​«Құдам қызыма қол жұмсады»: түркістандық әйел осылай деп мұңын шақты

0
6 728

«Құдамызбен жаға ұстасып қалдық...»


​«Құдам қызыма қол жұмсады»: түркістандық әйел осылай деп мұңын шақты

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

«Қазақта «құдаң құрдасыңдай, құдағиың сырласыңдай болсын» деген әдемі тілек бар. Қызыңның барған жері, келініңнің шыққан жері жақсы болса, ата-ана үшін одан асқан бақыт жоқ екен. Осыны мен екі қыз ұзатып, бір келін түсіргенде терең түйсіндім, - дейді Гүлмира ханым. – Баяғыда қыз ұзатып, келін алсам, сосын құдағилармен сырлас болып, бірге қыдырсам деп армандайтынмын. Сөйтсем өмір біз ойлағандай керемет бола бермейді екен...»


Түркістандық Гүлмира ERNUR.KZ тілшісіне осылай деп мұңын шақты.

«Үлкен балам 19 жасқа енді толғанда үйленемін дегенді шығарды. Өзі әлі студент, тауып жатқан табысы жоқ еді. Әкесі екеуміз бірден қарсы болдық. Оған қарайтын бала бар ма, «Болатыны боп қойды, келіндеріңіздің аяғы ауыр, үйленбесем болмайды» деп ішіндегісін жайып салған соң, көнуімізге тура келді. Балам кішкентай кезінде «саған келіншекті өзім тауып, әперем» деп әзілдеуші едім. Өзі тауып, бүлдірерін бүлдіріп қойғанға ма, әлде мұндай жаңалықты күтпегендіктен бе, әлі келмеген келінді онша жақтыра қоймадым. Некесі қиылмай жатып пәктігінен айырылғанына да іштей ренжігенім рас.

Қойшы, сонымен не керек, балам үйге келін әкелді. Хабаршы жіберіп, қуғыншыларды күтіп алып, барлық жоралғыларды жасадық. Құдалықты да көп ұзатпай өткіздік. Бірақ құдағиым маған онша ұнай қоймады. «Бір саусағын ішіне бүгіп қалған» әйел сияқты. Тымырайып, жақтырмаған адамдай ашылып сөйлеспейді. Өзімнің мінезім ашық. Жекжат болғасын соғымға шақырып, бір-бірінің қуанышына ортақтасып, жиі қонақ болғанды ұнататын адаммын.



Ал ол барыс-келіске мүлдем жоқ екен. Орыс мінезді десең, ауылдың-ақ адамы. Тәкәппар, менсінбейді десең, шекесінің шылқып отырғаны шамалы. Аядай ғана үш бөлмелі «времянкада» тұрады. Қысқасы, бұл құдағимен қарым-қатынасымыз мен ойлағандай болмай шықты.


Үлкен қызымды құрбымның әпкесі өзі ұнатып, ұлына әперген. Обалы не керек, ол кісілермен жақсы қарым-қатынастамыз. Бір-бірімізге құрттай қатынап жатамыз. Құдағи екеуміз былтыр жазда Түркияға барып демалып келдік. Мерекелерде сыйлық жасап, барсақ бәйек болып күтіп алады.

Ал енді екінші қызымның жайы мүлдем бөлек. Өзі сүйіп, «осы жігітсіз өмір сүре алмаймын» дегесін, ұзату тойын істеп, артынан дүние-мүлкін үйіп-төгіп апардық. Сөйтсек бұл құдалар да немістің кішкентай кепеханасында тұрады екен. Апарған заттарымызды қоятын жер таппай, жартысын «сіздердің үйлеріңізде тұра тұрсын, үй салып, бітірген соң аламыз» деп қайтарып жіберді. Қызыңның барған жерінің бақуат болғаны да жақсы екен-ау. Ағайынымнан ұялып, жерге кіріп кете жаздадым. Бірақ менің қызым оларға бақ болды. Күйеу балам екеуі сауда істеп, тірнектеп жиған ақшасына үлкен үй салды. Көлікті болды. Бірақ Құдай бір перзенттен қысып қойды.

Міне, биыл сегізінші жылға аяқ басты, немере сүйе алмай жүрміз. Бармаған емшісі, қаралмаған дәрігері қалмады. Екі мәрте түсік тастады. Содан кейін бала көтере алмай қалды. Осы мәселенің кесірінен құдаларымызбен қырғи-қабақ болып кеттік. Құдамыз ішімдікке әуес болып шықты.



Сылқия тойып келген күні қызымызға «Сен тумайтын келінсің, жалғыз баламызды ұрпақсыз қалдыратын болдың» деп намысына тиеді екен. «Бедеу әйел әкелдің, миың жоқ екен» деп баласына да қол жұмсайды. Сондай төбелестің бірінде құдамыз біздің қызға да қол көтеріпті.


Мұны естігесін қалай тыныш отыра аласың, не керек, айтыс-тартыстың соңы екі құданың төбелесіне ұласты.

«Баяғыда сен киітті дұрыс бермегенсің!», «Сен неге менің қызыма бүй дейсің?!», «Қызымды емдетемін десем неге қарсы боласың?!» деп осы уақытқа дейін ішімізге жинап келген реніштеріміз де сыртқа ақтарылып шықты... Шыны керек, тумадық деп қызыма қол жұмсаған соң ашуымды мен де ауыздықтай алмадым. Құдайдың бермегеніне қызым кінәлі емес қой? Оның үстіне, күйеуі болса мейлі кінә артып жатқан, атасының келініне қол жұмсауы сұмдық емес пе?!


Қысқасы, сол ұрыстан соң қызымызды әкетіп қалғанбыз. Бірақ күйеу балам «Мадинасыз өмір сүре алмаймын» деп келе берді. Қызым да «Маған Олжастан басқа ешкім керек емес» деп қоймады. Ақыры екеуі қайта қосылып тынды. Қазір ата-енелерінен бөлек, қалада өмір сүріп жатыр. Осы жағдайдан кейін құдалармен қарым-қатынасымыз шорт үзілді. Өткен-кеткенді мен кешіргеніммен, күйеуімнің өкпесі тарқамай жатыр. «Менің ризашылығымды алмастан, күйеуіне қайта қосылды» деп қызына да ренжулі. Қызымның қайын жұртында болатын жиын-тойға біз бармаймыз, олар да келмейді.


Осы жағдай мені қатты алаңдатады. Әкесінің ақ батасын, разылығын алмаған соң да күйеу баламыз бен қызымыз сәбилі бола алмай жатыр ма деген ой мені қатты мазалайды. Мұны күйеуіме айтып түсіндірдім, «Құда-құдағи алдыма келіп, кешірім сұрасын!» деп отыр. Олар да «Біздің үйімізге келіп, төбелес шығарғаны үшін өздері келіп кешірім сұрасын!» дейтін көрінеді. Екі оттың ортасында қалғандаймын. Құдай мұндайды ешкімнің басына бермесе екен».

Осылай деген ол екі жастың қалыпты өмір сүріп, өз арбаларын сүйреп кетуіне, өз таңдауларына қарсы болмай, жеке жағдайларына араласпаған дұрыс екенін әрбір ата-ана ұғынса деген тілегін де жасырмады. Әсіресе, келін мен атаның арасындағы ата-баба сақтаған қарым-қатынасты ұстану керек деп есептейді ол.