​«Күйеуім күйдіріп жатыр»: жамбылдық әйел ағасы мен күйеуінің арасына түсуден шаршағанын айтты

0
1 083

«Екеуінің өшпенділігі күн өткен сайын күшейіп келеді»


​«Күйеуім күйдіріп жатыр»: жамбылдық әйел ағасы мен күйеуінің арасына түсуден шаршағанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Алғаның жақсы болса, жарты бақыт», «Жақсы әйел жаман еркекті төрге сүйрейді», «Мықты еркектің артында мықты әйел тұрады» деген сөздер әйелдердің мойнына көп жауапкершілікті артып тастаған ғой. Неге осындай сөздерді еркектерге қарата айтпаған? Мысалы, әйелдің жайнап-жарқырап жүруі, отбасының ұйытқысы болып отыруы тікелей еркекке байланысты ғой. Мен осыны күйеуіме түсіндіре алмай келемін. Ол бізді елге қарабет етті. Ажырасып кете салайын десем балалалар әкелерін жақсы көреді, онсыз ас батпайды», - дейді Майра есімді оқырман.


Жамбылдық көпбалалы ана ағасының досына тұрмысқа шыққанына өкінеді. Ол ERNUR.KZ тілшісіне жағдайды әңгімелеп берді.


«Нұрлыхан екеуміз көп жүрмедік. Бір ауылда тұрған соң бір-бірімізді жақсы танимыз, ағамның сыныптасы. Әке-шешесін де жиі көріп тұрам. Одан басқа не керек. «Мен туралы бәрін білесің ғой, үйленейікші» деп сөз салғанда көп ойланбай келісімімді бердім. Онсыз да оқуға түсе алмай, ауылдағы дүкенде сатушы боп істеп жүрмін. Одан да күйеуге тигенім дұрыс шығар деп шештім.


Сөйтіп Нұрлыхан мені достарымен алып қашты. Өз келісіміммен барып, басыма орамал салдырып, отырып алдым. Барған жерім менің үйіме кешірімге адам жіберді. Сол кезде менің ағам ұрыс шығарып, «қарындасымды ол сүмелекке беріп қоймаймын» деп ешкімге қарамай артымнан қуып келген. «Есің дұрыс па, мынадан басқа адам таппай қалдың ба?! Түс алдыма, кеттік үйге» деп қолымнан сүйрелеп, көпшіліктің көзінше күйеуім екеуі төбелесуге шақ қалған. «Мен өзім келдім, осы жерден ешқайда кетпеймін» деп мен де айтқанымнан қайтпай, сол босағада қалып қойдым.


Ол кезде ағамның айқайын «қарындасы болғасын қызғанып жатыр» деп ойлағам. Міне, қазір біздің отау құрғанымызға он жылдан асып қалды. Ағам мен күйеуім бір-бірін көрсе, мысық пен тышқандай тыржиып, сөзбен «шымшып» сөйлеп дастарханның берекесін кетіреді. Ағаммен қанша рет жеке сөйлестім, бәрібір ағамның бойындағы жалған намыс па, әлде пасық бір жігіттік серт пе, әйтеуір менің күйеуімді адам екен деп менсінбейді.


«Нұрлыхан, Сағын саған не үшін қырын қарайды?!» деп талай мәрте сұрадым. Басында ашып айтпайтын. Кейін араларында болған жағдайды айтып, сұрағыма жауабын берді. «Менің жолдасым маған үйленбей тұрып менің ағаммен араласқан екен. Екеуі талай мәрте қыздарға барған. Соңында бір қызға екеуі бірдей ғашық боп, бет көрместей төбелесіп, аралары суып кеткен.


Бұл жағдай уақыт өте келе реттелер, ағам да үйленіп, балалы-шағалы болғасын ренішін ұмытар деп ойлағам. Бірақ жағдай жылдан-жылға шиеленісіп кетті. Оған менің күйеуімнің сұғанақтығы да бір себеп болып отыр. Барған жерім бақуат тұрады деп айта алмаймын, қарапайым отбасы. Атамыз мектепте қарауыл, енем сол мектептің еденін жуатын. Менің ағам соны күйеуімнің бетіне баса берді. «Сіңірі шыққан кедей күйеуді тауып алып, енді жетісіп жүрсің бе? Жиендеріме жөні түзу тамақ алып бер» деп барған сайын күйеуімнің көзінше маған ақша беріп, оның соңы екеуміздің ұрысымызға ұласатын.


Бірте-бірте күйеуім «Мен қалайда байып, ағаңның көзіне мұнысын шұқып көрсетемін» деп айта беретін. Ол тез байып кетуді көздеді. Қалада жұмыс істеп, екі-үш күнде бір келетін. Ағасының үйінде жатады. Біраз уақытта абысыным «Мырзағаның мінезі де, тірлігі де өзгеріп кетті. Ұтысқа ақша тігіп жүрген сияқты, киімдерін жуайын десем қалтасынан букмекерлік кеңсенің түбіртектері шықты. Өзің ақырын байқап көрші» деп ескертті.


Ол осылайша тез байып кетем деп ойлаған екен. «Қой, ол саған береке болмайды» деп талай мәрте айттым. Ақырында абысынымның алтындарын ұрлап, екінші ол үйге қадам баспастай болды. «Өзім түгелдеп беремін» деп абысынымнан кешірім сұрап, өкпесін әрең жаздық. Бала тууға байланысты түскен жөргекпұлдың ақшасын абысыныма ұстатып, қатулы қабағын әрең аштық.


Содан бері күйеуім күйдіріп отыр. Көрінген жерден ақша ұрлайды, көрші-қолаң, дос-жаранмен араласпай кеткенбіз. Ұры екенін жақсы біледі, сол себепті құрдастардың отырысына бізді шақырмайды. Күйеуім әдетін қояр емес, бір тиын тапса қарғыс атқыр бәлеге апарып тығады. Ұтпай қалған күндері ішіп алып жылайды. «Мен сені бақытты ете алмадым, кешірші, сенің шалқып өмір сүргеніңді қалап едім, ағаңа таба болдың» деп аяғыма жығылады. Оның мұндай халін көре тұра не айта алам? Кейде жыным келеді, кейде жаным ашып, қосыла жылаймын.


Өткен жолы ағам екі баласына сүндет той жасады. Үйім жақын болғасын екі күн бұрын барып, жеңгеме көмек көрсеттім. Той біткен соң күйеуім мас болып, аяғынан тұра алмай қалды. Үйге әрең сүйреп, әкеліп жатқызғанмын. Өзім де екі күн қызмет етіп, шаршап, түк білмей ұйықтап кетіппін. Үйде үлкен шу боп, соның даусынан шошып ояндым. Түк түсінбеймін, ауылдың учаскелік инспекторы, қасында менің ағам отыр. «Күйеуің қайда, шықсын бері» деп зіркілдейді. «Ол бөлмеде, ұйықтап жатыр» деп қоям, ұйқысырап жүріп оның бар-жоғын да қарамаппын. Сөйтсем Нұрлыхан түн ортасында тұрып, ағамның үйіне ұрлыққа түсіпті. Тойға түскен ақшаны ұрлап кеткен. Оны таң қылаң бере пойыздан түсіп, үйіне келе жатқан көрші аға байқап қалыпты. «Үйге ұры түсті» деп ағам байбалам салғанда «Дәу де болса Майра қарындастың күйеуі алды, осы жақта жүрген» деп айтып беріпті.


Ақшаны алған бойда күйеуім қалаға тартып кеткен. Іздеп, сұрастырып жүріп тауып алдық. Ағам екеуі оңбай төбелесті. Ақшаны түгелімен ұтысқа тігіп жіберген. Бір тиыны қалмапты. «Мынауыңды сотқа берем» деп ағам өршеленіп, күйеуімді әбден сабап алды. «Орнына қойып береді, соттата көрме» деп араша түстім. Бірақ ағам бұл жолы қатты кетті. «Мынамен ажырасып, менің үйіме көшіп келесің, болмаса соттатам да, сені де көрмей кетем» деп шарт қойды. Қайтсін енді, ол да миллиондаған ақшасынан айырылғанына күйіп кеткен ғой. Айтқанынан қайтар емес, «Ажырас! Мынауың ертең сені де, балаларды да ақшаға сатып жібереді» деп күнде миымды жеп жүр.


Күйеуімнің ауылға келетін беті жоқ, «құрылыста істеп жатырмын» деп қалада жатыр. Ал ата-енеме бәрібір, «қайтеміз енді, өзін тусақ та мінезін тумадық, құда бала соттата ма, оттата ма, өзі білсін» деп отыр. Шынымды айтсам, мен де шаршап кеттім. Осы мәселені желеулетіп ажырасып кетейін бе? Олай етсем ауылда қалай жүремін, ол бәрібір маған тыныштық бермейтін сияқты. Бір бала болса мейлі, төрт баламмен төркініме сыям ба? Сіздер менің орнымна болсаңыздар не істер едіңіздер, кеңестеріңіз керек».