«Күйеуім бір жыл бойы жақындамады»: жас келіншек ажырасып кету себебін түсіндірді

0
4 265

​Түркістандық келіншек күйеуінің не үшін жұбайлық қатынасқа тартпағанын айтып берді.


«Күйеуім бір жыл бойы жақындамады»: жас келіншек ажырасып кету себебін түсіндірді

Ерлі-зайыптылардың бірі қыз-жігіт боп жүргенде-ақ төсекке жатып қойған болса, бірі некенің қиылуын күтеді. Үйленгеннен соң қыздың психологиялық тұрғыда дайын болғанын күтетіндер де бар. Ал Хадишаның күйеуі бір жолы бойы жақындамаған. Неге?


Хадиша күйеуінің не үшін ұзақ уақыт тән жақындастығына бармағанын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Мен тұрмысқа кеш шықтым. Нақтырақ айтсам, 29 жасымда босаға аттадым. Оған дейін бірнеше жігітпен сезім жарастырып жүргеніммен, тән жақындастығына барған емеспін.

Жігіттен алданып қалған да, жігітті «алдап» тұрмысқа шыққан да құрбыларым болды. Ал мен күйеуім алғашқым болғанын қаладым. Оның маған дейін қанша қызбен төсектес болғаны маңызды емес, соңғысы мен болсам болғаны.

Иә, оның соңғы махаббаты болуды армандадым. Ол бұрынғы байланыстарын ұмыту үшін мен күйеуіме адал болып баруым керек. Өмірімнің осы бір кезеңі адал басталса, бақытты болатыныма сендім.

Жасым отызға жақындағанда өзім әрекетке көштім. Жігіттер көп баратын ортадан жиі табылуға тырыстым. Нәтиже болды. Күйеуімді фитнесзалдан таптым. Оның есімі – Ақжол.

Сымбаты шымыр, буылтық-буылтық бұлшықеттері, өткір жанары кез келген қызды елітеді. Түрі де келісті, келбетті жігіт. Менімен түйдей құрдас.

Екі ай кездесіп жүрдік. Кейбір жігіттер сияқты алғашқы кездесуде-ақ ерніме сүлікше жабыспады. Оның осы ұстамдылығы да ұнады. Үшінші кездесуде өзім құшақтап, сүйдім. Келесі айда ол жүзік тағып, «Өмірлік жарым бол» деді.

Мен тұрмысқа шыққанда жеңгелерім мен құрбыларым «Отырған қыз орнын табады деген рас екен ғой. Өзіңмен жасты. Көрікті. Қызметі бар. Түу, бәрінен де сымбатын айтсайшы!» деп тамсанды.


Беташар рәсімі өткен күні күйеуім таңға дейін сыныптастарын жібермей, сыра ішті. Ертеңіне кешке тағы да достары келіп, ұзақ отырды. Бір апта қонақ үзілмеді, шаршап төсекке қалай құлағанымды білмей қалатынмын. Келім-кетім аяғы саябырсығанда ғана мен «Неге әлі алғашқы түніміз болмады?» деп ойлана бастадым. Ал күйеуім бұл туралы мүлде ойланбайтын сияқты.

Алғашқы айда күйеуім достарымен қыдырып, таң қылаң бере келіп жүрді. Жуынып, иіссуымды сеуіп көз ілмей күтем. Ал ол келеді де маңдайымнан сүйіп, ұйықтап қалады.

Екінші айда да қалағаным орындалмады. Кейде жұмыстан шаршап келгенін айтып теріс қараса, кейде жай құшақтап қана жатып ұйықтайтын. «Ұлы сөзде ұят жоқ», ер мен әйелдің басы бір жастыққа тигеннен соң олардың жаны мен тәні қосылып, бір-бірімен жараспаса оның несі жұбайлық өмір?

Күйеуім ұялшақ болса, мен батылдау болайын деп оған өзім ыңғай таныттым. Еліту үшін сәнді ішкиімнің небір түрін де сатып алдым. Бәрібір түк шықпады. Осыдан соң "Басқа сүйгені бар-ау?!" деген күдік пайда болды. Әйелдік қасиетіммен еліктіре алмай жүрген болармын деп, өзімді жазғырдым. Бірақ ойымды, күмәнімді ашық айта алмадым.


Бір күні көп ойланып, өзім әрекет жасадым. Оны өзім шешіндірдім. Кіндігінің айналасын, санын ыстық ерніммен сүйе бастап едім, мені шетке итеріп тастады да, теріс қарап жатып алды. Жылап қалдым.

Сол түні «Ұнамасам неге үйлендің? Басқа біреуің болса, неге басында айтпадың? Сүйгеніңді ұмыта алмай жүрсің бе, әлде мен ұмыттыра алмай жатырмын ба? Саған ұнау үшін не істейін, айтсайшы!» деп сан сұрағымды қойып, ұзақ сөйледім. Одан жауап болмады. Бұрылып қарасам, ол ұйықтап қалыпты.

Ертеңіне ауылдағы ағасының үй тұрғызып жатқанын, соған көмектесетінін айтып кетіп қалды. Үш апта ағасының үйіндегі құрылысты желеулетіп келмеді.

Сөйтіп жүргенде балалардың жазғы демалысы басталып, абысынымның балалары ата-әжесіне қыдырып келді. Енді Ақжол бес жасар інісін ортамызға алып жататын болды. Қазір ойланып отырсам, ол жұбайлық міндетін орындамау үшін күнде әйтеуір бір сылтау ойлап тапқан екен ғой.

Кетіп қалайын десем, өзім «кәрі қыз» боп, тұрмысқа кеш шықтым. Оның үстіне «Неге ажырастың?» деген сұраққа не деп жауап бермекпін? Бір жағынан мен оны жақсы көрдім, сүйдім. Сондықтан шыдадым, күттім.


Біреу сенер, біреу сенбес, он ай бойы бір төсекте жатқанымызбен, бізде тән жақындастығы болмады. Оның неліктен маған жақындамайтынын он ай өткен соң бір-ақ білдім. Оған дейін әр түрлі болжам жасадым, өзімді кінәладым. Бірақ себебі мен ойлағаннан мүлде басқа боп шыққанда, бір орыннан қозғала алмай қалдым.


Сол күні ол өлесі мас боп келді. Бұрын-соңды тек мереке, той-томалақта ғана ішетін, бірақ есін жоғалтпаған. Бұл жолы қатты мас. Не айтып, не қойғанын бағамдай алатын халде емес еді.

Сүйеп апарып төсегіне жатқызғанымда ол түрегеп отырды да «Сен мұнда не істеп жүрсің? Кетсейші!» деді. Бір уақытта еңкілдеп жылады. Сосын кешірім сұрады. Қайта-қайта кешірім сұрап, аяғымды құшақтады. Мас адам не істемейді, не демейді, сөздерінің бірін естісем, біріне мән бермедім. Тек оның «Мен белсізбін» дегенінде ғана басымды жастықтан жұлып алдым. Ал ол аяқ жағымда маңдайын сүйеп отырған күйі тілі күрмеліп әлі сөйлеп жатыр.

«Мен төсекке жарамсызбын. Емделіп те, тексеріліп те көргенмін. 29 жасқа дейін емнен үмітті болдым, нәтиже болмады. Сенің өміріңді бүлдіріп үйленбес едім, бірақ достарымның, ағайын-туыстың «белсіз, еркек емес» деген сөзін естуден қорықтым. Ондай аттан «ажырасқан» деген ат тәуір ғой. Боссың, кете бер. Рұқсат. Жұртқа «Арамызда бала болмаған соң ажырастым» деп айтам...».


Бастапқыда оған ашулансам, кейін жаным ашып аяп, құшақтадым. Сол-ақ екен, ол түймелерімді ағытып, қарулы қолдарымен тәнімді сипалап, сүйе бастады. Ауыр денесімен үстіме шыққанда, мен де ыңғайланып оған жаныммен де, тәніммен де жақындай түстім...

Таңға дейін әурелендік. Тәнімді әбден умаждады, бірақ ешнәрсе өнбеді. Оның шынымен де еркектік қуаты жоқ екеніне көзім анық жетті.

Ертеңіне дәріханадан арнайы дәрі сатып алдым. Дәрі де көмектеспеді. Дәрігерге де ертіп бардым. Бала кезде бір психологиялық жағдай болған шығар деп, сөзіммен емдемек те боп әрекеттендім.

Соңғы екі айда мен оның еркектік қуатын оятам деп, күнде түнде уақыт бөлдім. Алайда менің тәнім, оның жаны қиналды. Кейінгі кездері ол «Неге мені мазақ етіп жатырсың?» деп, менің таза көңілімді, шын әрекетімді дұрыс түсінбейтін болды. Мені көрсе кірпіше жиырылып қалатынды шығарды. Ашылып сөйлеспейді де. Тіпті бөлек жататын болды...

Мен бұдан артық онымен бірге өмір сүре алмайтынымды ұқтым. Киім-кешегімді жинастырдым да, төркініме кетіп қалдым. Ата-енем «ұлымды тастап кетті» деп маған ренжулі, ал анам «Жап-жақсы жігіттен не үшін кеттің?» деп ұрсады. Мен оларға, басқаға да шындықты айта алмаймын. Онсыз да жаны қиналып жүрген күйеуімнің еркектік намысы тапталғанын қаламаймын.

Мен ешкімге өкпелемеймін. Тағдырдың жазуы осылай болған шығар. Тек әлі пәк қыз болсам да «келіншек», «қайтып келген» деген атым бар екеніне өкпелімін...»


«Түйме ұрлаған да – ұры, түйе ұрлаған да – ұры». Хадишаның тәніне дақ түспегенімен, атына дақ түскені өкінішті.

(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды)