Грузияның бұрынғы президенті 3,2 миллион доллардан астам қаржыны талан-таражға салды деп айыпталды.
фото: Sputnik / Стрингер
ERNUR.KZ. Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили 9 жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады sputnik.kz.
Оған 3,2 миллион доллардан астам қаржыны талан-таражға салды деген айып тағылды. Үкімді Тбилиси қалалық соты шығарды. Саакашвилидің қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Теймураз Жанашия да кінәлі деп танылды, бірақ ол бар болғаны 3000 лари (1000 доллардан астам) айыппұлмен құтылды.
Саакашвилиге 2014 жылы мемлекет қаржысын жымқырды деген айып тағылған. Бұл іс Грузияда "пиджак ісі" деген атпен белгілі. Айыптаушы тарап Саакашвили президент кезінде мемлекет қаражатын пиджак, пальто сатып алуға, ұлының оқуына, косметикалық процедуралардан өтуге, қымбат көліктер мен ұшақтарды жалға алуға және қол сағат сатып алуға пайдаланғанын айтады.
Саакашвили 2021 жылы 1 қазанда Украинадан оралған соң Грузияда ұсталды.