"Киімдерімді қоқысқа лақтырып, үйге кіргізбеді" - екінші некеден де жолы болмаған азамат өкінішін айтты

0
282


"Бірінші әйеліммен о баста өз қалауыммен үйленбеген едім. Арамызда сезім жоқ, сыйластық жоқ, тек бала болғасын бірге тұрдық. Бірақ көп ұзамай ажырасып кеткенбіз" деп еске алды өткенін ERNUR.KZ тілшісімен сөйлескен ер-азамат.


"Бірнеше жылдан соң өзім секілді ажырасқан бір келіншекпен таныстым. Менен екі жас үлкен. Баласы жоқ екен. Ол өзінің екі бөлмелі пәтерінде жалғыз тұратын. Бір үлкен фирмада қызмет атқаратын келіншектің қаржы жағынан еш қиындығы болмады. Түрі де сүйкімді, мінезі де бірбеткей, өзіне нық сенімді келіншек болды. Сөзіміз жарасқан сияқты болып, біраз уақыт араласып жүрдік.

Жастары отыздан асқан жігіт пен қыздың, оның үстіне бұрын отбасылы болған, ажырасқан адамдардың бір-бірімен тіл табысуы оңай емес. Ал үйленіп, бір үйде тұру шешімін қабылдау үшін тіпті қиын. Сонда да ойлана келе, әйтеуір өмір бойы жалғыз өтпейміз ғой деп, бір жағынан бұдан артықты таппаспын деп, сол келіншекке үйленуге сөз салдым. Ол да қабыл алды ұсынысымды.

Некемізді қиып, бірге тұруды шештік. Ата-аналарымыз да қарсылық білдірмей, баталарын берді. Содан бірге тұра бастадық.

Сол аралықта бірінші әйеліммен арамыздағы мәселелер шешіліп, қатынасымыз түзеліп, ол баламды көрсетуге келісім берді. Бірақ тек бала үшін жолығатынбыз, әйтпесе, онымен қайта қосылу ойымда жоқ. Бірақ соның өзі әйеліме жақпады ғой деймін. Әйтеуір маған қояр талабы, ұнатпайтын нәрселері көбейіп кетті. Үйде жиі ұрыс-керіс болып, берекеміз қашты. Соңғы кездерде бұл оның үйі екенін жиі айта беретінді шығарды.

Намысқа тырысып, мен де өз күшіммен үй сатып алайын деп көлігімді саттым, депозиттегі ақшамды алдым, несие алдым, әйтеуір жеткізіп, екі бөлмеліә пәтер сатып алдым. Бірақ әйелім ол үйге тұрмаймын дегесін оқудағы қарындасым құрбыларымен тұратын болды.

Біздің үйдегі ұрыс-керіс сонда да тоқтамады. Бір жанжалдан соң ашуланып, ауылға кетіп қалдым. Бір аптадай әке-шешемнің үйінде болып, қайтып келдім. Әйелім жұмыста екен, есіктің құлпын ауыстырып тастапты. Телефонмен хабарлассам, «Киімдеріңді лақтырып тастадым. Ажырасуға арыз жаздым. Келме, қалаған жағыңа кете бер» деді.

Көңілім қатты қалды. Қыздармен бірге тұрып жатқан қарындасымның қасына келдім амалсыз. Ол өз үйім ғой, сонда да ыңғайсыз. Жалға берген соң, қыздар да емін-еркін тұрғысы келеді ғой. Бәрі реттелер уақыт өте ақылға келерміз, сағынармыз деп үмітімді үзбеген едім әйелімнен. Бірақ ол нақты шешім қабылдап қойған сияқты.

Солай күйзеліске түстім. Жұмысқа да бармай қойдым. «Екі рет үйленіп, ажырасқан» деген атақтан намыстанып жүрмін."