«Қолының сұғанағы бар абысынымнан шаршадым»: түркістандық келіншек туысынан жапа шегіп жүр

0
4 252

«Келіні емес, күндесі сияқтымын»


«Қолының сұғанағы бар абысынымнан шаршадым»: түркістандық келіншек туысынан жапа шегіп жүр

иллюстрациялық сурет интернеттен алынды

«Тұрмысқа шықпай тұрып «ертең келін болсам, абысындарыммен ерекше тату тұрамын» деп армандайтынмын. Өйткені өзімнің екі жеңгем сондай, бір-бірімен апалы-сіңлідей араласады. Соларға қарап қызығамын», - дейді Сәлима.

Бірақ тұрмысқа шыққанда өзінен үлкен абысыны мұны жақтырмай, қит етсе ұрыс шығарып, шеттетуін тоқтатпапты. Екеуінің арасындағы мәселені Сәлима ERNUR.KZ тілшісіне былай деп түсіндірді:

«Мен келін болып түскенде енем абысыныма салған үлкен ақ орамалды сұрап алып, менің басыма жаба салған екен. Беташар өте салысымен абысыным бөлмеме келіп: «Басыңа салған орамалды маған қайтарып бер, ол менікі» деп зілмен сөйлегенде аң-таң болғанмын. О заманда бұ заман, екі келінге бір орамалды жапқаны несі десеңізші? Амал жоқ, қайтарып бердім. Өзіне тиесіліні алып кетіп бара жатып: «Бұл үйдің тірлігі енді сенің қолыңда, ертерек киіміңді ауыстырып шық та, асханадағы ыдыстарды реттестір!» деп бұйрық беріп кетті. Ә дегеннен оның бұлай сөйлегіне іштей секемденіп қалдым.

Абысыным мені сол бірінші күннен жақтырмады. Менен 4 жыл алдын келін болған, үлкендігі бар, көбінше үндемей, «сіздікі дұрыс» деп құтылатынмын. Енеме талай мәрте шағыстырған. Екеуміздің ,абысын-келін болып емен-жарқын әңгімелескеніміз, шүйіркелесіп шай ішкеніміз есімде жоқ.


Енеміз жұмыс істейді, кешке дейін үйде не болып жатыр, шаруасы жоқ. Кей күндері әдемілеп тамақ істеп, дастарханды жайнатып қойсам, абысыным «мама, бүгін сіздің сүйікті тамағыңызды пісіріп қойдым, ыстықтай жеп алыңызшы» деп дайын асқа ие боп шыға келетін.


«Екі баламның киімін жуа салшы» деп береді, жусам «Кірі ашылмапты, жуғың келмесе айтпайсың ба?» деп ұрыс шығарады. Ондайда іштей «Құдай көріп тұр ғой, білгенін істесін» деп үндемей қоя саламын. Себебі енем бір сөзінде «көп ұзамай абысыныңның еншісін беремін, қайынағаңның жұмысы қалаға ауысады екен» деген. Осы сөзді естігенде қатты қуандым. Ал көшкен кезде тіпті тынысым кеңейіп сала берді.

Бірақ олардың қалада дайын үйі жоқ-тұғын. Сондықтан заттарының біразын әкете алмады. Тек керекті киім-кешек, көрпе-төсектерін алып кетті. Сонысы маған сор болды. Апта сайын ауылға келеді. Кетерінде «мынау менің артымнан келген зат, әкетемін» дейді де үйдегі ыдыстарды, басқа да заттарды әкетеді. Басында шынымен сонікі шығар деп мән бермейтінмін. Сөйтсем кешке енем келіп, «Ойбай-ау, ол затты өзім алғанмын ғой, бізге де керек қой. Нең бар беріп, айлық тауып жатыр, өздері алмай ма?» деп шыр-пыр болады. Бірақ неге екенін білмеймін, енем соны абысыныма өзі айтпайды, оны көрсе жалпылдап кетеді.


Абысынымның үшінші баласы мен менің тұңғышым қатар туылған. Екеуі де қыз. Қалалықтар ауылға қыдырып келсе, абысыным «Сәлима, қызыңның кофтасын бере тұршы, мына қыз үстіне су төгіп алды» дейді де, шкафты ашып, қалағанын қызына кигізіп қояды. Шалбар мен шұлықты да солай ала береді. Қызғанбаймын, кигізе берсін. Бірақ кетерінде тастап кетсе мейлі ғой, бала-шағасының киімдеріне қосып, алып кетеді.


Бір-екі мәрте «жеңеше, кетеріңізде тастап кетіңіз» деп ескерткем, бәлеге қалдым. «Ойпырмай, не болды сонша, бауыр болғасын осылай араласып, бірінікін бірі киіп өспей ме, ішің тар екен сенің» деп бетімді қайтарып тастады.


Абысынымның «концерті» мұнымен бітпейді. Үлкен үй болғасын қонақты көп күтеміз. Жыл сайын ауызашар береміз. Абысыным күн бұрын көмектесуге келеді де, дастарханға деп алған азық-түліктің біразын пакетке тоғыта береді. Ет бар ма, қазы бар ма, басқа да ас-ауқатты бұрыш-бұрышқа тығып қояды.


Онсыз да келген сайын айран-сүтімді құйып, піскен майымды, құртымды салып, құр қол қайтармаймын. Әлі күтпеген қонақтың дастарханын жырымдағаны менің жаныма батады ғой. Енем де жуас қой, «апа, айтсаңызшы» десем, «қоя берші, қалада отыр, ауылдың дастарханы таңсық қой, қайтесің енді» деп жымын білдірмейді.


Шыны керек, осындай тірліктерінен шаршадым. Төрт-бес келіні бар отбасында қарым-қатынас қандай екен деп ойлаймын. Айналдырған екі келін тату емеспіз. Мені келгеннен іш тартып, өзіне жақын тұтпады. Келіні емес, күндесі сияқтымын».


Осылай деп ішіндегі сырын ақтарған Сәлима абысынымен қарым-қатынасты жақсарту үшін көпшіліктен кеңес сұрайды. «Абысын тату болса, ас көп» деген қазақ едік. Абысындар арасында осындай тұрмыстық жағдайлар жиі орын алмауы үшін не істеу керектігін білмей жүр. "Барлығына көз жұмып та қарай беруге келмейді" дейді ол...