​«Күйеу балаға қараған күнім құрысын»: алматылық кейуана пәтерін сатқанына өкінетінін білдірді

0
2 746

«Сіз бұл үйге қонақсыз, сыйыңызды кетірмей, тыныш жүріңіз» деді ғой»


​«Күйеу балаға қараған күнім құрысын»: алматылық кейуана пәтерін сатқанына өкінетінін білдірді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Дүниеде қартайған адамның үйсіз-күйсіз қалғанынан асқан қасірет жоқ екен. ОСындай күйге түсерімді білсем, өлсем де екі бөлмелі пәтерімді сатпас едім», - дейді Айзада есімді алматылық кейуана.


Қызы мен күйеу баласының қолына көшіп барған қарт кісі ішіндегі өкінішін ERNUR.KZ тілшісіне ақтарып салды.


«Неше жыл дәрігер болып істеген, жоғары білімді адаммын. Күйеуім мықты журналист еді. Бір қыз туған соң екінші мәрте бала сүйе алмадым. Тағдырдың жазуы солай болған шығар, Құдай біреулерге қыз да бермеді ғой деп жолдасым екеуміз бір-бірімізді жұбатып, демеп, өмір сүре бердік. Ол кісі осыдан бес жыл бұрын бақилық болды.


Қызымызға ең жақсыны бердік. Мектепке де үлгерді, өнерге де баулыдық. Озат оқушы боп, қызыл аттестатпен оқуын бітіріп, университетке грантқа түсті. Сол жерде жүріп болашақ күйеуімен танысты. Дипломдарын алғасын құдалар жағы алдымыздан өтіп, қызымызға сырға салды.


Құдалар ауылдың қарапайым адамдары-тұғын. Көп балалы, өсіп-өнген әулет екен, қызым жалғыз еді, енді туыстары көбейді деп қуанғам. Үйлене сала олар қалаға енші алып келді де, пәтер жалдап тұра бастады. Бұл уақта менің шалым өмірден өтіп кеткен. Мен де азанда жұмысқа кетем, кешке келем. Бір күні отырып алып әбден ойландым. «Бұл екеуі тапқандарын тамағы мен пәтеріне жұмсап жүр ғой. Бұлай ете берсе қашан ақша жинап, там алады? Құда-құдағидың көмектесе салатын жағдайы жоқ, оларға бәрібір сияқты. Мен одан да екеуін өз пәтеріме тұрғызайын, ал бұлар ай сайын төлейтін пәтерақыны жинап, там алуға әрекет жасасын» деп шештім.


Ойымды құдағиға айтып ем, қуанып кетті. «Осыны біз де айта алмай жүр едік, ойлағаныңыз жақсы болды» деп құдам қостап, екі күннің ішінде жастар үйіме көшіп келді. Бастапқыда олардың жанымда болғанына қуандым. Бәріміз таңертеңнен кешке дейін жұмыстамыз, бар-жоғымыз білінбейді. Бір жылдан кейін қызымның аяғы ауырлап, өмірге немерем келді. Олар таңнан кешке дейін үйде, немеремді көргенше жұмыстан асығып, ентелеп әзер жетем. Солар жесін, ештеңеден тарықпасын, күйеу балам тапқанын жинасын деп алған айлығыма үйіп-төгіп азық-түлік әкеп қоям. Осылайша бірте-бірте күйеу баламды масылдыққа үйретіп алыппын.


Олар үш балалы болғанша менің үйімнен кетпеді. Кететін ойы да жоқ, күйеу балам қимылдайын демейді. Үш немеремен екі бөлмелі пәтерде тұру мүмкін болмай кетті. Азанда әжетханаға кезек, жуынуға тағы кезек. Шыдай алмай күйеу балама айттым. «Мына жүрісің болмайды, балам. Осы уаққа дейін жинаған ақшаң бар шығар, қала сыртынан болса да арзандау жер іздеп, үй сал. Ағайындарыңды асарға шақыр. Балаларыңның басы өсті, енді өз әрекетіңді жаса» дедім. Содан кейін қозғалды. Екі ай дегенде өзіне ұнаған жерді тауып, іргетасын құйып қойды. Келесі жылы кірпішін көтеріп қойды, оны жабуға тағы ақшасы жоқ. Үшінші жылы шатырын жапты да, «менің ақшам осымен таусылды, ары қарай не істерімді білмеймін» деп отырып алды.


Сосын амал жоқ, әңгімеге тағы өзім араластым. «Балалар-ау, бұлай болмайды, қысылып-қымтырылып отырысымыз мынау. Қашанғы бұлай отырамыз, биылдан қалмай анау үйді бітірейік. Ішінің өзіне қырғын ақша керек, оны түсініп тұрмын. Жүде қиналып жатсаң мына пәтерді сатайық. Қартайғандабәрібір сендердің қолдарыңа барам ғой, менің ұлым да, қызым да сендерсіңдер. Сондықтан осы бастан үйге деген өз үлесімді қосайын. Пәтердің ақшасымен ішін толық бітіріп алайық» деп аузымнан қағындым. Қызым білдірмеді, бірақ күйеу балам қуанып кетті.


Іздегенге – сұраған, дереу сатып алушы да табыла кетті. Екі ай өз пәтерімізде отыра тұруға рұқсат алдық та, бар ақшаны ремонтқа салып жібердік. Обалы не керек, жер үй қанттай боп бітті. Үш ай дегенде толығымен көшіп бардық. Құдалар жағы малын әкеп, Құдайы тамағын жасап, мәз-мейрам болыстық.


Бірақ... күйеу баланың қолына қараған күнің құрысын. Менің үйімде жүргенде дыбысы шықпайтын. Мына үйге келгелі әкіреңдеп, қызыма өктем-өктем сөйлейтін болған. Баяғыдай емес, жұмысынан кеш қайтады. Оған декреттік демалыста отырған қызым ренжіп, араларында жиі кикілжің туады. Бір күні тағы да шыдай алмай күйеу баламды оңаша әңгімеге тарттым. «Балам, жұмыс деген ешқашан бітпейді, қонып істесең де түбіне жете алмайсың, бір ауық отбасыңа көңіл бөліп, әйеліңді қуантып қойсайшы» дедім. Бар айтқаным – осы. «Мама, сіз біздің отбасымыздың мәселесіне араласпаңыз, қонақсыз ба, сыйыңызды кетірмей, жайыңызға отырыңыз» деп күйеу баламнан төбемнен жай түсірді.


Осы үйдің адамымын деп жүрген ақымақ басым қонақ екенімді сонда ұқтым. Кетіп қалайын десем баратын жерім жоқ. Іш дертім ішімде боп, күйіп-пісіп жүрмін. Құда-құдиым келсе алдынан шығып бәйек боп күтіп алам, мен емес, олар қыз берген адамдар сияқты. Төрге шығып отырып алады. Қызыма да рахат, қыдыратын жеріне барып келеді, дайын нянямын. Тамағы дайын, киімдері таза. Сонда да қадірімді білетін емес. Осының бәрі жүйкеме әсер етіп жатыр. Кезінде жанашырлық танытып, шалымнан қалған пәтерді бекер-ақ сатқан екем. Күйеу балаға қараған күнім құрысын...»