«Қалыңмалыма өзім несие әпергем»: түркістандық келіншек күйеуіне оңбай алданғанын айтып берді

0
5 358

«Құпиясын шешесіне айтқаным үшін оңбай таяқ жедім»


«Қалыңмалыма өзім несие әпергем»: түркістандық келіншек күйеуіне оңбай алданғанын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қазір не көп, отбасылық психолог, ер мен әйелдің қарым-қатынасы жайлы ақыл айтатын адамдар көп. Мен бұрын сондайларды тыңдамайтынмын, жақтырмаушы едім. Сөйтсем олардың ішінде де дұрыс сөйлейтіні бар екен. Жақында сондай бір кісінің ақылын тыңдап, кезінде өзімнің түк білмейтін аңғал, ақымақ болғанымды түсіндім. Әттең, сол коуч маған сәл ертерек жолықпаған екен. Бойдақ кезімде осы ақылдарды естігенде жігітімнен ат-тонымды ала қашар едім», - дейді Динара есімді жас келіншек.


Тұрмысқа шығамын деп қарызға белшеден басқан оқырманымыз қазір күйеуімен соттасып жатыр екен. Оқиғаның барысын ERNUR.KZ тілшімізге әңгімелеп берді.


«Жалпы, психологтардың айтуынша, әйел адам ерінің алдына түсіп, өзі тапқан ақшасына отбасының керек-жарағын түгендеп, ер-азаматтың міндетін мойнына артып алса, онда өмір бақи сол жүкті көтеріп жүре береді екен. Яғни еркекті масылдыққа тәрбиелеп тастайды, әйелі табыс тауып, бала-шағасын асырап, үйдің жоғын түгендеп отырса еркек басын ауырта ма? Жатыпішер жалқауға айналып кетеді. Осы сөздің жаны бар екен. Оны өз басымнан өткізген соң айтып отырмын.


Күйеуге кеш шықтым. Университетті бітіріп, мектепке мұғалім боп орналасып, үш жыл жұмыс істедім. Бұл уақытта өзіммен қатар қыздардың, құрбыларымның бәрі тұрмысқа шығып, 1-2 балалы боп қойған. Сол себепті ауылға барсам да, көпшіліктің ортасына түсіп қалсам да бәрі жаттап алғандай «қашан тұрмысқа шығасың, осылай жүре бересің бе, кетсейші» деп айта беретін. Ал менің сөйлесіп жүрген жігітім жоқ. «Мені алшы, уақытым өтіп барады» деп кімге айтам? Уақыт-сәті келер деп асықпай, сабырмен күттім.


Сөйтіп жүрген күндердің бірінде Самат есімді жігітпен таныстым. Жоғары білім алмаған, көлігімен таксист жігіт. Менің алдымды кес-кестеп жүріп алды. Мектептен үйге, үйден мектепке апарып тастайды, телефонға тыным жоқ. Сөйтіп екеуміз бір-бірімізді ұнатып қалдық. Тіпті мен оған бір күн көрмесем тұра алмайтындай ғашық болдым.


Қыз-жігіт боп жүргенімізге бір жылдан асқанда мен тұрмысқа шығу жайлы ойлана бастадым. Ал ол ұсыныс білдіруге асықпайды, «мынау маған үйленетін жігіт пе, қалай өзі» деп біртүрлі болдым. Содан бір күні ашық әңгімеге шақырдым. «Самат, екеуміз де жас емеспіз, менің тұрмысқа шығатын жастан өтіп барамын. Үйдегілер де бұл туралы айта береді. Не істейтін ойың бар?» деп ашық сұрадым.


«Шынымды айтсам бүгін болса бүгін-ақ үйленіп кетер едім. Әке-шешемнің жағдайы жоқ, өздері күндерін әрең көріп отыр. Оларға «мені үйлендіріңдер, ақша беріңдер» деп қайтіп айтамын? Тағы бір-екі жыл жұмыс істеп, ақша тауып, бәрін өз күшіммен істегім келеді. Тұрақты жұмысым болмаған соң банктен де несие ала алмай, қолым байланып отыр» деп сырын айтты. Ақымақ басым, сол кезде оның сужұқпас өтірікші екенін білсем-ші.


Не керек, екеуміз үйленетін боп келістік. Мен оған «біздің бақытымызға ақша кедергі болса, онда сол несиені мен-ақ алайын, екеулеп төлеп тастаймыз, бір отбасы болайын деп отырмыз ғой» деп өзім ұсыныс білдірдім. Сөйтіп банктен бірнеше миллион теңге несие әпердім. Ай сайын 118 мың теңгеден құйып отыратын болдық.


Самат оны бір тиынына дейін санап, қалтасына салып алды. Сөйтіп әке-шешесіне үйленетінін айтып, екеуміз ата-аналарымызды таныстырдық. «Қыздарыңыздың қалыңмалы» деп ата-енем бір миллион теңге, киіті, қоржыны деп несиеге алған ақшамен жөн-жоралғысын жасап, менің әке-шешем ұзату тойын жасап, екеуміз бас құрадық. Беташарды да, үйлену тойды да несиеге алған ақшаның қалғанына өткізді.


Той өткен соң Саматқа «Тойға түскен ақшаның біразын банкке құйып тастасайшы, ертеңгі күні өзімізге жеңіл болады, ай сайын жүз мыңнан астам ақша оңай емес» деп айттым. «Жарайды, құямын» деген. Қайдағы! Ертеңіне маған да, ата-енеме де ескертпей ескі көлігін сатып, салоннан су жаңасын алып келіпті. Қатты ашуым келді, «мынауың не, екеуміз келісіп едік қой» деп сөйледім. «Жаным, жаңа көлікпен такси болсам шығыны аз болады, ескісін жөндей беріп шаршадым. Ал мынамен күнде қырып табыс табамын, қорықпа, несиені өзім төлеп тастаймын» деп сендірді.


Не керек, сол несие менің мойныма мықтап ілінді. Төлейтін кезде күйеуімнің бітпейтін қырық сылтауы шыға келеді. «Мамаларға бердім, көлігіме дөңгелек алдым, үйттім-бүйттім» деп қашқақтайды. Сосын амал жоқ айлығымнан өзім құя салам. Бір жағы жалдап отырған пәтеріміздің ақысы соның мойнында ғой, үйге азық- түлік әкеп жатыр деп аяп қоямын. Қысқасы, отбасымның тыныштығын сақтау үшін өзімнің қалыңмалым мен тойыма алған несиені өзім төлеп жүрдім.


Қызықтың көкесі декреттік демалысқа шыққанда басталды. Жұмыс жоқ, ай сайын төлейтін ақша жоқ, үш ай несие төленбей қалды. Телефонға тыныштық жоқ, «төлесейші» деп күйеуіме айта-айта шаршадым. Осы үшін талай мәрте қырылыстық. «Мен сол ақшаны өзіме жараттым ба, алғандардың бәрін сенің әке-шешеңе апарып бердік» деп шықты ақырында. Сол құрығыр несиені төлеу үшін ақырында микрокредиттік ұйымдардан қарыз ала бастадым. Тойда төркінім әкеп таққан алтындардың бәрі ломбардқа өтті.


Сөйтіп қиналып, айдан айға тапқанымызды әрең жеткізіп отырған күндердің бірінде ең кішкентай қайынсіңлім тұрмысқа шығатын болды. Ата-енемнің жағдайы жоқ, үйдің үлкені ғой деп бар салмақты бізге салмақшы. «Сендер спальный гарнитурын әперіңдер» деп бұйырды. Оның да арзандауын алас алсақ мейлі ғой, қайынсіңлім жағдайға қарамай миллион теңгелік жиһаздың суретін жіберіпті. Осы кезде енеме шыдай алмай бәрін айттым. «Апа, біз өзіміз тойға алған несиені әрең төлеп күнімізді көріп жүрміз. Екінші мәрте несие алуға жағайымыз жоқ. Самат оны төлеп те жүрген жоқ, бәрі менің мойнымда» деп жылап қалдым.


Сөйтсем енем біздің несие алғанымызды білмейді екен. Күйеуім «бәрін өзім таптым» деп өтірік айтып, әке-шешесінің алдында жақсыатты боп көрінген. «Ойбай-ау, қайдағы несие, не айтып отырсың?! Саматты өтірікші етіп отырсың ба, мүмкін емес, ол неше жылдан бері ақшасын тиындап жинап, соған үйленген» деп бет бақтырмады. Бұл әңгіме күйеуімнің құлағына жетті.


Сол күні алғаш рет күйеуімнен оңбай таяқ жедім. «Екеуміздің проблемамызды неге мамама айтасың» деп ұрып, тепкілеп тастады. Қабырғам сынып, демалуым қиындап, жедел жәрдеммен ауруханаға түсіп қалдым. Жағдайымды естіген бауырларым, ата-анам мені ажырастырып, өздерімен алып кетті. Менің атыма алған кредиттің әлі жартысы да төленген жоқ. «Кеттің бе, өзің төле» деп көк тиын берген жоқ. Ата-анам қалыңмалды өз несиемнен әкелгенін естігенде естен тана жаздады. Амал жоқ, өзіміз төлеп, жауып жатырмыз.


Менің басымдағы оқиға басқаларға сабақ болса екен. Жас қыздар жігітке несие әпермек түгілі, бірге ішкен тамақтың ақшасын да төлемеу керек. Еркектің мойнына жауапкершілік артып үйрену керек. Алданып қалудан абайлаңыздар!»