«Күйеуімді анам жұртқа көрсетуге ұялған еді»: тараздық келіншек қиын шағын есіне алды

0
6 372

​Ол «Жұрт не дейді?» дегенше «Аллаһ не дейді?» деп те ойлайықшы" дейді.


«Күйеуімді анам жұртқа көрсетуге ұялған еді»: тараздық келіншек қиын шағын есіне алды

Фото: nastroy.net

Қыз тұрмысқа шығарда апа-жеңгелер «Ең алдымен адамгершілігі болсын. Түрі маймылдан сәл-ақ әдемі болса жетеді...» деп ақыл айтады. Бірақ өз қызына келгенде осы ақылын ұмытып кететіндер көп. Солай ма?

«Қызының бақытын емес, ағайын-туыс алдындағы абыройын ойлайтын ата-аналар бар» дейді тараздық Ұлдана есімді келіншек. Оның жігітін анасы мен әпкесі менсінбепті. Тіпті араласпай да қойған екен...



Мұңайтқан, жылатқан сол бір жылдары туралы ол ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Жалпы адам баласының негізгі көксегені, іздегені – бақыт қой. Оны кімнен, қайдан табады, алады өзі біледі. Бастысы, нәтиже, процесс емес. Демек, бастысы бақытты болу.

Мен де осымен бақытты боламын-ау деген үмітпен өз таңдауымды жасадым. Бірақ таңдауым әке-шешеме, бауырларыма ұнамады. Ең жаманы осы екен. Олар мықты болса, неге өздері сол маған айтқандай жігіттің жары болмады?

Онымен анам немесе әпкем, я болмаса жұрт бірге тұрмайды ғой. Өзіме ыңғайлы болса, тіл табысып өмір сүрсе болды емес пе?!

Көп ортасына адам жұртқа ұнайтын киім киіп барар, бірақ көп уақытын өткізетін үйінде өзіне ыңғайлы, еш жерін қыспайтын, кең киім киеді. Меніңше, жар, өмірлік серік сондай болу керек.

Күйеуімнің мінезі жайлы, кеңпейіл, салмақты. Ол көрінгеннен себепсіз қызғана бермейді. Құрбыларыммен кездесуге, ұжымның отырыстарына жалғыз өзімді жібереді. Өйткені түсінігі мол, сенеді. Күнімен балаларға менің қарағанымды ескеріп, түнде ұлымыз немесе қызымыз «су ішем», «кәк қылам» десе, оған бола мені оятпайды. Өзі тосады, суын әкеп береді. Кейде түнде оянып кетсем, күйеуім балалардың үстіне көрпесін жауып жатады. Қамқор әке.

Той-томалақтарда ғана аздап шарап ішеді. Бірақ ешқашан есін жоғалтып ішкен емес, өз мөлшерін біледі. Шарап ішкен күні үндемей кеп ұйықтап қалады. Былапыт сөз айтпайды, өткен-кеткенді еске салып мыжыңдамайды. Ең бастысы, ол отбасын бірінші орынға қояды. Отбасына берілген жан. Балажан. Мені қатты сүйеді.

Тіл табысып, түсінісіп, ұрыс-керіссіз, бір-біріңді махаббатқа, мейірімге бөлеп өмір сүргеннен артық бақыт жоқ. Өкінішке орай, кейбір ата-аналар осыны түсіне бермейді.

Менің анам да алғашқыда «Не әжептеуір қызметі жоқ, не түрі жоқ. Ап-арық, қара жігіт. Көзәйнек тағады. Жұртқа күйеу балам деп қалай көрсетем?» деген еді. Бұл ағайын-туысқа мақтанып көрсететін зат, бұйым емес қой. Бұл – адам, ал адам мінезімен көрікті, адами қасиеттерімен сыйлы болады.

Анам мен бауырларым менің күйеуімді менсінбеді, дұрысы қабылдай алмады. Ағайын-туыстың тойларына шақыруға ұялды. Адам құрлы санамады десем де болады.

Асықтың дейтіндей, мен ерте тұрмысқа шыққан жоқпын. Жасым 30-ға жақындағанда босаға аттадым. Оған дейін екі рет анам мен әпкем мені барған жерімнен әкеп қойған. Әрине бүлінген ештеңе жоқ, тек мен үшін ол жағдайлар психологиялық тұрғыда ауырлық болды.

Қашанғы «жұрт не дейді?» деп жүре беруім керек? «Ертең о дүниеге барғанымда құдай не дейді?» деген сұрақты да ойлау керек шығар. Алайда кейбіреулер мәңгі жер бетінде өмір сүретіндей, тек «жұрт не дейді?», «жұрттан ұят» деп өмір сүруде. Ал мен әйел боп жаратылған соң, өз миссиямды да атқаруым керек. Әйелдің ең бірінші миссиясы – ұрпақ жалғастыру емес пе?!

Арғы дүниеде бәрі сұралады, судың да сұрауы бар. Ал туу жасы шектеулі. Бірақ бұл жағын анам мен әпкем ойламады. Бұл таңдауыма да қарсы болды.

Арада уақыт зырлап өтіп жатты. Құдай өзім армандағандай, бір ұл, бір қыз берді. Күйеуім 7-8 жыл қара жұмыс істеп қор жинады, кейін кәсіп бастады. Қара жұмысты тастаған соң ағарып әдемілене түсті. Табысы көбейген соң, көзіне операция жасатты. Көзәйнекті тастап, оны линзаға ауыстырды.

Әйел неғұрлым арық болған сайын сұлуланса, еркек керісінше сәл толықсығанда көркіне көрік қосылады. Анам айтпақшы тыриған қара жігітім он жылда 10 кг-дай салмақ қосып, өзгерді.

Қазір баспанамыз бар. Күйеуім астына көлік мінді. Жағдайымыз жақсарған соң ба, әлде күйеуім сұлуланып кеткен соң ба, анам да, басқалар да бізді еш жерден қалдырмай шақырады. Төрге оздырып, асты-үстімізге түсіп күтеді. Бармай қалсақ ренжиді. Бізді жұртқа көрсетуге ұялмайтын бопты. Таң қалам.

Қарым-қатынастың өзгеруіне не себеп? Расында да, олар адамның жағдайына, түріне қарап араласып, сыйласа ма? Әлде күйеуімнің адами қасиеттеріне әбден көз жеткізіп, оның нағыз азамат екенін мойындады ма? Осы сұрақтарыма жауап таппай жүрмін. Өмір қызық-ә!»


Осылай деп сырын ашқан Ұлдана күйеуіңді ата-анаң, бауырларың ұнатпағанынан ауыр азап жоқ екенін айтады.



Ұқсас оқиғалар:


«Таңдаған ТАЗҒА ЖОЛЫҚПАЙДЫ!»: Шымкенттік келіншек бірнеше жігітпен жүріп барып тұрмысқа шығуды ұсынды

«Бір ұлым күйеуімнен емес»: Алты балалы әйел шынын айтты