«Қалың малға 2 миллион теңге сұрап жатыр»: өскемендік құдағи ренжулі

0
5 326


«Қалың малға 2 миллион теңге сұрап жатыр»: өскемендік құдағи ренжулі

«Қалың малды жігіттің ата-анасы беретіні белгілі. Бұл ата-бабамыздан келе жатқан салт. Бірақ та жігіт жақтың дәстүрімен де санасып, келісімге келген дұрыс қой», - дейді өскемендік Миягүл есімді ана.

Ол «Қалың мал сұрау – қызын сатумен бірдей сияқты. Құлаққа түрпідей естіледі екен. Шымкентте сауда-саттық дамып кеткендіктен, енді олар қызын да саудалайтын болған ба?» деген Миягүл ренішті.



Өскемендік әйел ренішке себеп болған оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Оңтүстік аймақтарда қалың мал әлі күнге дейін сұралатынын естігенмін. Бірақ заман өзгерді емес пе? Білем, бұрын ата-бабаларымыз сүтақыға бұзаулы сиыр, қалың малға жылқы апарған, бірақ қалада қазір ешкім мал жетектеп жүрмейтін шығар?! Оның үстіне біз жақта қалың малды сыйлық түрінде әркім шамасына қарай апарады. Көбінесе қыздың ата-анасына алтын тағады, болды.

...Ұлым өзінің группасындағы бір қызбен бірінші курстан бері бірге жүретінін айтқанда тәптіштеп сұрамаппын. Суретін көрсеткен, заманауи, көрікті қыз. Бірақ сол қызбен төртінші курсқа дейін жұбы жазылмай, оған үйленеді деген ой келмепті.

Тағдыр шығар мүмкін, мейлі. Мен үшін ұлым бақытты болса болғаны. Бірақ та қыздың ата-анасына екі жастың бақытынан гөрі қалың мал маңызды боп отыр.


Жақында ұлым қызына күзде үйленетінін айтқан. Ол шешесінің байланыс нөмірін беріп, «Алдымен ата-аналарымыз сөйлессін. Біз жақтың салты өзгерек қой» деген. Әр өңірдің, әр үйдің өз салты бар, бірақ оның бәрін орындауға міндетті емеспіз. Жұрт қатарлы алтынын тағып, кәделі сыйлығымызды апарамыз деп бұрқылдадым ұлыма.


Сосын құдағимен видеоқоңырау арқылы танысып, сөйлестім. Оған біз жақтағы салт бойынша, құда екеуіне алтын жүзік қана тағатынымызды айттым. Құдағи сәлден соң хабарласатынын айтып байланысты үзді. Артынша вацап арқылы тоқтаусыз аудиожазбалар келе бастады. Тыңдап отырып қан қысымым көтерілді.


Құда-құдағидан басқа оның келіні мен үлкен қызына да алтын тағуым керек екен. «Қызымның жалғыз әпкесі мен жеңгесі бар» деп, олардың да саусағының өлшемін айтты. Мейлі, төрт алтын тағуға шамам жетеді.


«Ана сүті – бір бұзаулы сиырдың құны, 250 мың теңге, жігіт түйе де осы шамада. Өлтірісіне бір қой мен бір қап күріштің ақшасын қоса әкелесіздер» деген аудиожазбадан соң, «жарайды» деп қысқа қайырдым.
Кешке Алматыдағы ұлыма қоңырау шалып, «Алыс жақтың қызын қайтесің, Шығыс Қазақстанда да сондай қара қыз көп қой. Масқара ғой шарттары...» деп едім, «Ой, мама, жақсының бәрі қымбат болады» деп, әзілге айналдырды. Сосын «Мама, одан басқа ешкім ұнамаса не істеймін?» деп, тұтқаны тастай салды.
Ұлым айтқанынан қайтпайтынын түсіндім. Ал қыздың шешесі ше, онымен жылы сөйлесіп, сәл төменірек түсуін сұрап көрейін деп ойлағаным сол, смс-хат келді. Ашсам, «Біз жақта қазір қалың малдың орташа құны 2 миллион теңге. Бұл сүтақы мен тағатын алтындарыңыздан бөлек конвертке салып әкелесіз» деп жазып жіберіпті. Не деген сұмдық? Айтарға сөз таппадым да, көзі бақырайып, таң қалып тұрған смайликті жібере қойдым.


Болашақ құдағиым шындап келсе 2 миллион теңгенің түкке де жетпейтінін, оның үстіне өздері әлі ақша қосып қыз жасауын түгел әкелетінін жазды. Қызының биыл университетті қызыл дипломға бітіргенін, мамандығының мұғалім, ал педагогтардың жалақысы қазір жақсы екенін, "қолында наны бар келін" алайын деп жатқанда, 2 миллион теңге қалың мал төлеуге қиналуымның дұрыс еместігін де әңгіме еткен ғой.


Киімі, ыдыс-аяғы, тұрмыстық техника, көрпе-төсегі, кілемдері... көп затты тізіп жазып жіберген құдағиыма «Біздің үйде оның бәрі бар. Үш бөлмелі пәтерімізге артық зат сыймайды. Қалың мал бермеудің, қыздың артынан дүние-мүлік әкелмеудің жолын қарастырайық. Қиындатып жібердіңіз ғой» деп, аудиожазбамен жауап қаттым. Не дер екен деп күтіп отырмын, бірақ шымкенттік құдағи ешнәрсе жазбады.


Үш күн өткен соң өзім қоңырау шалдым. Тұтқаны көтермеді. Бірақ кешке вацаппен «Салты, жолы солай. Оны мен шығарған жоқпын. Саудаласатын менің қызым тауар емес» деп орысшалап жазып жолдапты.


Қалың мал сұрау – саудалау емей немене? Көрші-көлем мен ағайын-туысына өткізетін өлтірісінде пісіретін тамақтың еті мен күрішіне ақша сұрау да – ұят. Егер жоқ-жұқана отбасы болса, мен үндемес едім. Білуімше, естуімше қыздың анасы бір мектептің білдей директоры, әкесі де қара жаяу емес. Инстаграм парақшасындағы суреттеріне қарап отырсам, тұрмыстық жағдайы өте жақсы. Бірақ сонда да қызын «сатпақ» боп отырғанына таң қалам.

Өз басым ұлымды үйлендіру үшін кредит алмаймын. Қалың малға беретін 2 миллион теңгем жоқ. Ақыры оңтүстік өңір салт-дәстүрді алға тартып жатыр екен, ұлыма салтымыз бойынша қызды алып-қашып кел деп айтып жүрмін. Қалың мал бермедің деп, қызын алып кетпейтін шығар...»


Өскемендік Миягүл мен болашақ құдағиы содан бері бір-бірімен сөйлеспепті. Ол «кім болса да салты мен талабы өзіне таныс өз өңірінің қызын келін етіп түсіргені дұрыс сияқты» дейді. Ал сіз не дейсіз, оқырман? Қыз қалыңмалсыз болғаны дұрыс па?


Ұқсас оқиғалар:

«Қызымның әкесі кім екенін білмеймін»: алматылық әйел өкінішін айтты

«Енемнің қасында жатады»: Қызылордалық жас келіншек құрсақ көтере алмай жүргеніне күйеуін айыптайды