, дәл сол жылы папам қайтыс боп, үйден ұзай алмадым.
Ол Алматыға кеткенде бәрі жақсы еді. Бір жылдай күндіз-түні телефонмен сөйлесіп, сурет алмасып тұрдық. Жазғы каникулға келмеді, «осында жұмыс істеп, киім-кешегімнің ақшасын табам» деп айтты.
Күзге қарай жұмысты сылтауратып артынан бардым. Бірақ менің барғаныма қуанбаған сияқты көрінді. «Мен сені күтпедім, қазір менде уақыт жоқ, жұмыс көп» деп мың сылтауын айтып, екі-ақ рет кездестік.
Сол кеткеннен Аяулымды көрмедім. Звондасам телефонын көтермейді, біраз күннен кейін «мені күтпе, өзіңе лайық қыз ізде, мен оқу бітірген соң Алматыда қаламын» деп жазып жіберді.
Жүрегім тас-талқан болып,үйге келіп мамама айттым. Мамам да Пәленшенің қызын келін қыламыз деп план құрып жүрген. Менің әңгімемді естіген соң «Ол қызды ұмыта салшы» деді. Бірақ ұмыта алмадым. Мамам шырылдап бірнеше қызбен таныстырмақшы болды. Бірақ олардың ешбірі көңілге жақпады. Күндіз-түні осы Аяулымды ойлап, іштен тынып жүрдім.
Бір жылдан соң ғой, енді үмітім үзілді ме дегенде Аяулым телефон соқты. «Ауылға келіп едім, кездесейік» деді. Кафеде отырғанда Алматыдан да, ол жақтағы шулы өмірден де жалыққанын айтты. «Егер сен әлі де мені сүйсең, үйленейік» деп емеурін білдірді.
Сол кездегі қуанғанымды көрсеңіз, құстай ұшып жаңалықты мамама жеткіздім. Мамам да менің жайнаған жүзіме қарап бәрін ұмытып кетті-ау, «әкел, келін қылып әкеле бер, дайынмын» деп салды. Мамамның сол кездегі қуанышын айта алмайм, етегіне сүріне-қабына келіннің алдынан шығып, орамалын салып, үйге өзі алып кірді.
Біздің некеміз ертеңіне беташардан кейін қиылды. Сол түні Аяулыммен оңаша қалдық. Алғашқы неке күні оның қыз емес екенін біліп, шок болдым. Сонша жыл зарығып күткен махаббатым адал болмай шықты. «Аяулым, сен мені алдап, күйеуге тиді деген атақ үшін осылай істедің бе? Мынау не масқара?!» деп жылап жібердім. Ал оның тілі байланып қалған, отырған орнында мелшиіп отыра берді. Бір уақта есін жинады-ау, «мен Алматыда бір жігітке алданып қалдым. «Саған үйленем, екеуміз бәрібір бірге боламыз» деген сөзіне сеніп едім, бірақ ол мені тастап, Астанаға қашып кетті. Үйдегілерге қарайтын бет жоқ, қатты ұялдым. Саған айтуға қорықтым, алмай кете ме деп ойладым. Бірақ мен сені шынымен сүйеді екем, кездескен кезде соны түсіндім. Сенен айырылғым келмейді, өмір бойы айтқаныңды істеп, құлың болуға дайынмын, тек менен бас тартпашы» деп жылады.
Сол түні оған жаным ашып, бекер қылған екем. Жылғанына шыдамай, бәрін осы күйінде қалдыра салып едім. Бірақ қазір әйеліме жақындай алмайм. Бір бөлмеге түнегенімізбен, төсегім бөлек. Түріне қарасам бітті, оның мені алдап соққаны есіме түседі де, қаным қайнайды, жеңеше. Бір сылтауын тауып, ажырасып кету керек. Мамам мұны естісе жүрегі тоқтап қалатын шығар. Бір амалын табыңызшы».
Жыларман боп отырған қайныма не дерімді білмедім. Ертеңіне келінді шақырып, сұрақтың астына алдым. «Жеңше, менің кінәм зор. Бірақ мен де біреуден алданып қалған сорлымын ғой. Бақытты болуға қақым бар шығар. Өле-өлгенше осы әулеттің отымен кіріп, суымен шығам деп өзіме серт бергем. Бізге біраз уақыт керек, Бақыт та сабырға келіп, ашуы басылады деген үміттемін» дейді ол.
Негізі екеуі бірін-бірі сүйеді, тек қайным әлгі жағдайға өкпелі, алданып қалдым деп намыстанып жүр. Бұлай кете берсе екеуінің арасы суып, жасырған құпия-сырлары жұртқа жария болатын сияқты. Екі жасты жарастырудың тәсілдері бар ма?»