«Балам алтын, келінім бақыр» деген енелерді түсінбей өтетін шығармын»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Ерлі-зайыптылар ажырасып жатса, көпшілік көбіне әйелді кінәлі етіп шығарады. Әсіресе күйеуі табысты, қалтасы қалың болса, «байлықты көтере алмады, бағын өзі тепті» деген әңгіме айтылады. Есте болсын! Жақсы еркектен әйел ешқашан кетпейді. Жақында осыны келінін жамандап отырған танысыма айтам деп, арамызды суытып алдым. «Турасын айтсаң, туғаныңа жақпайсың» деген осы ғой», - дейді Жаңылсын есімді әйел.
Оқырманымыз бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Ауылда Айзада деген өзімізбен құрдас келіншек бар еді. Кейін олар күйеуінің қызмет бабымен қалаға көшіп кетті. Араға біраз жыл салып біз де басқа қалаға қоныс аударып, арадағы байланыс үзіліп қалған-тұғын. Жақында сол Айзаданы емханадан кездестіріп қалдым. Екеуміз бір дәрігерге кіреді екенбіз, алдымызда адам көп. Шұрқыраса көрісіп, оңаша жерге шығып, жағдай сұрастық.
«Үш балам бар, одан әрі көбейтуге денсаулық жарамады. Баяғы өзің білетін кішкентай Сардардан кейін тағы екі ұл тудым. Кенжетайымды осы жақында ғана үйлендірдім, олар Астанада тұрады. Ал өзім сол Сардардың қолындамын» деді құрдасым.
Әйел болғасын сұрамай тұра алмайсың ғой, «Сардар қайда жұмыс істейді, қай жақпен құда болдыңдар, неше немерең бар» деп қызығушылық таныттым. Сол кезде Айзаданың көңілі құлазып сала берді.
«Сардардың әйелден жолы болмады. Қаладағы Пәленше ше, танитын шығарсың, белгілі әулет қой. Солардың жалғыз қызын келін қылып алғанбыз. Бірақ келгеннен екеуі ит пен мысық боп өмір сүрді. Бір ажырасып, бір жарасып жүріп екі қыз, бір ұл туып еді. Жақында түбегейлі ажырасып кетті. Қазір немерелерім шешелерімен бөлек тұрады.
Балам екінші мәрте үйленді. Жаңа келінім енді бір керемет. Анау біріншісі тымырайып, тымпиып, қабағы бір ашылмайтын. Бірақ тірлігіне пысық енді, тамақты да дәмді етіп жасайды. Балаларының үсті-басы мұнтаздай. Әйтсе де адамға мейірімі, жылуы жоқ, келін мен ене боп шүйіркелесіп шай ішпедік қой. Қашан көрсең қолынан телефоны түспейді. Баламның қызметі ауыр ғой, іссапарға көп шығады. Ондайда міндетті түрде ұрыс, екеуі шарт-пұрт кетіп, ақырында келінім немерелердің бәрін жинап, төркініне кетіп қалады. Артынан балам алтынын, сыйлығын алып барып, жалынып, кешірім сұрап әкеледі. Мұндай өмірге кім шыдасын, балам да жерініп, жалығып кетті-ау, ақырында заңды түрде ажырасуға өтініш берді» деді Айзада.
Негізі мен Айзада айтып отырған бірінші келінінің ата-анасын сырттай танитынмын. Олар жақын құрбыммен көрші болған. Өте сыпайы, оқыған, білімді кісілер еді. Ішімнен «ойпырмай, сондай ата-ананың тәрбиесін көрген қыз қалайша көкбет боп шықты» деп ойланып қалдым да, Айзадамен қоштасып, кетіп қалдым.
Арада екі күн өткенде құрбыммен сөйлесіп отырып Айзаданың келіні жайлы сұрастырдым. «Сорлының пешенесінде бар екен, күйеуден жолы болмады ғой. Әйтпесе алтындай жарқырап қалған қыз еді. Күйеуі жүргіш боп шықты, іссапарға кеттім деп қыдырып жүре береді екен. Ондай кезде күлу қайда, екі дипломы бар келінді үйге қамап қойса. Әлгі күйеуі бір әйелмен байланысып, онысы қыз туыпты. Соны көтере алмай, ажырасуға мәжбүр болды» деді құрбым.
Біраз күннен соң Айзада құрдасты емханада тағы кездестіріп қалдым. Салған жерден «Анау бірінші келінім әбден құтырды. Балам ипотекаға 4 бөлмелі үй әперген, соны төлейді. Одан қалса балаларының тамағы мен киім-кешегін әперіп отыр. Сонда да жақпайды, «маған анау керек, мынау керек» деп звондап миын ашыта береді...» деп бастырмалатып келе жатыр еді, «Тоқта!» дедім.
«Айзада, немерелеріңнің анасын көрінген кісіге жамандай бергенің не? Жақсы еркектен, жайлы үй, бақуат жерден мисыз әйел болмаса, басқасы бекер кетпейді. Демек, балаңда бір кінә бар шығар. Шет-жағасын естідім, Сардар біреуді жүкті етіп, онысы қыз туып беріпті. Үйіңе соны келін қылып әкелді ме? Осы айтқаным рас болса, балаңдікі таза иттік қой. Күйеуі біреумен жүріс жасап жүрсе келініңнің қабағы қайдан ашылсын»?! Оның да намысы, сезімі бар. Ал енді тамақ сұраса, киім әпер десе, Сардардың әкелік парызы. Тапқызды ма, асырағанын міндет қылмасын. Өлетін жерде емессіңдер ғой, неменеге немерелеріңе тамақ әпергеніңді айтып, майдаланып отырсың?» деп ішімдегіні ақтарып салдым...
Менікі дұрыс па, бұрыс па? Кеткен адамды кінәлі етуді доғарайықшы. Кінә ешқашан бір жақтан шықпайды, отбасылық өмірдегі мәселеге еркек пен әйел бірдей жауапты. «Балам алтын, келінім бақыр» деген енелерді түсінбей өтетін шығармын. Айзада мені жақтырмай, ернін сылп еткізді де, теріс бұрылып кете барды. Шындығым шымбайына қатты батты-ау...»